
2025 жылдың 20 сәуірінен бастап байқаудың қалалық және аудандық кезеңдері өткізілді. Әр қала мен ауданнан жеңімпаз облыстық кезеңге жіберілді. Ол туралы облыстық билер алқасына, яғни, ұйымдастырушы тарапқа ақпарат жолданған. «Батамен ел көгерер» батагөйлер байқауының облыстық кезеңі 18 маусымда Қордай ауданында Өтеген батыр атындағы мәдениет үйінде өтеді. Біз осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер алқасының төрағасы Оңласын Есіркеповты сөзге тартқан едік.
– Бата – қазақ халқы үшін аса қастерлі құндылық. Ертеректе батырларымыз қанша батыр болса да, ақсақалдардың батасын алмай сапарға шықпаған. Дуалы ауыздан айтылған бата адамға рух беріп жігерлендіріп отырған. Жанымызды жадыратып, көңілімізді нұрландырып, ер азаматты қанаттандыратын баталы сөздер – тәрбиенің қайнар бастауы. Баталы сөз күнделікті өмірімізде ісіміздің алға басуына игі әсерін тигізеді. Биыл облыстық батагөйлер байқауы Қордай ауданында өтетін болады. Сол сайыста әділ төрелік жасайтын қазылар алқасын да анықтап отырмыз. Қазылар алқасының төрағасы – Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор,Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махметғали Сарыбеков. Қазылар алқасының құрамында облыстық мәслихат депутаты Алтай Райқұлов, айтыс ақындары мен жыршы термешілері халықаралық одағы облыстық филиалының төрағасы, Мәдениет саласының үздігі Ахметжан Өзбеков, Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Қордай ауданының Құрметті азаматы, белгілі журналист Құрманбек Әлімжан бар. Бұйырса, осы кісілер байқауды бағалайды деп отырмыз. Әділ шешім болады деген сенімдеміз, – деді Оңласын Қарабайұлы.
Аталған байқауды ұйымдастыруда облыстық ардагерлер кеңесінің жанындағы билер кеңесінің үлесі үлкен.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді