«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Химия зауыттары бізге не берді?

Химия зауыттары бізге не берді?
Автор
ЖАМБЫЛ ӨЛКЕСІ ӘЛЕМГЕ ЖОҒАРЫ САПАЛЫ ФОСФОР ӨНДІРУМЕН ТАНЫМАЛ. БҮГІНДЕ «ҚАЗФОСФАТ» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІ ФОСФАТТАР ШЫҒАРУДАН БАСТАП, ОНЫҢ ТАСЫМАЛЫН ӨЗІ ҰЙЫМДАСТЫРЫП, ӨНІМДЕРІН ШЫҒЫС ЖӘНЕ БАТЫС ЕУРОПАҒА, ТМД ЕЛДЕРІНЕ, ҚЫТАЙ, АҚШ ПЕН ҮНДІСТАН НАРЫҒЫНА ШЫҒАРЫП КЕЛЕДІ. БІР СӨЗБЕН АЙТҚАНДА, СЕРІКТЕСТІК ТМД ЕЛДЕРІ АРАСЫНДА ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДА ФОСФОРЛЫ ӨНІМДЕР ӨНДІРЕТІН ЖЕТЕКШІ КӘСІПОРЫН БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. ОСЫЛАЙША ОЛ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХИМИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУҒА, ӘЛЕМДІК НАРЫҚТА БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ САПАЛЫ ӨНІМ ШЫҒАРУҒА, ШИКІЗАТ ӨҢДЕУШІ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТАУАРЛАР ӨТКЕРУШІ РЕТІНДЕ ҚАЛЫПТАСУДА.

Жамбыл жерінде химия зауыты қалай салынды, енді соған тоқталсам. Бұл облыстың құрылуымен тікелей байланысты. Дәлірек айтсам, 1939 жылдың соңына таман шаңырақ көтерген облыстың алдында қыруар міндет күтіп тұрды. Сол тұста орыс ғалымы, геолог И.Машкара Қаратауда әлемдегі ең ірі фосфор кенінің бар екендігін анықтаса, П.Л.Безруков Қаратау жоталарының 45 жерінен қоры 1,5 миллиард тонна болатын фосфор кенін барлап, толық сараптамасын шығарғаннан кейін мол байлықты игеру туралы шешім қабылданыпты. Сөйтіп, химия өндірісінің дамуы Жамбыл өңірінің экономикасының дамуына сеп болды. Химия кен орындары негізінен Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан.

1944 жылы сәуірде Қаратау тау-кен комбинаты құрылысы басталып, 1946 жылы алғашқы кезең іске қосылды. Ал келесі жылы алғашқы өнім алынды. Осы сәттен бастап облыс ірі химия өндірісінің орталығына айналды. Жалпы зауыт өз тарихында бірнеше өнім түрлерін шығарып келеді. Мәселен, 1962 жылы Кеңестер одағы бойынша алғаш рет ұнтақ түріндегі аммафос тыңайтқышы алына бастаса, 1965 жылы сульфакөмір цехы салынып, энергетика өнеркәсібінде суды жұмсарту үшін қолданылатын жаңа өнім шығару жолға қойылды.

Ал 1966, 1972-75 жылдары үш цех іске қосылып, жаһандық деңгейде жаңа әдіспен Қаратау фосфориті шикізатынан ауыл шаруашылығы мақсатында мал шаруашылығында жемге салынатын азықтық фосфат алыныпты. 1973 жылы аммофос тыңайтқышы цехына түйіршіктеуші жабдықтар орнатылып, қайта жаңғыртылған екен. Зауыттағы күкірт қышқылы цехы 1979-1980 жылдары польшалық кешенді құрал жабдықтармен жарақтандырылып қайтадан іске қосылып, 1993 жылға дейін жұмыс істеген. Ал тоқсаныншы жылдардағы нарық заманының талабына орай, 2001 жылы суперфосфат зауыты «Минералды тыңайтқыштар Тараз филиалы» аталып, «Қазфосфат» ЖШС нің құрамына кірді.

«Қазфосфат» компаниясында кезінде тоқтап қалған зауытты қайта жандандырудың экономикалық-техникалық мүмкіндіктері сарапқа салынып, тыңғылықты қарастырылған. Осылайша, оның жұмысын ішкі және сыртқы нарық сұранысын қанағаттандыратындай жаңа бағытта жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды. Ал енді 1968 жылы еңсе көтеріп, жұмыс істеген уақытта жеті жарым мыңнан астам адам еңбек еткен, кезінде Жамбыл «Химия өнеркәсібі өндірістік бірлестігі» аталған қосарлы зауытқа тоқталсақ, ол да жұмыс істеп тұрған сәтте облысымызға қыруар пайда түсірген болатын. Ал тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманында қолдан-қолға өткен айтулы зауыттың жұмысы тұралап тоқтап қалған еді.

Облысымыздағы химия өндірісі 1947 жылдың 6 ақпанында Қаратау кен-химия комбинатының бірінші кезең пайдалануға берілген сәттен бастау алғанын жоғарыда жаздық. Ұзақ жыл материалдық-техникалық базасын жетілдіру ісінде ірілі-ұсақты кедергілерге тап болып, комбинат құрылысы үш кезеңге созылған. Яғни, Ақсай кеніші 1962 жылы игеріле бастаса, 1963 жылы Қаратау кен байыту фабрикасы іске қосылыпты. Ал 1968 жылы 28 желтоқсанда Ленин комсомолы атындағы Қоссуперфосфот зауыты пайдалануға берілсе, зауыттағы алғашқы өнім 1969 жылдың мамыр айында шыққан.

Арада 10 жыл өткен соң мұнда Жаңа Жамбыл фосфор зауыты құрылады. Өз кезегінде бұл кәсіпорын әлем тарихында тұңғыш рет агломераттан сары фосфор өндірді. Жамбыл облысының химия өнеркәсібінің отаны ретінде танылуы өңір экономикасына зор әсер етіп қана қоймай қала мәдениетінің дамуының, әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің көптеп бой көтеруіне де ықпал етті. Осының аясында Тараз қаласы ғана емес, осыдан 50 жыл бұрын іргетасы қаланған Жаңатас пен Қаратау қалалары дәл осы өндіріс ошақтарында жұмысқа тартылған жұмысшыларға арналып салынған еді. Одан кейінгі бұл өндіріс ошағы тәуелсіздіктің елең-алаңында қиын кезеңдерді бастан өткеріп, жабылып қалу қаупін де бастан өткерді.

1999 жылы «Қазфосфат» ЖШС құрылып, зауыт тамырына қайта қан жүгірді.

Қазір Жамбыл өлкесі әлемге жоғары сапалы фосфор өндірумен танымал. Бүгінгі күні «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өнімдерін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытай, АҚШ пен Үндістан нарығына шығарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік ТМД елдері арасында және Қазақстанда фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші кәсіпорын болып табылады.

Саланы дамыту мақсатында 1970 жылы жаңа жабдықтармен жабдықталған тағы бір зауыт салу жоспарланған. Оның жобасына химия өнеркәсібі негізіндегі Ленинград ғылыми зерттеу және жобалау институты бас болып, жаңа үлгідегі Жаңа Жамбыл фосфор зауытының құрылысы да көп ұзамай бой көтерген. ЖЖФЗ жаңа зауыт болса да кезінде мыңдаған жұмысшылары ақысыз демалысқа жіберіліп, дағдарыс қиындықтарын бастан кешірді.

Жалпы Жаңа Жамбыл фосфор зауыты «Қазфосфат» ЖШС-ның құрамына кіретін ең ірі филиалы, сары фосфор мен құрамында фосфоры бар өнімдер: термиялық ортофосфор қышқылын, натрий үшполифосфатын, натрий гексаметафосфатын, феррофосфор, түйіршіктелген қож шығаратын химиялық зауыт. Зауыт Тараз қаласының шекарасынан солтүстік-батысқа қарай 15 километр қашықтықта «Кіші Қаратау» жотасының Үлкен Бурыл сілемінің терістік етегіне орналасқан.

Зауыттың жалпы аумағы – 644,75 гектар. Зауыт өндірісі үздіксіз жұмыс істейді. Енді, міне, аталмыш зауыт қазіргі таңда әлемнің отызға жуық елдерінің сұранысына ие түрлі өнім түрлерін шығарушы «Қазфосфат» компаниясының ең негізгі филиалына айналып отыр. Компания филиалдарында ең алдымен жұмысшылардың қауіпсіздігіне, зауыт айналасын көріктендіруге баса назар аударылған. Мәселен, Жаңа Жамбыл фосфор зауыты аумағының көгалдандырылған бөлігі 30 гектар аумақты алып жатса, санитарлық күтімдегі аумағының көлемі 56 гектардан асады. Міне, осы бағыттағы істердің жылдан-жылға қанаты жайылып, табиғи-экологиялық «сүзгі» кеңістігі ұлғаюда.

Мұнда жылда көктемнің келуімен жер өңдеу, ағаш отырғызу жұмыстары басталады. Негізінен жеміс және қара ағаш көшеттері отырғызылады. Атап айтар болсақ, 2020 жылы зауыт төңірегінен бау-бақшаға арналып дайындалған бір гектардай аумаққа 300 түп алма, алмұрт, қара өрік, сары өрік және шие көшеттері отырғызылса, санитарлық аймаққа 2600 түп қара ағаш көшеттері орналастырылды.

Филиалдағы әрбір цехтың өз жер телімдері болғанымен жұмыстардың басым бөлігі №25-ші тұрмыстық шаруашылық цехының еншісінде. Бұл цех зауыттықтардың арнайы жұмыс киімдерін жуып-тазалап, қалпына келтіру, тазалық бөлімшелері мен жалпызауыттық аграрлық жұмыстарға жауапты. Құрылымы шағын болса да зауыт аумағындағы көгеріштендіру және абаттандыру жұмыстарын осы цех қызметкерлері атқарады. Атқарылатын осындай іс-шаралар «Қазфосфаттың» барлық филиалдарына тән. Компанияда салауаттылық, сауықтыру және мәдени іс-шараларға жақсы көңіл бөлінген.

Қазіргі «Тараз» футбол командасы бұрын «Химик» футбол командасы атанып, Жамбыл «Химпром» өндірістік бірлестігінің қамқорлығында болған еді. Химияшылар арасында әнші-бишілер тобы, музыкалық ансамблі, көңілді тапқырлар клубының мүшелері, тағы да басқа белсенді көркемөнерпаздар жетерлік. Сонымен қатар компания қызметкерлерінен құрылған өнерлі жастар облыстық, республикалық өнер сайыстарынан да жақсы нәтижемен көрініп жүр. Сондай-ақ «Қазфосфат» ЖШС-нің шағын футбол командасы аудан, облыс қана емес республика көлемінде де талай жүлделер мен кубоктарды иеленгенін атап өткен жөн. Жалпы серіктестікте қызметкерлердің басқа да спорт түрлерімен айналысуы үшін арнайы кешен де салынған. Химия зауыттарының арқасында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды.

Фосфор өнімдерінің өткерілуінен түскен қаражатқа қазіргі Химияшылар кенті (Химпоселка) және сол маңнан перзентхана мен бірнеше бөлімшелері бар аурухана ғимараттары және қазіргі қалалық мәдениет үйі соғылды. Тараздағы орталық стадион, қазіргі «Баласағұн» мәдениет сарайы, бірқатар шағынаудандар, қала маңындағы бүгінде «Бөбек» балалар шипажайы, Тұрар Рысқұлов және Қаратау қаласы маңындағы «Көктал» шипажайлары мен облыс көлемінде бірнеше лагерьлер, ең ақыры әуежай да салынды. Химия өндірісі тек салық төлеумен облыс экономикасының дамуына ғана емес, облыс орталығының көркеюіне осылай үлес қосты. Осы орайда, сол кеңестік одақ кезінде өңіріміздегі химия өнеркәсібін өрге сүйреген білікті басшылар – Мұқан Атабаев пен Темірбек Тұйғынбековтердің есімдері мен ерен еңбектерін ескерусіз қалдырмаған ләзім. Әрине, химиялық қасиеттеріне келсек, фосфор қауіпті және тез жанғыш зат. Ал қоршаған ортаға беретін зияны жайлы айтсақ, зауытта жобаға сәйкес экологияны қорғау іс-шаралары жасалған.

Айта кетсек, мұржаға шығатын түтін тазалаудан өтеді, одан кейін мұржаның биіктігіне байланысты түтін атмосфераның жоғарғы қабатында шоғырлануын жоғалтып, адамға және табиғатқа айтарлықтай зиян келтірмейді. Экологияны қорғау мақсатындағы жұмыстар үнемі жүргізіліп, дамытылып келеді.

 

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар