
Оған жас аналардың баланы шамадан тыс өбектеуі де себеп болса керек. Ал баланы телефон мен теледидардан алыстатудың бірден-бір жолы – ол саябақтар мен ойын-сауық орталықтарына немесе бассейндерге апарып тұру. Ал ондай қыдыру ақшаға келіп тіреледі. Әрине, балаға салсаң демалысын күнде ойын-сауық орталықтарында өткізгісі келері анық. Бірақ бұл әке-шешенің қалтасына ауыр тиері белгілі. Ал облысымыздағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру-сауықтыру лагерьлеріне келетін болсақ, Жамбыл облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Алибаеваның айтуынша, өңір аумағында 11 қала сыртындағы маусымдық және 1 жыл бойы балаларды сауықтыру лагері, оның ішінде: 5 мемлекеттік, 2 жеке заңды тұлғалардың сенімгерлік басқаруына берілген және 5 жеке сауықтыру лагері бар.
«Былтырдан бері 5 лагерь жұмыс істемейді. 4 лагерь басшыларынан биылдыққа жұмыс істемейтіндігі туралы хат бар болса, 1 лагерьге жазғы кезең ішінде күрделі жөндеу жүргізілуде», – деді департамент басшысы.
Сондай-ақ Салтанат Алибаева 2024 жылы 5 балалар сауықтыру лагерінің жұмысына мониторинг жүргізу барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы анықталғанын, атап айтар болсақ, істен шыққан шамдардың ауыстырылмағандығы, корпустарды, жалпы және ағымдағы тазалаудың сапасыз жүргізілгендігі, дезинфекциялау құралдарын дайындау мен қол жууға арналған құралдардың болмауы сынды талаптардың бұзылғандығын айтып өтті. Балаларға арналған лагерьлердің жетіспеушілігі себебінен, облысымызда қала сыртындағы лагерьлерге кез келген оқушы бара алмайды. Бұл тек бір облыстың емес, республикамыздың да өзекті проблемасы.
Еліміздегі балалар лагерінің жетіспеушілігі сонша, олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды екен. Оған қоса, пандемиядан кейін лагерьлердің 30 пайызы нарықтан кеткен. Басым бөлігі 60-70 жылдары соғылғандықтан әбден тозығы жеткен немесе жекеменшікке өтіп, өзге мақсатта пайдаланылуда. Ал жұмыс істеп тұрған көбінің материалдық-техникалық базалары жаңартылмаған. Әр жылы лагерьлерге негізінен көпбалалы, аз қамтылған отбасының, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды сауықтырумен әрі демалыспен қамту жоспарланады.
Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл 1-10- сыныптағы 192867 оқушыны жазғы демалыспен қамту көзделіп отыр. Жалпы, балалардың сауықтыруын ұйымдастыруға жергілікті бюджет есебінен 786,6 миллион теңге қаражат қарастырылған екен. Жоғарыда айтып өткен 12 қала сыртындағы лагерьдің 7-і маусым айынан бастап балаларды қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикада білім басқармасы мектеп жанындағы лагерьлерді жазғы лагерьлер деп есептейді. Бала ол жерде 5-6 сағат ғана уақыт өткізеді. Бұл қала сыртындағы маусымдық лагерьлердің орнын баса алмасы анық.
Облыстық білім басқармасының бас маманы Эльмира Пернебекқызы:
– Биылғы жылы облыста 1-10- сыныптар арасында 217757 оқушының 88,5 пайызын демалыспен және сауықтырумен қамту мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде қала сыртындағы – 6576, жыл бойы жұмыс істейтін – 300, мектеп жанындағы тамақтанумен 33607 бала демалады деп жоспарланып отыр, – деді.
Сонымен қатар 2025 жылы «Қазақстан халқына» қоры есебінен облыстың оқу үздіктері, түрлі жарыстар мен байқаулардың жеңімпазы атанған 593 оқушы қала сыртындағы лагерьлерде демалыспен қамтылатыны қуантады.
«Сондай-ақ облыс бойынша 407 мектеп жанындағы тамақтанумен лагерьлердің жұмысы 2 маусымнан басталады. Бұл бағытта екі ауысымда 33607 баланы (әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасының балалары) қамту жоспарлануда», – деді Эльмира Амангелдина.
Облысымызда маусымдық қала сыртындағы лагерьлердің аздығын алға тартып едік, Эльмира Пернебекқызы былтырдан бері уақытша өз жұмысын тоқтатқан «Бәйтерек», «АЮ», «Рауан», «Жұлдыз», «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені лагері мен «Ә.Молдағұлова атындағы сауықтыру» лагері іске қосылса, лагерь жетіспеушілігінің жойылатындығын жеткізді.
Жоғарыда қала сыртындағы лагерьлерге тек аз қамтылған не көпбалалы отбасылардың балалары ғана бара алатындығы айтылды. Сондай-ақ үздік оқушылар мен түрлі байқаулардың жеңімпаздарына жолдамалар берілетініне тоқталып өттік. Ал аты аталған осы санаттарға жатпайтын балалар қайтпек?
Әрине, еліміздің әр аймағында бағасы аспандап тұрған жекеменшік лагерьлер жетерлік. Жарнамалары да көз тартарлық. Бірақ бір апталық демалысы 150-300 мың теңгені құрайтын жекеменшік демалу сауықтыру лагерьлерінің бағасын барлық ата-ананың қалтасы көтере бермейді.
Айта кету керек, Amanat партиясының Жол картасында 50 балалар сауықтыру лагерін салу көзделген. Алайда былтыр оның тек бесеуінің ғана құрылысы жүріп жатқандығы туралы айтылған.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Мейірімділік пен ізгіліктің жаршысы
- 13 маусым, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді