«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әулеттің әжесі, ауылдың анасы

Әулеттің әжесі, ауылдың анасы
Автор
Қоғамның басты байлығы – бүтін отбасы. Әр отбасының татулығы мен жарасымды сыйластығы. Әр шаңырақтың татулығы әулеттің ынтымағына жол ашатыны анық. Бір өзі бүкіл ауылдың анасына айналған әжелер аз емес. Ондай кісілердің ақылы мен өнегесі, ізгі қасиеттері баршаны мойындатып тұрады. Ауылға жаңа түскен келіндерге де тәрбиесі мен тағылымы мол болады. Сондай, ардақты әженің бірі – Т. Рысқұлов ауданы, Жарлысу ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Бәди Есіркепбаева.

Бәди әже қиындықпен өткен бала күндерін еске алғанда аяулы анасы Шәйділда Болатбекқызына риза болатыны бар. Ол кісі өзі жастай жесір қалса да, екі қыз, бір ұлының жоғары білім алуына ықпал етті. Перзенттерінің жоғары білімді маман болып, елге қызмет жасағанын қалады. Ананың тілегі қабыл болды. Қызы Бәди Алматыда жоғары білім алып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанса, ұлы Тұрсан Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, агроном мамандығын меңгерді.

Әуелі Жамбыл ауданы, «Бесағаш» кеңшарында агроном болған ол кейіннен Т.Рысқұлов ауданында ұжымшар төрағасы болып жемісті еңбек етті. Т. Рысқұлов ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Міне, ұлы мен қызының осындай абыройлы сәттерін көруді Жаратушымыз Шәйділда әжеге нәсіп етті. Тілеуі жақсы қарт перзенттерінен немере шөбере сүйіп, 1994 жылы 90 жасында бақилық болған екен.

Енді негізгі кейіпкеріміз Бәди Есіркепбай қызына келейік. Жолдасы Қадыр екеуі 8 перзентті тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда 4 ұл, 4 қызы қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр. Қыздары дәрігер, шаштараз, кәсіпкер болса, ұлдары да нағыз қажетті мамандықтарды меңгерген. Бір баласы Айдарбек Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жауапты қызмет атқарады. Ал кенже баласы Бекет Өрнек ауылдық округінің бас маманы болса, келіні Гүлжан Қоңырбаева – клуб меңгерушісі. Әже бүгінгі таңда ұл-қыздарынан 21 немере, 36 шөбере сүйіп отыр.

– Ұзақ жыл ұстаз болып еңбек еттім. Халел ағай мектепке ұзақ жыл директор болды. Мектептегі жұмысымнан босай қалғанда, енеме қарадым. Енемнің ақылын тыңдадым. Жұбайым Қадыр – көлік жүргізушісі болды. Автодүкеннің машинасын айдады. Үнемі Сусамыр жайлауындағы малшыларды аралап, солардың керегін апарып жүретін. Екеуміз ұл-қыздарды бірге тәрбиелеп өсірдік. Перзенттерімізге, немерелерімізге қазақылықты, ұлттық дәстүрді, үлкенді сыйлауды үйреттік. Қазақ халқының әдеп-салтынан, дәстүрінен біздің ұрпақтарымыз хабардар болды деп ойлаймын. Қазір жасым 89-да. Бүгінгі таңда ауылдың анасына айналдым. Жас отау иелері келіп, бата сұрайды. Оларға батамды беріп, «Бақытты болыңдар, жұптарың жазылмасын» деген тілек айтамын. Өзімнің жүздеген шәкірттерім бар. Олар келіп амандасып тұрады. Өміріме ризамын. Қолымдағы келінім Гүлжанға да кісі күтудің жолдары мен тәртібін айтып отырамын. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді қазақ. Қонаққа құрмет жасаған, кең болған жақсы. Немере-шөберелерім жан-жақтан сағынып, іздеп келеді. Бұл үлкен бақыт деп ойлаймын. Тағдырыма ризамын, – дейді Бәди Есіркепбайқызы.

Біз бұл әулеттен ынтымақ пен бірлікті, жарасымды тірлікті аңғардық. Әже тәлімін көрген немерелердің бойынан да ізгілік пен тәрбие байқалады. Сол тәрбие оларды жақсы жолдарға жетелей беретіні анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Т. Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар