
Балалардың терезеден құлауы тыйылмай тұр
Өкінішке қарай, елімізде балалар жарақаттың көбін дәл осы терезеден құлап алады екен. Мамандардың айтуынша, бұған ең алдымен ата аналардың салғырттығы себеп. Құтқарушылар болса, мұндай төтенше жағдайлар жыл сайын көбеймесе, азаймай отырғанын айтып дабыл қағуда. Жоғарыда айтылғандай, республика көлемінде өткен бес айда 60 бүлдіршін биіктен құлаған. Осы «кеселдің» кесірінен 5 бала бақилық болса, 55-і ауыр халде ауруханаға жатқызылды.
Ал облыс аумағында бүгінге дейін тіркелген 7 терезеден құлау оқиғасында екі жастан он жеті жасқа дейінгі 6 бала жарақат алып, 1 бала қаза болды. Облыстағы балалардың терезеден құлау оқиғасының 3-еуі Тараз қаласында, тағы 3-еуі Жаңатас қаласында орын алса, бір оқиға Жамбыл ауданында тіркелді. Айта кетсек, жылдың алғашқы оқыс оқиғасы қаңтар айының басында Тараз қаласындағы 15-ші шағынауданда орын алған.
Ал наурызда Жамбыл ауданының Бектөбе ауылында 4 жастағы бүлдіршін терезенің москит торымен бірге үйдің екінші қабатынан құлап кетсе, Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласында 7 жастағы бала да екінші қабаттағы терезеден абайсызда құлаған. Өкінішке қарай, бұдан кейін Жаңатаста тағы осындай екі оқыс оқиғаға жол берілген. 11 сәуірде 4 жастағы балақайдың, ал келесі айда 6-шы шағынауданда орналасқан үйдің екінші қабатынан бір баланың құлап кеткені тіркеліп отыр.
Өткен айдың басында облыс орталығының «Қарасу» шағынауданында үлкендердің жауапсыздығынан орын алған оқиға қайғылы аяқталды, үйдің үшінші қабатынан құлап кеткен 1 жастағы бүлдіршін қаза болды. Таяуда ғана Тараз қаласында 2021 жылы туған бала 5-қабаттың терезесінен құлап кетіп, ажал құша жаздаған. Бұл кезде бала үйде ата-анасының қарауынсыз қалған көрінеді. Жалпы бір мамыр айының өзінде өңірімізде осындай 3 оқыс оқиғаның тіркелуі әлі де балалардың терезеден құлау оқиғасының азаймай отырғанын көрсетті.
Жоғарыда айтылғандай, бәріне ортақ негізгі себеп – үлкендердің балаларды қараусыз қалдыруы! Балалардың терезеден құлауы күнделікті өмірде олардың жарақаттануы мен өлімінің негізгі себептерінің бірі болып қалуда. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, былтыр облыста балалардың терезеден құлауының 10 жағдайы тіркелген. Оның салдарынан 18 жасқа дейінгі 1 бала қайтыс болып, қалған 9 жасөспірім аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған.
«Бұл жағдайда ең үлкен қауіп – осы кезеңде заманауи терезелерге орнатылған москит торлары бар ашық терезелер болып табылады. Осыған орай, департамент қызметкерлері көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс есіктеріне ақпараттық жадынамалар ілуде және әлеуметтік желілерде ақпараттық сипаттағы материалдар жариялап, «Дәрмен» мобильді қосымшасында ата-аналарға арналған ұсынымдар орналастырды. Биыл балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу мақсатында, жергілікті атқарушы органдарға жоғарғы қабаттарда тұратын халықтың әлеуметтік осал топтарының (көпбалалы отбасылардың) терезелеріне бұғаттау құрылғысын орнату қажеттігі туралы ұсыныс хаттар да жолдадық. Осындай жұмыстарға қарамастан, қайғылы жағдайларды айналып өте алмай отырмыз. Бұл жерде ата-аналардың жауапкершілігі үлкен рөл атқаратынын ұмытпау керек, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков.
Әрбір баланың өмірі маңызды!
Балалардың қауіпсіздігі ел басшыларының назарынан да тыс қалып отырған жоқ. Осы маңызды мәселе өткен айда Үкімет отырысында арнайы қаралды. Жиында балалардың терезеден құлау оқиғаларының азаймай отырғаны сөз болып, тиісті шаралар қабылданды. Жылы мезгілдің басталуымен, сондай-ақ жазғы мектеп демалысы кезінде осындай оқиғалар саны артатыны себепті қазақстандықтарға үндеу жасаған Төтенше жағдайлар министрлігі де балалардың терезеден құлау жағдайына байланысты алаңдаушылық білдірді.
Ведомство мәліметінше, былтыр елімізде осындай 196 оқиға тіркелген. Әдетте тәуекел аймағында – ересектердің қарауынсыз қалған 2 жастан 13 жасқа дейінгі балалар. Бүгінде министрдің тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Құтқарушылар ата-аналармен кездесу кезінде және балалар мекемелерінде рейдтер, профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Осылайша министрлік барлық ата-аналар мен балалардың заңды өкілдерін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақыруда. Әзірге нәтиже көңіл көншітерліктей емес.
«Бар ойы далада болған баланың сақтығын әлбетте ата-анасы ескеруі тиіс. Біз үшін әрбір өмір маңызды», – дейді ведомство өкілдері.
Қайғылы оқиғаның алдын алуға болады
Шыны керек, жаз айларында балалардың жол апатына ұшырауы, суға батып кетуі, терезеден құлап мерт болуы, оған қоса астан улану жағдайлары жиілеп кетеді. Әр баланың қазасы – орны толмайтын өкініш. Қаралы мәліметтерді қарап, жағаңды ұстайсың. Осы үрейіңді ұшыратын цифрлардың астарында баланың тағдырына деген жауапсыздық, немқұрайлылық және салғырттық жатқанын байқайсың. Балаға ата-анасы қарамағанда, кім қарауы керек? Мәселен, баланың терезеден құлауына кім кінәлі десек, мұндай қайғылы оқиғалардың артында ата-ананың абайсыздығы жатыр. Ал балаларға қамқор болуға тиіс ата-аналардың жауапкершілігі қайда? Балалардың өмірі мен денсаулығы ересектерге жүктеледі емес пе?
Алланың алдындағы аманаты – ішінен шыққан баласының амандығына үйде де, түзде де алдымен ата анасы жауапты ғой. Бұл жерде бар кінәні терезеге таңудың реті жоқ. Иә, қазіргі терезелер адам өміріне ыңғайлы етіп жасалғанымен, балалардың қауіпсіздігі ескерілмеген.
«Бұрынғы үйлерде терезелердің тек жоғары бөлігі ғана желдеткіш ретінде ашылатын еді ғой. Ал қазіргі пластикалық терезелерді ашуға күш те қажет емес. Сондықтан ата-аналар тек жоғары жағы ашылатын терезе орнатып, бала аша алмайтындай құрылғылармен жабдықтағаны жөн-ау», – дейді тараздық көпбалалы ана Айша Темірбекқызы. Балалар психологы Зура Сазаеваның пікірінше, балалардың терезеден құлап, жарақат алуының жиілеуі елдегі балабақша тапшылығы мәселесін де көрсетіп отыр. «Еліміздің көп өңірлерінде балабақша жетпейді немесе бағасы қымбат. Үйінде екі-үш баласы бар ата-ана әрқайсысы үшін төлем жасап, балабақшаға бере алмайды. Сондықтан олар жұмысқа кеткенде балаларын үйге қалдыруға мәжбүр», – дейді маман.
Ата-ананың жауапкершілігі қандай?
Ата-аналарға балалардың терезеден құлағаны үшін қылмыстық жауапкершілігі бар. Еске салсақ, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң 2024 жылы 16 маусымда күшіне енген болатын.
– Жыл басынан бері облыста балалардың терезеден құлауының 7 жағдайы тіркелуіне сәйкес, кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін екі заңды өкілге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұдан басқа Қылмыстық кодекстің 141-бабы (балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ата-аналық міндеттерді тиісінше орындамау) бойынша бір қылмыстық іс қозғалды, – дейді облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әлішер Қалышев.
Әлішер Тілебекұлының айтуынша, көктемгі жазғы кезеңнің басталуына орай полиция қызметкерлері балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу шараларын белсенді жүргізуде. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам ауланы аралап, оның барысында шатырлар мен жертөлелер тексерілген.
Бұдан басқа тұрғындармен жиындар өткізіліп, терезелерді бұғаттау, торлар орнату және балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыруға жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Десек те, облыста балалардың терезеден құлап кету оқиғалары азаймай тұр. Оған дәлел, үлкендердің қарауынсыз қалып, биыл оқыс оқиғаға ұрынған 7 баланың тағдыры, оның ішінде бір жасар бейкүнә бүлдіршіннің ажалы.
Терезеден құлаған балалардың дені аман қалғанымен, дәрігерлердің сөзінше, олардың көбі ауыр жарақатпен ауруханаға түседі, сүйегі сынып, ми жарақатын алады, жүйке жүйесі зақымданады және бұл оған психологиялық соққы болады. Баланың мүгедек болып қалу ықтималдығы да жоғары екен Сондықтан тиісті құзырлы орындардың өзі қорқынышты цифрлардан тіксініп отырғанда, әдетте «бауыр етіміз» деп әспеттейтін балаларымыздың тағдырына бейжай қарамайық. Кәмелет жасқа толмаған баласы бар әрбір ата-ана бала бағу – оны киіндіріп, қарнын тойдырумен әсте де шектелмейтінін ескергені жөн. Еліміз үшін әрбір өмір маңызды, бұл әсіресе болашағымыз – балаларға қатысты.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Кей елді мекенде жарық жоқ: әкімдік ресми ақпарат берді
- 19 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді