
– Бүгінгі күні өңірімізге салынып отырған инвестициялық жобаның бірі – шыны өңдейтін өндірістік зауыт. Бұның бір ерекшелігі зауыт ауылда ашылып отыр. Бұл жобаның маңыздылығы индустриалдық инновациялық даму бағытындағы нақты қадамның көрінісі деп айтуға негіз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес аймақта инвестициялық жобаларды қолдау және жаңа өндіріс көздерін ашу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Соның аясында 2025 2028 жылдары жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайтын 62 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ол – жаңа жұмыс орындары, әрі халыққа жаңа табыс болады. Тек биылдың өзінде175,2 миллиард теңгеге бағаланған 30 жоба іске асырылып бір мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Бүгінгі ашылып отырған кәсіпорын осы бастамалардың нақты көрінісі. Шыны өңдейтін зауыт заманауи технологиялармен жабдықталып, 40 азамат жұмыспен қамтылған. Бұл жоба ең алдымен жергілікті өнімді дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды жобаның бірі. «Туған жерге туыңды тік» деген ел даналығын ұстана отырып, туған өлкесіне инвестиция салып азаматтық танытқан азаматтарға алғыс білдіреміз, – деді аймақ басшысы.
Жаңа зауыттың лентасын облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров қиды. Ақ жаулықты әжелер тәттіден шашу шашты. Аймақ басшысы зауыттың жұмыс процесімен танысып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі. Ал зауыттың құрылтайшысы Жамалхан Ибрагимовтың айтуынша, бұл жобаның құны 470 миллион теңгені құрайды. Жылына 100 мың шаршы метр шыны шығарады.
– Өз басым шыны бұйымдарын шығарумен айналысып келе жатқаныма да 20 жылдың жүзі болды. Бүгін Үлгілі ауылында ашылып отырған зауыттың мақсаты – Жамбыл облысын жергілікті отандық өніммен қамту. Бұған дейін аймаққа шыны Алматы қаласынан тасымалданып келсе, енді оны өзімізде өндіріп, өзге облыстарға шығару мүмкіндігі туып отыр. Алдымен көздеген мақсатымыз – бірінші кезекте облыстың сұранысын қанағаттандыру. Одан кейін отандық нарықты жаулау жоспарымызда бар. Өндіріс ошағында 40 адам екі ауыссыммен жұмыс істеуде. Мұндағы пештер тоқтаусыз жұмыс істейді. Зауыттағы автоматтандырылған шыны шығаратын өндірістік жүйе Қытайдан сатып алынып, іске қосылған. Бүгінгі күні шынының 12 түрі шығарылады, – дейді Жамалхан Ибрагимов.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді