Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті басшылығы журналистер алдында арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, 2014 жылы атқарған жұмыстарының қорытынды есебін берді. Департамент басшысы Мүслім Қасымов департаменттің атқарған жұмыстарын баяндамас бұрын бұл салада былтыр болған басты жаңалыққа тоқталды.
– Былтыр Үкіметте көптеген құрылымдық өзгерістер орын алғанын бәріңіз білесіздер. Сол себепті бірқатар министрліктер мен агенттіктердің қысқаруына байланысты табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен бәсекелестікті қорғау агенттігі бірігіп, комитет болып қайта құрылған еді. Сондықтан, бізге артылған жұмыс көбеймесе азайған жоқ. Бәсекелестікті қорғау бойынша маңызды тапсырмалар да өте көп. Жақында нан бағасы көтерілген болатын. Біз облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті мониторинг жасадық. Нан өндірушілердің «2012 жылдан бері барлық коммуналдық қызмет тарифтері өзгерді» деген уәжіне орай барлық құжаттарды жинап, ешқандай да коммуналдық қызмет түрлерінің қымбаттауы нан бағасына әсер етпегенін дәлелдеп бердік, – дейді департамент басшысы.
Сонымен қатар, М.Қасымов жанармай төңірегінде қалыптасқан түйткілді мәселелерге тоқталып, ол бойынша құрылған мобильді топтардың жұмысын да айтып өтті. Баспасөз мәслихатында департаменттегі алты бөлім басшылары өздеріне тиісті тапсырмалар бойынша өткен жылда еңсерген жұмыстарын қысқаша баяндап шықты. Жалпы, тұтынушылар мен табиғи монополия, реттелетін нарық субъектілері мүдделерінің теңдестірілуіне қол жеткізу, реттелетін қызметтер тарифінің және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында жұмыстар атқаратын департамент табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі жергілікті бөліміне енгізілген қызметтердің 57 түрін көрсететін 42 табиғи монополия субъектісін және нарықтағы 20 қызмет түрін көрсететін 39 нарық субъектісін реттейтін орган. Былтыр мұнда табиғи монополиялар субъектілерінен 57 тариф бойынша 57 өтінім келіп түскен. Оның ішінде, үшеуі жалпы тәртіппен, төртеуі оңтайландырылған тәртіппен, ал 12-сі төтенше реттеуші шара ретінде бекітіліп, 32-сінен қараудан бас тартылған екен және шекті деңгейлі тарифке 5 өтінім қаралу үстінде. Сондай-ақ, заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында былтырғы қорытынды бойынша департамент 13 тексеру жүргізіп, орын алған заң бұзушылықтар бойынша тиісті түсіндіру және әкімшілік шаралар қолданылыпты. Тексерулер мен прокуратурадан түскен әкімшілік істер негізінде департамент 10 субъекті бойынша 21 434 696 теңгенің айыппұлына қаулы шығарған. Нәтижесінде бюджетке түскен айыппұлдар көлемі 16 434 296 теңгені құраған. Бұдан бөлек, отын-энергетика ресурстарын үнемдеу бағытында да департаменттің қолға алған шаралары баршылық. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2015 жылдың 1 қаңтарына үйге ортақ жылу энергиясын есептеу аспаптарының жабдықталуы – 73,8, жеке суық су – 88,3, жеке ыстық суды есептеу аспаптарының жабдықталуы 95,1 пайызды құраған. Тағы бір айта кетерлігі, департамент қызметіндегі басымдықтардың бірі ретінде кезінде нормативтік және нормадан тыс ысыраптарды азайту мақсатында энергия тасымалдайтын компаниялар үшін тұрмыстық деңгейдегі автоматтандырылған электрэнергияны коммерциялық есепке алу жүйесін (АЭКЕЖ) енгізген болатын. Бұл жүйеге Елбасы да облысқа келген бір сапарында жоғары бағасын беріп, Үкіметке АЭКЕЖ-ні өзге облыстарда да қолдану керектігі жөнінде тапсырма берген болатын. Есеп беру және баспасөз мәслихатында департамент басшысы М. Қасымов журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді