Мамандық таңдаудағы қателік жұмыссыздыққа апаруы мүмкін
- author «Ақ жол»
- 3 маусым, 2025
- 263

Қаламаған мамандықпен оқуға түсудің арты жұмыссыздыққа жеткізеді. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық ел экономикасына кері әсерін тигізіп ғана қоймай, жеке тұлғаның тағдырын да бұзады. Жұмыссыз болған соң ата-анасына масыл, отбасын құрғаннан кейін де жұбайының табысына серіктесіп, соның салдарынан отбасында түрлі дау туып, кейбірінің некесі ажырасумен аяқталады. Ал ажырасудың салдары жұбайларды ғана емес, ортадағы балаларды да бақытсыз етеді.
Жұмыссыздықтың салдары мұнымен де шектелмейді, өз мамандығымен жұмыс таппағандықтан, күнкөріс үшін түрлі қара жұмысқа жегілуге тура келеді. Айласын асырған кей пысықтар дипломсыз, нәпақа үшін кез келген жұмысқа дайын адамның еңбегін пайдаланып, құқын таптауға дейін барады. Ондайларды да күнделікті өмірде кездестіріп жүрміз.
Ешқандай келісімшартсыз малшы болуға, егіншілік немесе үй шаруасын атқаруға жалданып, жалақысын уақытылы әрі еңбегіне сай төлемесе, уақытылы еңбек демалысын бермесе, тағы да басқа тиісті міндеттерін атқармаса, ол құзырлы орындарға шағымдана да алмайды.
Себебі құқығының тапталғанын дәлелдейтін қолында құжаты жоқ. Мамандықты дұрыс таңдап, оны меңгергені туралы диплом алмағанның салдарынан, құжатсыз жұмыс істеудің соңында құлдықта жүргендердің ауыр тағдырын ақпарат құралдарынан естіп, көріп те жүрміз. Міне, осындай қиын жағдайға тап болмау үшін мектепті тәмамдап, мамандық таңдаудың алдында тұрған жас түлектерге кеңес ретінде бүгінгі еңбек нарығында қандай мамандықтарға сұраныс барын саралап көрдік. Көкейдегі сауалды облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібековтен сұрадық.
– Қазір еңбек нарығында техникалық мамандарға сұраныс жоғары. Қазіргі уақытта 50-ден аса жұмыс берушілерден 100 ден аса инженерлік, техникалық мамандарға сұраныс түсіп отыр. Содан соң сұраныстағы басым мамандықтар – педагогтерге және мемлекеттік жергілікті басқару мамандарына қатысты. Біз өз тарапымыздан облыстық білім басқармасымен бірлесіп, оқу жылы барысында мектеп бітіруші түлектерге ашық есік күндерін өткіздік. Қазіргі қажетті мамандықтар бойынша өз талдауымыздың нәтижесімен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әрине, әр түлектің қай мамандықты таңдайтыны өз еркі, мұнда ата-аналардың да ықпалы бар. Өз тарапымнан мектеп бітіруші түлектер кәсіби мамандықтарға бет бұрса деген кеңес айтар едім. Жақында облыстағы аудандарды түгел араладық. Сонда байқағаным, аймақтарда агрономия және ветеринария саласының мамандары тапшы, – дейді Серік Айдарұлы.
Орталық басшысы атаған жұмысшы мамандықтарын қазір тегін оқытатын мүмкіндіктер де бар. Жастар өзі қаламаған, бойында ол іске бейімі жоқ мамандықты ақылы негізде оқып, 4 жыл уақытын сарп еткенше, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын меңгерсе, болашағына да баянды бағыт бастар еді.
Халық арасында айтылатын «Адамның өзіне екі-ақ таңдау беріледі, бірі – жар, екіншісі – мамандық таңдау» деп бекер айтылмаса керек. Осы екі таңдауда қателеспеген жанның өмірі бақытты болатынын өмір өзі көрсетіп келеді. Қорыта айтарымыз, жас түлектер мамандық таңдау арқылы өміріне оң жол бастайтынын ұқса екен.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді