«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастарды еңбек шыңдайды

Жастарды еңбек шыңдайды
Автор
Қазіргі қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірегейі – бала тәрбиесі. Бұған ел ертеңін ойлаған әрбір азамат бейжай қарамайтыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым ұрпақ тәрбиесіне жауапты болуды жүйелі ескертіп-ақ келеді. Президент ұрпақ тәрбиесіне қатысты ой-пікірін Ұлттық құрылтай мінберінен де айтты. «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс», – деді Мемлекет басшысы.

Әрине, бала тәрбиесінде бар салмақ ең әуелі ата-анаға түсетіні белгілі. Өйткені бала тәрбиені алдымен отбасында алады. Ұшқан ұясында не көрді, не түйді – соны бойына сіңіреді. Бұл ретте сан ғасырдан жалғасып келе жатқан ұлттық тәрбиеміздің рөлі зор. Елдік тәрбиенің қайнарына қанып өскен өреннің танымы да терең болмақ. Әсіресе қазақ отбасында ата-әже, әке-шеше мен бауыр деген ұғымдардың орны бөлек. Қоғам, уақыт өзгерді дегенімен, ұлттық тәрбиеден ажырамаған жөн.

Осы ретте қазіргі жас ұрпақты адалдыққа, тазалық пен еңбексүйгіштікке ғана тәрбиелемей, олардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жат ағымдар мен қылмыстық әрекеттерден сақтау және қоғамда тәртіп пен еңбекке деген көзқарасты нығайту – күн тәртібінен түспеуі тиіс. Бастысы, сіз бен біз өскелең ұрпақты бала күнінен еңбекке баулып, тәртіпті болуға, болашақта өз ісінің шебері атануына ықпал етуге тиіспіз.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысқан «Тәртіп алды – еңбек, бала тәрбиесі – міндет» атты ауқымды форумның мақсат-мүддесі осыған саяды. «Шахристан» кешеніндегі көрме залында өткен басқосу барысында аймақ басшысы жастар тәрбиесінің мемлекет болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

– Бұл жиын – өскелең ұрпақтың кәсіби бағдарын айқындап, болашақ еңбек нарығына бейімдеу бағытындағы маңызды диалог алаңы болмақ. Форум аясында білім беру ұйымдары, кәсіпкерлік орта және инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған нақты бастамалар мен ұсыныстар ортаға салынады деп күтеміз. Бүгінгі таңда облыста жалпы 62 инвестициялық жобаны жүзеге асырылуы көзделген. Бұл жобалар 2029 жылға дейін шамамен 6 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Аталған қажеттілікті сапалы кадрлармен қамтамасыз ету – маңызды міндет. Осы мақсатта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен инвесторлар арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуіміз қажет. Биыл 55 179 азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 17 661 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен қатар 1 315 азаматты кәсіптік оқытумен қамту көзделіп, оның 203-і бүгінде оқыту курстарына жолданды. Ерекше айтатын бір мәселе, әр жұмысшы мамандықтар бойынша оқытылып жатқан азаматқа айына 43 574 теңге шәкіртақы, 15 728 теңге жол жүру ақысы қарастырылған. Биылғы оқу жылында 14 мыңнан аса түлек мектепті аяқтады. Олардың мамандықты сәтті таңдап, сол мамандықтың білікті маманы атануына үлкен сенім артамыз. Бұл бағытта 9-11-сынып оқушылары арасында 405 мектепте «Мансап компасы» платформасы арқылы мамандық таңдауға кеңестер берілді. Біз колледж түлектерін инвестициялық жобалар негізінде тікелей жұмысқа орналастыруға баса назар аударып отырмыз. Бұл бағытта кәсіпорын басшылары, инвесторлармен арнайы кездестік. Осы ретте өңіріміздегі колледждер мен жас мамандар – Сіздердің сенімді серіктестеріңіз бола алатынын тағы да айтқым келеді. Сондықтан тиісті уәкілетті органдар жас мамандарды инвестициялық жобалардағы жұмыс орындарымен қамту үшін нәтижелі шараларды қабылдауы қажет. Форум қатысушылары мен бизнес өкілдеріне ұсыныс ретінде айтарым, колледждер жанындағы оқу орталықтарының жұмысын өндірістік қажеттіліктерге сай оңтайландырып, инвестициялық жобалар аясында құрылатын жаңа жұмыс орындарына қажетті мамандарды қайта даярлау, тағылымдамадан өткізу бойынша бірлескен шешім қабылдауымыз қажет. Қажет болған жағдайда оқу бағдарламаларын жаңартып, сұранысқа сай жаңа мамандықтар ашуға дайынбыз. Бұл ретте сіздердің қолдауларыңыз – табысты нәтиженің кепілі, – деді Ербол Шырақпайұлы.

Ал облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіровтің айтуынша, бұл күнде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық көбейе түскендіктен, бұл мәселені оңтайлы шешуде барлық мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс атқаруы тиіс. Ол өз сөзінде құқықтық тәрбиенің мектеп қабырғасынан басталуы керектігін ерекше атап өтті.

– Жұмыссыз жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – біздің басты назарымызда. Осы бағытта біз өңірдегі колледждермен тығыз жұмыс жүргізіп келеміз. Атап айтқанда, прокурорлардың бастамасымен әрі қолдауымен Тараз қаласында, сондай-ақ Т.Рысқұлов, Сарысу, Байзақ, Қордай, Талас, Меркі және Шу аудандарында жас мамандарды жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлер мен колледждер арасында 52 меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде, жыл басынан бері 150 ден астам колледж түлегі өз мамандықтары бойынша өңірдегі ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылды. Осыған ұқсас шаралар кәмелетке толмаған жасөспірімдерге қатысты да қабылдануда. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүргізілген құқықтық түсіндіру жұмыстарының арқасында сауда мен қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істеп жүрген жасөспірімдер мен кәсіпкерлер арасында 105 еңбек шарты заңды түрде рәсімделді. Балалардың бойында заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары да оң нәтижесін беріп отыр. Нақтырақ айтқанда, биыл облыс бойынша жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі 42,1 пайызға төмендеп, 38 жағдайдан 22-ге дейін қысқарды. Бұл маңызды іске прокуратура мен құқық қорғау органдарының ардагерлері де белсене атсалысты. Олар мектептер мен колледждерде лекциялар, факультативтік сабақтар өткізіп, балаларға заңға бағыну қағидаттары жөнінде кеңінен айтып берді, – деді облыс прокуроры.

Сондай-ақ жиында Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев сөз алып, жас ұрпақты келеңсіз жағдайлардан қорғау, олардың жат ағымның жетегінде кетпеуінің алдын алу мақсатында жүзеге асуы тиіс қажетті іс-шаралар туралы пікірін ортаға салды. Бұдан бөлек «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» серіктестігінің бас директоры Адиль Алиев жалынды жастарды еңбекке баулу арқылы оларды қылмыстық ортадан алшақтатуға болатынын атап өтті. Айтуынша, бұл ретте кәсіпорындар мен оқу орындары арасындағы әріптестік байланысты нығайту қажет. Сонымен қатар форумда №7 Бетқайнар колледжінің директоры Гүлнар Алимбаева, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры Саясат Есеев пен Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры Асхат Картаков білім мекемесінде құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады. Педагогтердің сөзіне сенсек, аталған оқу ошақтарында жастарды әлеуметтік ортаға бейімдеу, мамандыққа баулу және олардың бос уақытын тиімді өткізу ұйымдастырылуда. Десе де, студенттерді жұмысқа орналастыруда қиындықтар кездеседі екен. Осылай деген колледж басшылары мәселені тиімді шешу бағытында кешенді қолдау шаралары қажет екенін жеткізді. Ал №45 қазақ-классикалық гимназиясында жүзеге асқан «Қалқан» жобасының жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі Тоғжан Лаубай жастарды өз құқықтарын қорғауға үйрету, құрдастар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында тиімді әдістерді таныстырды.

Форум соңында облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров жиында айтылған ұтымды ұсыныс пікірлер ескерілетініне тоқталып, туындаған мәселелердің түйінін тарқатуда қоғам болып бірігіп әрекет етудің маңызын айтты. Айта кетейік, бұл күні өңір кәсіпорындарында студенттердің тәжірибеден өтуі және кейіннен жұмысқа орналасуы бойынша бизнес өкілдері мен білім беру мекемелері арасында бас-аяғы 15 меморандумға қол қойылды.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар