«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәскеу мойындаған Қожаханов

Мәскеу мойындаған Қожаханов
Автор
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін, бір өзі мың адамның ісін атқарып, халықтың шынайы құрметіне, ықыласына мәңгілік бөленетін ардақты азаматтар болады. Солардың бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығы саласының үздік маманы, экономика ғылымдарының кандидаты Сейфулла Сәкенұлы Қожаханов болатын. Жаны жайсаң жақсы адамның дүниеден озғанына да 34 жыл өте шығыпты. Ерді қадір тұтқан киелі Тараз өңірінің үлкені мен кішісі Сәкеңді осы күнге дейін ерекше бір құрметпен еске алып, сағынышпен сөз қозғайды.

...Әлі есімде, бірде Жамбыл облыстық партия комитетінің кезекті бір басқосуында облыста қызылша өсірудің өзекті мәселесі сөз болып, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Сейфулла дәйекті мәліметтерге сүйене отырып, тұжырымды баяндама жасады. Қант қызылшасынан мол өнім алу – өте күрделі шаруа. Ол өте ерекше күтіп-баптауды талап етеді. Әрбір центнер қызылша өнімін өндіру үшін қыруар қаржы, техника, адам күші жұмсалады. Қант қызылшасын өсірумен шұғылданатын Жамбыл, Свердлов, Луговой, Шу, Қордай аудандарының әрбір колхоз-совхоздарында кем дегенде 600-700 гектар алқапқа тәтті тамыр егіледі. Дәйекті экономикалық талдауларға сүйенетін болсақ, қант қызылшасын өндіру – облысқа үлкен шығын әкелуде. Қант қызылшасы плантациясының едәуір көп болуы салдарынан көп жағдайда уақытында жиналмай, суыққа ұрынып, ысырап болады.

Бұл дақылды жылда үздіксіз еге берудің салдарынан жердің сор тарта бастауы белең ала бастады. Орын теуіп отырған қиындықтардан құтылудың мынадай тиімді жолдары бар. Біріншіден, облыс бойынша қант қызылшасы алқабының көлемін қысқарту – бүгінгі күннің басты мәселесі болуы керек. Екіншіден, сан қумай, сапалы іске көшкен жөн. Яғни, мол өнім беретін асыл тұқымды сорттарды еккен дұрыс. Үшіншіден, қызылша алқабын тиімді ылғалдандырудың озық технологияларын қолдануды тездеткен жөн. Ең бастысы – қызылша егілетін алқаптың көлемін қысқарту.

Бұл көкейтесті мәселені республикалық және бүкілодақтық жоспарлау комитетіне жеткізіп, дәйекті түрде дәлелдеу – бүгінгі күннің басты талабы. Облыс экономикасын дамыту, ауыл шаруашылығын өркендету жөніндегі нақты ұсыныс Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов бастаған бюро мүшелерінің көңілінен шықты. Бірнеше аудан басшылары, шаруашылық төрағалары, мамандар сөз сөйлеп, облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Сейфулла Қожахановтың көтерген өзекті мәселесіне жан-жақты қолдау көрсетті. Жамбыл облыстық партия комитетінің пленумында көтерілген мәселе Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, Қазақ ССР Министрлер кеңесінде және республикалық Жоспарлау комитетінде қолдау тауып, көп ұзамай-ақ Жамбыл облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Леонид Ремез бастаған делегация Мәскеуге аттанды. Осы бір күрделі, бірақ түйіні шешілген сапарды Леонид Дмитриевич Ремез былай деп еске алады.

– Ол кезде Жамбыл облысынан Мәскеуге тікелей ұшақ ұшпайтындықтан, Шымкент қаласы арқылы сапарға аттандық. Мен, Сейфулла Қожаханов және көмекшім үшеуміз Мәскеудегі Қазақ елшілігінің жанындағы қонақ үйге орналастық. Бұл таңғы 9-дардың шамасы болатын. Жуынып-шайынып, таңғы асымызды ішіп болған соң, үшеуміз бас қосып, бүгінгі атқарылатын жұмыс туралы ақылдастық. Алға қойған мақсатымыз – СССР Жоспарлау комитетінің төрағасы Николай Константинович Байбаковтың қабылдауында болып, облыс бойынша егілетін қант қызылшасының көлемін қысқартуға қол жеткізу. Бұл өте күрделі шаруа еді, оның үстіне бүкіл Кеңестер Одағының экономикасын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған жоғары мәртебелі шенеуніктің қабылдауында болу – оңай мәселе емес.

 – Леонид Дмитриевич, сіз көмекшіңіз екеуіңіз тыныға тұрыңыздар, мен Жоспарлау комитетіне барып, бір шолып қайтайын. Құзырлы мекеменің жауапты қызметкерлері қандай мақсатпен келгенімізді жан-жақты тексеріп барып, Байбаковтың қашан, қай уақытта қабылдайтынын нақты айтады, – деп Сейфулла менің бөлмемнен асығыс шығып кетті. Ол сол кеткеннен мол кетті. Кеш түсіп, Мәскеудің қара түні қоюлана түсті. Қожахановтан әлі еш хабар-ошар жоқ. Көмекшім екеуміз отырған орнымызда тыпыршып, мазасыздана бастадық. Сағат кешкі сегізге жақындағанда бөлменің есігі тықылдап, еңгезердей, ұзын бойлы, отыздар шамасындағы жігіт кіріп келді.

– Сәлеметсіздер ме? – деді ол асығыс сөйлеп. – Ремез кім болады? – Менмін, – дедім орнымнан асығыс көтеріліп. – Жайшылық па? – Тез жиналыңыз, қайда баратынымызды жолшыбай айтамын, – деді әлгі бейтаныс азамат қысқа сөйлеп. Мен тез жиналып, оның артынан ере бердім. Қонақ үйдің алдында қара сүліктей жап-жаңа «Волга» автокөлігі күтіп тұр екен. Біз жайғасқан соң, көлік орнынан асығыс қозғала берді. Шамдары жарқыраған кешкі Мәскеумен алға тартып келеміз. Үлкен көшенің біріне бұрылғанда, менімен қатар отырған көршім: «Біз Байбаковтың саяжайына барамыз», – деді әдетінше қысқа сөйлеп.

Біраз жүріп, үлкен қаланың шетіне шықтық. Қарағайлы орман басталды. Айналасын жасыл желек, гүл көмкерген екі қабатты зәулім үйдің алдына келіп тоқтадық. Бейтаныс жігіт бастап, ішке кірдік. Үлкен бөлмеге бас сұққанымызда өз көзіме өзім сенбедім. Мол етіп жасалған дастарханның басында Байбаков пен Қожаханов ескі құдалардай айра-жайра болып, көңілді отыр еді. Мен сыртқы киімімді шешіп ішке кіріп, үлкен кісіге қысыла-қымтырыла сәлем бердім.

– Жолдас Ремез, қош келіпсіз, жоғары шығыңыз! – деп СССР Жоспарлау комитетінің төрағасы қонақжайлылық танытып жатты. Лыпылдап тұрған даяшы тәрелкеге тағамды салып, шанышқысын дайындай бастады. Сырт көзге суықтау көрінгенмен, Байбаков өте сыпайы, қарапайым, мәдениетті жан болып шықты. Қазақстанға, әсіресе, Дінмұхаммед Қонаевтың атына жылы-жылы сөздер айтты. «Гриша, Жамбыл облысы бойынша тиісті қаулы дайын ба?» – деді Николай Константинович көмекшісіне қарап.

– Иә, дайын, – деді көмекшісі лып етіп. – Олай болса әкеле ғой. Үшеуміз қатар отырып, Жамбыл облысындағы қант қызылшасының көлемін қысқарту жөніндегі құжатты мұқият қарап шықтық. – Николай Константинович, Жамбыл облысы үшін жасаған игілікті ісіңізге үлкен рақмет! Бірақ, қаулының бір жеріне келісе алмаймын. Бізден қысқартылған гектарлар көлемін Талдықорған облысына қосып жіберіпсіздер. Сіз Мәскеудесіз, ол ағайындар бізге онша алыс емес, жиі-жиі кездесіп тұрамыз. «Әй, Сейфулла, Мәскеуге барып, не бүлдіріп келгенсің?» – деп менің әкемді танытады ғой олар.

Қолыңыздан келіп тұр емес пе, Николай Константинович! Талдықорғандықтарға тиіспей-ақ қойған дұрыс болар еді. Сейфулла нағыз жүрек жұтқан батыр ғой. Қысылмай-қымтырылмай, туған құдасымен сөйлесіп отырғандай ойын еркін, батыл жеткізді. – Гриша, – деді Байбаков көмекшісіне күле қарап, – Сейфулла Сәкенович айтқандай қаулыны түзетіп әкел. Тез қол қояйын, әйтпесе жамбылдық досым тағы да бір нәрсе шығарып жүрер...

Сөздің қысқасы, сол сапарда бүкіл Жамбыл облысының экономикасы үшін қыруар іс атқарып қайттық. Көмекшім екеуміз әрі-бері ұшақпен ұшып, Мәскеуді көріп қайтқанымыз болмаса, барлық күрделі істі Сейфулла Қожаханов тындырды. Ол шын мәнінде ел мүддесі дегенде үлкен болсын, кіші болсын, терезесі тең адамдай сөйлесіп, нәтижелі қорытынды шығара білетін көреген әрі батыл азамат болатын. Шымкенттің әуежайында бізді Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғановтың өзі қарсы алды...

Иә, айта берсең Сейфулла Сәкенұлы Қожаханов туралы аңызға бергісіз әңгімелер көптеп кездеседі. Бұл соның біреуі ғана. Халық игілігі, ел мүддесі үшін жасалған игі істер ешқашан да ұмыт болмайды. Жамбыл облысында тұратын аға буын өкілдері Сейфулла Қожахановтың өнегелі өмірін жақсы біледі. Кейінгі ұрпақ ел ардақтаған азаматты білмеуі де мүмкін. Олай болса сәл шегініс жасап, тұлғалы азаматтың жасампаздыққа толы өміріне тоқтала кетейік. Сейфулла Сәкенұлы Қожаханов 1937 жылы 12 қазанда Сарысу ауданы, Жайылма ауылында дүниеге келді.

1954 жылы Байқадам орта мектебін үздік бітіріп, 1959 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын бастады. 1959 жылы Сарысу аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында инженер болып орналасқан жас маман 1963-1964 жылдары Талас аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері болып қызмет атқарды. Үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен көзге түскен инженер 1964 жылы Жамбыл облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушы болып тағайындалып, жауапты да абыройлы іске белсене араласып кетті.

Партия ісіне деген принципшілдігімен, адалдығымен, үлкен жауапкершілігімен ерекше көзге түскен Сейфулла көп ұзамай облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып, Сәкең өзін ауыл шаруашылығы саласының үлкен білгірі, ұйымдастырушысы ретінде көрсете білді. С.Қожаханов 1975-1991 жылдары Жамбыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, облыстық агроөнеркәсіп саласын қамтамасыз ету базасын және облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігін басқарды. Сәкең қай қызметте болмасын өзін білікті басшы, іскер ұйымдастырушы ретінде көрсете білген және еңбек жолында көптеген кадрлар тәрбиелеп, артында үлкен із қалдырған айтулы азамат.

Өмірінде жинақтаған үлкен тәжірибені біліммен ұштастырып, экономика ғылымдарының кандидаты атанды. «Казсельхозтехника» бірлестігі мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болған жылдары облыстың колхоздары мен совхоздарын ауыл шаруашылығы техникаларымен, қосалқы бөлшектермен, автокөліктермен қамтамасыз етуде үлкен іскерлік көрсете білді. Сонымен қатар, Жамбыл облысын аса қажетті құрылыс ағаштарымен қамтамасыз ету мақсатында Сібірдегі Красноярск қаласымен тікелей экономикалық байланыс орнатты. Кәсіпкерлік қабілеті айрықша Сейфулла Қожахановтың іскерлігі мен ортақ тіл таба білетін дипломатиялық қасиеттерінің арқасында өңірге бірінші болып алыстағы Жапония елінен жүзге жуық «Ниссан», «Тойота» жеңіл автокөліктері жеткізілді. Ол шын мәнінде көпшілікпен біте қайнасып, істің көзін таба білетін, табыс қазанын қайната білетін іскер басшы болатын.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген Сейфулла Қожаханов облыстық «Казсельхозтехника» бірлестігін өрге сүйреп, социалистік жарыста талай рет топ жарды. Бірнеше рет бүкілодақтық, республикалық, облыстық еңбек жарысында жеңімпаз атанды. Үлкен бірлестіктің аты республиканың «Алтын кітабына» жазылды. Ұлтжанды азамат қылышынан қан тамып тұрған тоталитарлық заманның өзінде Өзбекстан Республикасынан 100-ден астам қазақтың отбасын көшіріп әкеліп, облыстың «Казсельхозтехника» бірлестігінің жанынан «Көксамал» қосалқы шаруашылығын ашты.

Көрші елден келген қандастарымыздың бәрі үй-жаймен, жұмыспен қамтамасыз етілді. Аз уақыттың ішінде мал шаруашылығы өркендеп, қойдың басы 5000-ға жетті. Олардың бәрі Арқадан әкелінген асыл тұқымды Еділбай қойы болатын. Ірі қараның саны 1000-нан асты. Жасанды көл жасалып, балық шаруашылығы дамып, өркендеді. Мойынқұм ауданын 25 жыл басқарған көрнекті партия ардагері Айтбай Назарбековтің: «Айналайын, Сәке! Сенің облысқа сіңірген еңбегің ұшан-теңіз! Бейнелеп айтқанда, сенің Қаратауды қозғалтуға күш-жігерің жетеді. Рақмет саған! Сені туған анадан, өсірген әкеден айналдым!» – деген ықыласқа, ризашылыққа толы сөздері әлі де халық есінде.

Елдің ертеңгі болашағын тереңнен ойлаған саналы азамат жастарға ерекше көңіл бөліп, тәрбиеледі, қамқорлық көрсетті. Сәкеңнің тәлім-тәрбиесін, қамқорлығын көргендердің көбісі облыстық, республикалық дәрежеде қызмет атқарып жүр. Игілікті істерімен бүкіл қазақты қуантып жүрген Талап Өскеленов, Төрехан Мұстафаев, Тастемір Бектұрғанов және басқалар Сәкеңнің шәкірттері. Сәкең істің көзін таба білетін, табыстың тайқазанын қайнататын нағыз кәсіпкер еді. Іскер азамат облыстық «Сельхозтехника» бірлестігіне төраға болып жүргенде, ең алғашқылардың бірі болып Қытай Халық Республикасымен біріккен кәсіпкерлікті жолға қойды.

1990 жылы Жамбыл қаласында біріккен фотостудия және «Әлия» рестораны ашылды. Сейфулла Сәкенұлы Оңтүстік Кореяға барған бір іссапарында олардың гранитті қалай өңдеп, тегістегенін көреді. Оңтүстік Кореяда ол доктор Чан Юн Бэнгпен танысады. 1991 жылдың қазан айында Оңтүстік Кореяға іссапар жоспарланған еді, билеттері де дайын болған, бірақ тағдырдың жазуымен бұл іс орындалмады...

Облыстағы гранитті өңдеу және тұзды өндіру саласында жұмыс істеп, шет елге – Жапонияға шығаруды көздеді. Қаратікеннен тұз өндіріп, оны гранит өңдейтін техникаға айырбастамақшы болды. Сол кездері Сарысу, Мойынқұм аудандарында орналасқан карьерлерге дейін жол тартып, Ұланбел селосынан Жамбыл қаласына дейін жол салдырды. Ел сыйлаған Сейфулла ағамыз қазақ десе түн ұйқысы төрт бөлінетін нағыз ұлтжанды зиялы азамат болатын. Көп жылдар бойы ұмыт бола бастаған қасиетті Наурыз мейрамын көне Тараз қаласында жандандырған Қожаханов бастаған азаматтар болды.

– Қазақ атқа мінсе, ерекше рухтанып кетеді. Өйткені, қазақ пен жылқының жаны өте ұқсас. Бірі – адам, екіншісі – жануар болса да, бірін-бірі үнсіз түсіне қояды. Мен бала кезімнен жылқы жануарын ерекше қастерлеп, жақсы көремін. Ол менің бойыма ерекше бір күш-қуат, жігер мен рух береді, – деуші еді жаны асыл Сейфулла ағамыз.

Тараз қаласының маңынан ипподром ашуға мұрындық болып, көкпар, бәйге, қыз қуу сияқты ұлттық ойындарымызды дамытқан Сейфулла Қожаханов екендігін Тараз халқы жақсы біледі. С.Қожахановтың еліне сіңірген осындай ерен еңбектері мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, ол «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар Достығы» ордендерімен және Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, бірнеше медальдармен марапатталды. Облыстың бірқатар ардагерлері және зиялы қауым өкілдерінің тікелей бастамасымен 2011 жылы Тараз қалалық әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімі негізінде еңбегі құрметпен бағаланған С.Қожахановтың Тараз қаласындағы өзі тұрған үйге арнайы тақта орнатылды. Өз қоғамының асқаралы азаматы, айтулы тұлғасы С.Қожаханов аяулы жары, марқұм Зура Ғапсұлтанқызымен бірге тәрбиелеп өсірген перзенттері жоғары білім алып, өз мамандықтары бойынша еңбек етіп келеді.

Клара, Тамара, Казбек, Гүлнар, Гүлмира, Бауыржан, Дана ұлы Абай айтпақшы, өмірден өз орындарын тауып, бір-бір қажетті кірпіш болып қаланды. Ата аналарының, елдің сенімін ақтады. Сәкең ағамыз бен Зура апамыздан өрбіген 15 немере, 9 шөбере жасыл құрақтай жайқалып өсіп келеді. Бар-жоғы 54 жасты өміріне серік, қызметіне көрік еткен қазақтың кер маңдайлы керім ұлы, тау мүсін Сейфулла Сәкенұлы Қожахановтай асыл азамат 1991 жылдың 15 қазанында өмірден өтті. Сәкең дүниеден өткенде көкірегі қарс айырылып, көзіне жас алмаған адам болмаған шығар. Сол күні жаңбыр сіркіреп жауып, табиғаттың өзі ардақты азаматын жоқтап, жылап тұрды. Жақсы адамның есімі мәңгілік, ол ешқашан да ұмытылмақ емес. Бір әттеген-ай дейтін жай – Жамбыл облысының өркендеп өсуіне шексіз үлес қосқан Сейфулла Қожахановқа Тараз қаласынан бір көшенің атын беру бұйырмапты.

Бұл туралы Сәкеңнің көзін көрген еңбек ардагерлері бірнеше мәрте мәселе көтерді. Алайда Тараз қаласының әкімшілігі, Тараз қалалық мәслихаты тиісті шешім қабылдамай келеді. Жамбыл облысының бір перзенті болғандықтан, еліме, жеріме жиі атбасын бұрамын. Барған сайын қасиетті өңірдің небір жақсылары мен жайсаңдары еске түсіп, жүрегіңді сағыныш сезімі кернейді.

Ескі таныстарды, көзкөргендерді кездестіргенде, көбісі: «Сейфулла ел үшін, қазақ үшін туған азамат еді», – деп Сәкеңнің жеке басына тән биік адамгершілік қасиеттері мен еліне сіңірген еңбегіне үлкен баға береді. Иә, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Сейфулла Сәкенұлы Қожаханов Әулиеата өңірі жұртшылығы арасында аса үлкен беделге ие болған жан еді. «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы адам ортақ» деген осы болса керек.

 

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,

жазушы-режиссер,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Ұқсас жаңалықтар