«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өнеркәсібі – өрге, туризмі – төрге озған

Өнеркәсібі – өрге, туризмі – төрге озған
Автор
Облыс экономикасын көтеретін негізгі саланың бірі – өнеркәсіп. Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, бүгінгі күні өнеркәсіп саласында 899 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Оның 18-і ірі, 25-і орта, 856-ы шағын кәсіпорындар. Жалпы өнеркәсіп саласында 44,8 мың адам жұмыспен қамтылған.

– Бүгінгі таңда облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы өнеркәсіп, кәсіпкерлік, инвестиция тарту, туризм, сауда сияқты басты бағыттарда өз жұмысын мемлекеттік-стратегиялық бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырып келеді. Алдымен өнеркәсіп саласына тоқталар болсақ, осы жылдың қаңтар-сәуір айында аймақтың өнеркәсіп кәсіпорындарының күшімен 0389,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 123,6 пайызды құрады. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында 51 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібінде 250,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Есепті кезеңде өңдеу өнеркәсібінің келесі салаларында өнім көлемі артқаны байқалады. Атап айтсақ, химия өнеркәсібі 34,6, тамақ өнеркәсібі 50,2 пайызға, ал мұнай өнімдерін өндіру 2,2 есеге, құрылыс индустриясы 16,5, дайын металл бұйымдарын өндіру 3,1 пайызға, машина жасау 2,4 есеге артқан. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өнім көлемінің артуының нәтижесінде облыста өңделген тауарлар экспорты да артып отыр, – дейді Аспандияр Мараталыұлы.

Сонымен осы жылдың алғашқы екі айында шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 4,5 есеге артып, 63,5 миллион АҚШ долларын құраса, тамақ өнеркәсібінде 127,3 пайызға (5,6 млн. АҚШ) өсуі есебінен қол жеткізілген.

«Облыста экспорттық әлеуетті арттыру бағытында өңірдегі кәсіпорындармен жұмыс бір жүйеге қойылған. «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ арқылы өткен жылы өңірдегі бірқатар компаниялардың («Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС, «Talas Investment Company» ЖШС, «Бурненская молочная компания», «Полиэтилен Агро» ЖШС) шығындары өтеліп, жұмысы жолға қойылуда. Қазіргі таңда облысымыздың келесі кәсіпорындары өз өнімдерін сыртқы нарықтарға экспорттауда. Атап айтсақ, металлургия саласында «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС электродтық массаны Ресей, Өзбекстан, Тәжікстанға экспорттауда. Тамақ өндірісі саласында «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС Тәжікстанға, Грузияға, Қырғыз еліне кондитерлік өнімдерін, «Мерке ет» ЖШС Иран, Бахрейнге ет, «Берсанукаев» ЖШС Ресейге шұжық өнімдерін, «Бурненская молочная компания» ЖШС Ресейге ірімшік өнімдерін экспорттауда», – дейді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, химия өндірісі саласында «Talas Investment Company» ЖШС Тәжікстанға натрий цианидін, құрылыс индустриясында – «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС Қырғыз еліне цемент, «Ақтас» ЖШС әктасты Қырғыз Республикасына экспорттауда. Облыста республикадағы ең ірі «Үлкен-Бурылтау» гипс кен орны бар. Бұл Қазақстандағы барланған гипс қоры бойынша ең бай кен орны, оның қоры 50 миллион тоннадан асады. Өңірде «Жамбылгипс» АҚ, «Alina Group» ЖШС және басқа да гипс және гипстен жасалған бұйымдар өндіретін бірқатар ірі кәсіпорындар жұмыс істейді.

Басқарма басшысының айтуынша, құрылыс материалдарына сұраныстың артуын ескере отырып, биыл «Alit Holding» ЖШС жылдық қуаттылығы 150 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытты іске қоспақ ниетте. Ал «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС жылдық қуаттылығы 22 миллион шаршы метр гипсокартон шығаратын зауыттың құрылысын бастағалы отыр.

Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде құрылыс индустриясының өнім ассортименті 6-дан 12 атауға ұлғайтылмақ. Сонымен қатар «KORCEM» ЖШС қуаттылығы 1,5 миллион тонна цемент өндіретін жаңа зауытты іске қосты. Осының нәтижесінде жылдық цемент өндірісінің көлемі 3 миллион тоннаны құрады. Бұл жобаларды іске қосу құрылыс материалдарына деген ішкі қажеттілікті қанағаттандырып, сондай ақ көрші елдерге өнім экспортының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қазақстандық қамту бойынша айтар болсақ, өткен төрт айда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына кіретін өнеркәсіптің сегіз саласы бойынша мемлекеттік сатып алу 8,38 миллиард теңге көлемінде жоспарланған. Облыстағы мемлекеттік мекемелердің тапсырған есептеріне сәйкес, есепті кезеңдегі мемлекеттік сатып алу көлемі – 4,02 миллиард теңгені, ал оның ішінде жергілікті қамту үлесі 51 пайызды құраған. Жыл басынан бері облыста түрлі деңгейдегі 43 кәсіпкерлік субъекті 56 СТ-КZ сертификаттарын алған. Аудан және Тараз қаласы әкімдіктерімен, облыс әкімдігінің басқармаларымен мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен өткен төрт айда негізгі капиталға 190,7 миллиард теңге инвестиция тартылса, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 66,8 пайызға артқан. Осының есебінен республикалық жоспар 115 пайызға орындалған (жоспар – 165,3 миллиард теңге). Алда іске асырылатын ірі инвестициялық жобалар көп. Мәселен, 2025-2028 жылдар аралығында құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобалар іске асыру көзделген.

Атап айтатын болсақ, «Еврохим Қаратау» компаниясы бірінші кезеңін 2025 жылы іске қоса отырып, жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруді бастайтын болады. Ал 2026 жылдың ІІІ тоқсанынан бастап осы кәсіпорын жылына 1 миллион тоннаға жуық минералды тыңайтқыштар өндірмек ниетте. Олар дикальций фосфаты, калий сульфаты, кальций хлориді. Жалпы «Еврохим Қаратау» компаниясының инвестициялық жобаларының құны – 530 миллиард теңге.

Ал «Qazaq Soda» компаниясы жылдық қуаты 1 миллион тонна кальцийлендірілген сода өндірісі бойынша зауыт құрылысын жүргізуде. Инвестиция көлемі 208 миллиард теңгені құрайды. Зауыт 2027 жылы іске қосылады. Биыл «Talas Іnvestment Company» компаниясының цианид натрий өндіру жобасының екінші кезеңі іске қосылады деп күтілуде. Ол жылына 30 мың тонна натрий цианидін өндіретін болады.

Жобаның құны 26 миллиард теңгені құрайды. Натрий цианидін өңдеу бойынша екінші жоба «Altynalmas Reagents» компаниясының еншісінде. Ол жобаның құны 67 миллиард теңгені құрайды. Жобаның жылдық қуаттылығы – 25 мың тонна. Жоба 2027 жылы іске асырылады. Химия саласындағы тағы бір жоба – «Kazakhstan Hydrogen Peroxide» компаниясының сутегі асқын тотығын өндіру жобасы, жобаның жылдық қуаттылығы – 30 мың тонна.

Жобаның инвестициялық құны – 30 миллиард теңге. Құрылыс жұмыстарын осы жылдың IV тоқсанында аяқтау көзделген. Сонымен қатар металлургия саласында «Yonggang Central Asia Iron And Steel» ЖШС инвестициялық жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестициялық құны 637 миллиард теңгені құрайды. Жылына 3 миллион тоннаға дейін құбырларды өндіруге арналған катанка, арматура, жолақты болат және профильді болат өндіреді. Жобаның аясында 1000 жаңа жұмыс орны ашылады.

Бұдан бөлек, Қытайдың Fufeng Group компаниясы Қазақстанда ауқымды агроөнеркәсіптік жобаны жүзеге асыруда. Осы жылдың сәуірінде Шу ауданында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталмақ. Бұл жоба Қазақстандағы ең ірі агроөнеркәсіптік жобалардың бірі болып табылады. Жобаны құны 173 миллиард теңгені құрайды, ал жобаның жылдық қуаттылығы 1 миллион тонна жүгері өнімдерін өндіретін болады. Ал «Азия Чем» компаниясы фосфориттер кенін қолдана отырып, суперфосфат тыңайтқышын өндіру бойынша құрылыс жұмыстарын бастады.

Жобаның құны – 15 миллиард теңге. Жобаның жылдық қуаттылығы 100 мың тоннаны құрайды. Жоба 2027 жылы іске асырылмақ. Сонымен қатар «Қаратау Кемикалс» компаниясы жылдық қуаттылығы 25 мың тоннаны құрайтын пиросульфит натрийін өндіруді бастады. Жобаның құны – 2,8 миллиард теңге. Сонымен Жамбыл облысы фосфориттер кендерін игеру бойынша жаңа заманауи технологиялары бар шетелдік ірі компаниялармен жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келісімсөздер жүргізуде.

Биыл жалпы құны 175,2 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың ішінде он ірі жоба бар. Атап айтар болсақ, соның бірі – «Алель Агро» АҚ. Бұл құс фабрикасының жобалық құны – 2 646 миллион теңге. Келесісі «KazGazBlock» ЖШС – газдалған бетон өндірісі. Бұдан бөлек, «KazGeoEnergy» ЖШС-нің әк өндіру зауыты, «Alit Holding» ЖШС-нің құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін цехын салу бар. Сондай-ақ «Shagala Mining» ЖШС мыс кендерін үймелі шаймалау зауытын, «Аметист-2012 БР» ЖШС құрамында алтын бар кенді өндіру, «ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісін қолға алмақ. Ал «KAZCHEMTRAIDING» ЖШС цемент өндірісін, «Электровоз Құрастыру Зауыты» ЖШС теміржол локомотивтері мен жылжымалы құрам өндірісін, «Zhambyl Minerals (Жамбыл Минералз)» ЖШС «Аққұдық» кен орнын өнеркәсіптік игеруді жоспарлап отыр. Осы нысандарды іске асыру аясында мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген, – дейді Аспандияр Сейсебаев.

Ал осы жылдың 1 мамырындағы жағдайға қарайтын болсақ, аймақта жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 106426-ны құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103 пайызға артқан. Мұнда жұмыспен қамтылған адамдар саны өткен жылдың 4-ші тоқсанында 166295 адамды құраған. Ал шағын және орта бизнестің дамуының арқасында 2024 жылдың 4-ші тоқсанына шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 1522,6 миллиард теңгенің өнімі (жұмыс, қызмет) өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 120,2 пайыз өсім байқалған. Ал ШОБ үлесі 25,9, жалпы қосылған құн көлемі 837 962,4 миллион теңгені құраған. Несиелендіру бағытында да ауыз толтырып айтарлық жұмыстар атқарылған. Яғни, осы жылдың 1 мамырына дейін облыста орналасқан қаржы институттарымен несие сомасы 32,3 миллиард теңгені құрайтын барлығы 14 346 кәсіпкерге несие беріліпті. Бұл қаражаттың 53,3 пайызы, яғни 17,2 миллиард теңгесі екінші деңгейлі банктер арқылы, 46,7 пайызы, 15,1 миллиард теңгесі микроқаржы ұйымдары арқылы несиелендірілген. Берілген несиелердің 8,4 миллиард теңгені құрайтын 54 жоба мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған. «Сыйақы мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау» құралы бойынша несие сомасы 7 978,8 миллион теңгені құрайтын 40 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ «Кредиттер қаржылық лизинг бойынша кепілдіктер беру», «Өндірістік (индустриялдық) инфрақұрылымды жүргізу» және «Гранттық қаржыландыру» құралы бойынша тиісті жұмыстар талапқа сай атқарылған.

– Ішкі сауда айналымына тоқталар болсам 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында ішкі сауда көлемі 270,3 миллиард теңгені құрады (НКИ – 102,5%). Оның ішінде, бөлшек сауда 161,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,8 пайызға артты, көтерме сауда 108,1 миллиард теңгені құрап, 103,5 пайызға өсті. Ал бірінші тоқсанда сыртқы сауда көлемі 188 миллион АҚШ долларын құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 76,6 пайызға артқан, оның ішінде экспорт 107,6 миллион АҚШ долларын құрап, 3,8 есе өссе, импорт 3,2 пайызға артып, 80,4 миллион АҚШ долларын құрады. Бұған қоса, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тиісті шаралар атқарылуда, – дейді басқарма басшысы.

Жалпы, биыл Тараз қаласында «Береке», «Жібек жолы», «Салтанат» және «Якка сарай» сауда базарын жаңғырту қарастырылған. Қазіргі таңда бұл базарларда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен осы жылдың 4 айының қорытындысымен сауда саласына салынған инвестиция көлемі 8,5 миллиард теңгені құрап отыр, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға артық.

– Облысымызда экономикасының басымды және стратегиялық маңызды бағыттарының бірі – туризм саласы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа 199 107 турист келіп, 2023 жылмен салыстырғанда туристер саны 127 пайызға артып отыр, оның ішінде резиденттер – 195 779 адамды, ал резидент еместер 3 328 адамды құрады. Туризм саласының негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі өткен жыл қорытындысымен 22,95 миллиард теңгені құрап, Ұлттық даму жоспарындағы белгіленген 14,66 миллиард теңгелік жоспарлы мәні 157 пайызға орындалды. Мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру қорытындылары бойынша 2024 жылы облысымызда 16 кәсіпкерге қолдау көрсетілсе, ал биыл 18 туристік бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіліп отыр. Жалпы облыс аумағында орналасқан негізгі туристік нысандар саны 40-ты құрап, осы нысандар арқылы өтетін 10 жаңа туристік маршрут әзірленді. Бүгінгі таңда осы туристік маршруттар құрамына енген нысандардың инфрақұрылымын жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Автомобиль жолдары бойынша жалпы ұзындығы 34,8 шақырымды құрайтын 3 туристік нысанға алып баратын автожолдар құрылысын жүргізуге жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 1186 миллион теңге бөлініп отыр. Оның ішінде «Көксай resort» (19,5 шқ.), «Алмалы» (12,5 шқ.) және «Таскөл» (2,8 шқ.) демалыс орталықтары бар. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 40,3 шақырымды, ал сметалық құны 254 миллион теңгені құрайтын 2 туристік нысанға жергілікті бюджет есебінен газ құбырын жүргізу жоспарлануда. Туризм саласына инвестиция тарту мәселесі бойынша жалпы сомасы 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биыл заман талабына сай туристердің барлық сұраныстарын қанағаттандыратын 3 туристік демалыс аймағы ашылады. Оның бірі – Жамбыл ауданындағы «Арзан сити» жол сервис кешені мен «Таскөл» туристік демалыс орталығы және Тараз қаласындағы «Тектұрмас» этно-тарихи кешеніндегі «Ежелгі бекініс қамалы» тарихи кешені, – дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.

Жалпы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облысқа келіп жатқан туристерді ақпараттандыру мақсатында, туристер көп шоғырланатын орындарда, туристерге толық ақпарат беретін, анықтамалық қызметтің барлық ресурстары шоғырланған, бірегей туристік ақпараттық терминалдар орналастырылған. Бұл терминалдар арқылы әлеуетті туристерге облыстағы қонақүйлер, тамақтану орындары, көлік субъектілері, көрікті жерлер мен туристік маршруттар туралы толық ақпарат бір терезе қағидаты бойынша ұсынылады. Қорыта айтқанда, өнеркәсіп, сауда, туризм саласында ілгерілеу байқалады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

 

Ұқсас жаңалықтар