Тараздағы жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары қашан аяқталады?
- author «Ақ жол»
- 5 маусым, 2025
- 235

– Барлық 9 жылу энергетика кешендері мен 593 автономды қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеп, әлеуметтік маңызы бар 1 737 нысандар мен 1 646 көпқабатты тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілді. Отын-энергетика кешендері қажетті отынның негізгі және резервтік қорымен қамтылды. Автономды қазандықтар 61,3 мың тонна және тұрғындар 144,8 мың тонна көмірмен толық қамтылды. Қыс мезгілінде көмір тапшылығы орын алған жоқ. Жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде бірінші дәрежедегі бір және екінші дәрежедегі 159 технологиялық бұзушылық орын алды. Оның ішінде «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамында бірінші дәрежедегі бір, екінші дәрежелі алты, «Жамбыл ЖЭС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің электр желілерінде екінші дәрежелі 132 және «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің жылу желілерінде де екінші дәрежелі 20 жағдай орын алды. Сондай-ақ өткен жылдың 9 желтоқсанында Қордай ауданы, Сортөбе ауылындағы мектептің жылу құбыры жарылғаны анықталды. Нәтижесінде, 2 метр құбыр ауыстырылып, ертеңінде жылу қайта берілді, – деді Еркін Оразұлы.
Айта кетейік, есепті кезеңде аталған басқарма тарапынан Тараз қаласының жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіліп, ақаулар қалпына келтірілген. Жалпы, жазғы маусымда көне қала аумағында ыстық су берілетін 1 025 көппәтерлі тұрғын үй бар. Жоспарға сәйкес аталған тұрғын үйдің 921-і ыстық суға қол жеткізіп үлгерген. Ал 105 көппәтерлі тұрғын үйдегі жұртшылыққа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ыстық су берілмек. Сондай-ақ биыл кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары бойынша облыста жалпы 288,1 миллион теңгеге 6,5 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған.
Атап айтқанда, Тараз қаласында 196,6 миллион теңгеге 2 шақырым, Шу қаласында 57,2 миллион теңгеге 2 шақырым жылу желісі күрделі жөндеуден, Қаратау қаласында 34,3 миллион теңгеге 2,5 шақырым жылу желісі ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Нәтижесінде, осы жылдың қорытындысы бойынша жылу желілерінің тозу деңгейін 53 пайызға төмендету көзделуде. Жиында аймақ басшысы жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде бірінші дәрежедегі бір және екінші дәрежедегі 159 технологиялық бұзушылық орын алғанын атап өтіп, жауаптылардан орын алған апаттардың себебі мен салдарын сұрады.
Облыс әкімі өз сөзінде болашақта мұндай жағдайға мейлінше жол бермеу және төтенше жағдайлардың салдарынан орын алатын келеңсіз оқиғаларға дайын тұру қажеттігін баса айтып, салаға жауапты орынбасары Қанатбек Мәдібекке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды жүктеді. Сондай-ақ өңір басшысы әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымына дайындығын сұрап, бірқатар басқарма басшыларынан жауап алды. Әуелі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбектен Сарысу ауданы, Саудакент ауылдық ауруханасының жарамсыз жағдайдағы қазандығы мен жылу желілеріне қатысты мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылдағанын сұрады.
Тиісінше, басқарма басшысы 2023 жылы техникалық қорытынды жасалып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін жеткізді. Оның айтуынша, 1987 жылдан бері аталмыш қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Ал осы жылдың сәуір айында мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынса, қазіргі сәтте жобаның құны 150 миллион теңгені құрап отыр. Ендігі жерде қаражат алу бойынша бұл мәселе алдағы бюджеттік нақтылауға ұсынылмақ.
Бұдан кейін облыс әкімі Тараз қаласы мен аудан әкімдеріне де аталған мәселенің маңызды екенін ескертіп, немқұрайлылық танытпау керектігіне тоқталды. Айта кетейік, осы жылдың 19 наурызында облыс орталығындағы М-3 жылу магистралін жаңарту үшін келісімшарт жасалғанымен, әлі күнге дейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталмаған.
Аймақ басшысы осы мәселе жөнінде қала әкімі Бақытжан Орынбековтің жауабын тыңдады. Шаһар басшысының сөзіне сүйенсек, жылу магистралін жаңарту жұмыстарын бастау 10 маусымға жоспарланған. Себебі жобаны қаржыландыру республикалық бюджеттен қарастырылғандықтан, тиісті қаражат енді ғана бөлінген. Атап өтерлігі, М-3 жылу магистралі Төле би көшесінен басталып, Әйтеке би көшесіне дейін созылады.
«Қазіргі сәтте құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан М-1 жылу магистралі Төле би көшесі, Жамбыл даңғылынан, Қаратай Тұрысов көшесіне дейінгі аралықты алып жатыр. Сондықтан жол кептелісін тудырмау үшін алдымен М-1 жылу магистралі құбырларын ауыстыру жұмыстарын 12 маусымға дейін аяқтап, М-3 жылу магистраліне кірісеміз», – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Сонымен қатар басқосуда әлі күнге дейін Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы қазандықты жаңғырту жобасына түзету енгізу жұмыстары аяқталмауы сын садағына ілінді. Облыс әкімі бұл мәселе қатаң бақылауда екенін жеткізіп, аудан басшысы Нұрбол Жүнісбековтің жауабын тыңдады. Жалпы, аталмыш жобаға 741 миллион теңге бөлінген. Жұмыстардың 90 пайызы аяқталып, өткен жылыту маусымы ойдағыдай өткен. Десе де, қазандықты заманауи технологиялармен жабдықтау үшін жобаға түзету енгізу қажеттігі туындаған.
Атап айтқанда, автоматтандырылған жүйе орнату, қазандықтың құбырларын ауыстыру, қатты жел салдарынан жарық өшіп қалмас үшін қазандықтың қуаты мен дизгенератордың қуаттылығын қамтамасыз ететін екі сорғы орнату жұмыстары жүргізілмек.
– Ыстық суға әлі де қол жеткізе алмай отырған тұрғындардың мәселесін шешу жұмыстарын уақытылы аяқтаңыздар. Әсіресе «Қант зауыты» алабындағы «Онкология» жылу желісі құрылысын жіті қадағалауға алыңыздар. Былтырғы жылы Қордай ауданы, Сортөбе ауылындағы мектепте болған техникалық бұзушылық секілді жағдайларға жол бермеу керек. М-3 жылу магистралі құбырларын ауыстыру жобасы сапалы орындалуы тиіс. Біздің мұндай жұмыстарда тәжірибеміз бар. Мәселен, өткен жылы М-1 жылу магистралі құбырларын жөндеуден өткізген болатынбыз. Бастысы, құрылыс жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық тудырмауы қажет. Осы себепті, жолдың жабылуы мен ыстық судың уақытша өшірілуін дереу ескертіп, халыққа ақпарат беріп отырыңыздар, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Кеңес қорытындысында облыс әкімінің Мойынқұм ауданының халқымен кездесуде және азаматтарды жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалуы барысы сараланды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Бүгін – Қазақстан полициясы күні
- 23 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді