
Солардың бірі және бірегейі – Шалтай Саяқұлы (Шалданбай) – майдангер, Ұлы Отан соғысы ардагері, рота командирі. Атамыз 1923 жылдың көктемінде Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, бұрынғы Шетбұлақ, қазіргі Қайрат ауылында дүниеге келген. Нақты туған күні белгісіз болғандықтан, кейініректе туған күнін 9 мамыр мерекесімен бірге атап өтіп жүрдік. Атамыз төрт ағайынды – үш ұл, бір қыз. 1940 жылы атамның туған ағасы Балданбай Отан алдындағы борышын өтеуге әскер қатарына алынды (майданнан аман оралды).
Сұрапыл соғыс басталған уақытта атамыз небәрі 18 жаста болған екен. Отанды қорғауды азаматтық борышы санаған ол аудандық әскери комиссариатқа барып, өтініш беріп, 1941 жылы 3 наурызда әскер қатарына шақырылды. Алматы қаласында 2 ай, Саратов қаласында 6 ай дайындықтан өтіп сержант шенімен сол жылдың қазан айында майданға аттанған.
«Бір ғана Сталинград майданында қазақ жауынгерлерінің саны 8 280 адам болған екен, кейін білдік», – деп үнсіз еске алатын өзі.
1942 жылдың шілде айында басталып 1943 жылдың ақпанына дейін 200 күнге созылған Сталинград шайқасы фашистік Германияның таңдаулы әскерінің тізе бүгуімен аяқталған. Дәл осы шайқаста жау тарапы 1,5 миллионнан астам, Қызыл Армия 1 миллион 130 мыңға жуық адамдарынан айырылған. Атамыз 281 атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасында, Волга, Днепрден өту соғыстарына қатысқан.
«Ең бір есте қалған кез фашистерді қуып келе жатып, Днепр өзенінен өткенде қиналдық. Өйткені, жаяу әскерді арғы жағаға өткізу үшін көпірдің орнына екі жағаға байланған «трос» арқылы өту керек болды. Арғы беттен немістер атқылап жатты, көз алдымызда талай жас сарбаздар мерт болып, суға ағып кетті», – деп атамыз естеліктерімен бөліскен.
1944 жылы 244 атқыштар дивизиясы, 907 атқыштар полкінде бөлімше командирі болған. Полк Кишинев, Одесса қалаларын азат етті. Кейін 57 армияда взвод командирі болған. Молдавиядағы Бендер қаласын азат еткен шайқаста атамыз ерлігімен көзге түсіп, Сталиннің «Алғыс хатымен» марапатталған. 1945 жылы 51 механикаланған танк полкінде бөлімше, взвод және ротаны басқарған.
Атамыз Сталинград, Украина, Белоруссия, Молдавия қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1945 жылы Молдавияда соғысты аяқтап, 1947 жылға дейін 61 әскер қатарында болған.
«Егер Жапония соғыс аша қалатындай болғанда полкті бірден сонда жіберуге дайын тұрдық», – дейтін атамыз.
Атамыздың Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі, еңбегі үшін «Ұлы Отан соғысы», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін», «Маршал Жуков», «За боевые заслуги», «Ұлы Отан соғысына – 25 жыл», «Еңбек озаты» және тағы да басқа 12 медалмен марапатталды.
Сонымен қоса, тың жерлерді игергені үшін «Еңбек ардагері» медалі және еңбектері үшін мақтау қағаздарымен, аудан, облыс әкімдерінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталған. Шалтай Саяқұлы 1947 жылы 4 наурызда елге оралды. Апамыз Рыскүлмен отау құрып, төрт ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Аллаға шүкір, бүгінде атамның 22 немересі, 53 шөбересі бар.
Батыр ардагер атамыз 2008 жылы 10 сәуірде 85 жасында дүниеден озды. Көзі тірі болғанда биыл 102 жасын атап өтер едік. Атамыз кіші ұлы Алтынбек (әкем) пен келіні Нұржамалмен (анам) бір шаңырақта тұрды. Әулетіміздегі кез келген жиын, қуаныштар біздің үйді айналып өтпейтін, алыстан келген қонақ тұрақтайтын, үлкені мен кішісі сәлем беру үшін іздеп келетін қара шаңырақ болатын.
Қазір де осындай және бұдан кейінде осылай қала бермек. Атам дүниеден өткен кезде мен небәрі 10 жаста болдым. Атам екеуміз бір бөлмеде ұйықтайтын едік. Таңмен жарыса оянып алып, ойыма келген сұрақтарды қойып отырушы едім. Атам еш жалықпастан бәрін әңгімелеп отыратын. Сол кезде атам өзінің басынан кешкен қызықты әңгімелерін, сұрапыл соғыс уақытын, ғибрат алатын көптеген әңгімелерін айтатын. Қарап отырсам, сол кездер қайталанбас, баға жетпейтін бақытты сәттерім екен.
Бір күні атамнан соғыс жайлы сұрадым. Ойын баласы болғандықтан ба көптеген оқиғаларды есіме дұрыс сақтамаппын. Есімде нақты қалғаны арпалысқан соғыс сәттерін бейнелегені екен. Жаудың оғы мен бомбасы, қызыл әскердің шабуылы. Атамның дәл жанында бомба жарылған екен, сол себептен бір құлағы дұрыс естімей аппаратпен жүруші еді. Қай уақытта екені белгісіз, бірде атамның артынан белгісіз жау әскері түсіпті.
Мақсаты қандай екені жау деген атынан белгілі ғой. Атам да оның жаман пиғылын бірден сезіп, сақ жүрген екен. Суық қаруын шығарып ұмтыла бергенде атам шапшаңдық танытып, өзін ажал құштырған. Шамасы жау әскерінің тыңшысы немесе арнайы тапсырмалар орындайтын жендеті болса керек. Қазір сол айтқандарын сараптай отырсам, өмірдің де, өлімнің де арасы қандай жақын болған деп ойлаймын.
Батырдың немересі атанып, есімін арқалап жүру – мен үшін үлкен мақтаныш, жауапкершілік. Біз қазақ деген батыр халықтың ұрпағымыз. Біздің өткеніміз барша қазақстандықтың тарихы. Бейбіт күнді сыйлаған, қаны мен терін аямаған ата-бабаларды ұлықтап, құрмет көрсету – барша қазақстандықтың парызы. Осынау тарихы мен батырлары бар біздің халқымыз бақытты.
Мен әрдайым «Патриот болу таңдау емес, ол – міндет», – деп айтып жүремін. Осынау теңіздей терең тарихымыз бар да, ержүрек батырлардың ұрпағы бола тұра, өз Отанымыз Қазақстанның жарқын болашағы мен келешек ұрпақтың бақытты өмірі үшін аянбай, бар күш-жігерімізді ел игілігіне жұмсауды азаматтық борышымыз деп білемін.
Еркебұлан АЛТЫНБЕКҰЛЫ,
батырдың немересі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді