«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Салық төлеудің тың тәсілдері түсіндірілді

Салық төлеудің тың тәсілдері түсіндірілді
ашық дереккөз
Салық төлеудің тың тәсілдері түсіндірілді

Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының ұйымдастыруымен қалалық Мәдениет үйінде ҚР салық заңнамаларына үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген толықтыруларды түсіндіру мақсатында семинар өтті. Оған «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы мен қаладағы мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері, салық төлеушілер мен кәсіпкерлік ортаның өкілдері қатысты. 

Семинарды ашып берген басқарма басшысы Ерлібек Зикеев өзгерістерге енген салық заңнамаларындағы электронды шот-фактураларды жетілдіру барысындағы қосымша құн салығына, кәсіпкерлік нысанды жоюға берілген жеңілдіктер, корпоративтік табыс салығы, жер салығы мен мүлік салығы, салықтық әкімшіліктендіру мәселелеріне екпін берілетіндігін атап көрсетті. Алғаш сөз алған басқарма басшысының орынбасары Ардақ Асқарова кәсіби медиатордың, адвокаттың, жеке сот орындаушысының, жеке нотариустың дара кәсіпкердің есебіндегі тіркеулер бойынша негізгі өзгерістер туралы түсіндіре кетті. Оның айтуынша, Салық кодексінің 12-бабы 20-2-тармақшасымен толығып, кәсіби медиатор түсінігімен анықталыпты. – Салық кодексінің барлық мәтіні санаттар түрлеріне қарай салықтық міндеттеме орындауға қатысты болып өзгертілген. Бұған қоса, жеке тұлғалардың жеке сот орындаушы, кәсіби медиатор, адвокат, жеке нотариус ретінде тіркелу мақсатында ұсынған салықтық өтініш рәсімдері 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап, тек «Электронды Үкімет» веб-порталы арқылы электронды түрде ғана жүргізіледі. Салық кодексінің 565-566-баптарына сәйкес, жоғарыда аталған салық төлеушілер санатындағыларға қағаз тасығышпен салық органдарына салықтық өтініш беру шектелген, – дейді А.Асқарова. Қысқасы, мемлекеттік кірістер департаментінің басқармалары бұрынғыдай жеке тұлғалардың жеке сот орындаушы, кәсіби медиатор, адвокат, жеке нотариус ретінде тіркелу мақсатында ұсынған салықтық өтініштерін қағаз тасығышта қабылдамайтынын ескертеді. Семинар барысында басқарманың өзге де мамандары саладағы соңғы өзгерістерге байланысты бекітілген жаңа тәртіптерді түсіндірді. Ал семинар соңында басқарма басшысы Е.Зикеев бастаған сала мамандары жиынға қатысып отырған салық төлеушілердің сұрақтарына жауап берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар