«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараздың ақ халуасы еліміздің барлық өңірлерінде сатылады

Тараздың ақ халуасы еліміздің барлық өңірлерінде сатылады
Автор
Халуа – адамзат ежелден тұтынып келе жатқан, дәмі тіл үйіретін, денсаулыққа пайдалы жеңсік астың бірі. Ол кондитерлік өнімдердің арасында қанттылығы өте аз, құрамында ақуызы молдығымен ерекшеленеді. Сондықтан да оны қаны аз адамдар көбірек тұтынуға күш салады. Кейінгі кезде бұл тағамның жүрек қан тамырларының жұмысын жақсартатыны жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Басқаларға қарағанда бағасы да арзан. Бұрын халуа дастарқанда сыйлы қонақтардың алдына қойылатын. Оған деген сұраныс қазір де төмендеген жоқ.

Өтпелі кезең атанған 1990 жылдардың ортасында облысымыздың аумағында жеңсік ас өндіретін санаулы өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, мүлдем жойылып кетті. Мұндай қиындық құрылыс саласын да айналып өтпеді. Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп, ірі кәсіпорында өндіріс бөлімінің басшысы болып жүрген Нұрлан Аханов та жұмыссыз қалды. Үйде қол қусырып, қалай отырады? Ол бес жыл тауарларды алып-сатумен шұғылданды. Көзі ашық, көкірегі ояу, іскер азаматты «халықтың сұранысын өтейтін жаңа өнім шығарсам» деген ой ұзақ уақыттан бері мазалап жүретін. «Әркімге ниет еткен нәрсесі беріледі», – деп текке айтпаса керек.

Нұрлан Шүкіржанұлына нарықта өтімтал тауардың бірі – халуа өндіретін шағын кәсіпорын ашудың сәті 1998 жылы түсті. Істі бастар алдында Алматыдағы жеміс қалбыр зауытының мамандарымен ақылдасып, тәжірибесін басшылыққа алды. Тараздағы М.Тынышбаев көшесі бойынан 0,5 гектар жер алып, зауыт құрылысын бастады. Бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін шетелдік озық үлгідегі құрылғыларды орнатты. Кеңестік кезеңде негізгі шикізат – күнбағыс дәнегі қабығынан ажырату кезінде толық тазаланбағандықтан, тағамның түрі қоңыр түсті болатын. Ал германиялық жабдық дәнекте қабық қалдырмайды. Соның нәтижесінде сапасы жоғары ақ халуа өндіруге қол жеткізілді.

Алғашқы кезде «Тараз халуасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 6 адам жұмыс істеп, күнделікті 300 килограмм өнім өндірді. Ол облыс орталығындағы сауда орындарына өткерілді. Міне, бүгінде серіктестіктің ырғақты жұмыс істеп, халыққа сирек кондитерлік жеңсік ас ұсынып келе жатқанына 27 жыл болыпты. Кәсіпорын басшысы Нұрлан Аханов бағасы қолжетімді, жоғары сұранысқа ие тауар өндіру бағытындағы ізденісін бір сәт те тоқтатқан емес. Мұның өзі нәтижесіз емес. Қазір мұнда 50 адам жұмыс істейді.

Зауытта күнделікті 3 тонна өнім өндіріліп, тапсырыс бойынша еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтіледі. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 200 мың теңге. Қазір мұнда ұнтақталған күнбағыс дәнегіне жаңғақ, жер жаңғақ, мейіз, какао және мияның қайнатылған тамырының тұнбасын қосу арқылы халуаның алты түрі шығарылады. Олар өндіріске қажетті күнбағыс дәнегін Павлодар және Қостанай облыстарынан әкеледі.

Өткен жылы солтүстік облыстардан 800 тонна шикізат жеткізілген. Серіктестік жыл сайын 600 миллион теңгенің өнімін өндіреді. Салыққа міндетті төлемдерге қарызы жоқ. Жергілікті бюджетке ай сайын 5 миллион теңгеге жуық аударылады. Мұнда жыл сайын тапқан табысының бір бөлігін өндірісті жаңартуға жұмсау игі дәстүрге айналған. Мұның өзі зауыт құрылғыларының 80 пайызын жаңалауға мүмкіндік берген. Тараз халуасы еліміздегі өзге тауар өндірушілерге қарағанда бағасының қолжетімділігімен де ерекшеленеді.

– Таяуда салмағы 20 грамм, конфет пішіндес халуа шығаруды қолға алдық. Бұл тұтынушылар үшін өте тиімді. Олар бірер күннен кейін сауда орындарына жөнелтіледі, – дейді «Тараз халуасы» ЖШС директоры Нұрлан Аханов.

 

Ақан ЖОЙҚЫНБЕК,

журналист. Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар