
Биыл облысымызда 714 мектеп бітіруші «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болса, 990 мектеп бітіруші «Үздік аттестатқа» үміткер атанды. Айта кетейік, «Алтын белгі» аттестаттарын алуға үміткерлердің жазбаша емтихан жұмыстарын облыстық білім басқармасы жанынан құрылған комиссия қарайды. Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, 9-сынып оқушылары 4 пәннен – математика, қазақ/орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай қазақ тілі немесе орыс тілінен 29 мамыр мен 10 маусым аралығында қорытынды мемлекеттік емтихан тапсырады деп жоспарланған. Ал 11-сынып түлектері 30 мамыр мен 16 маусым аралығында 5 пәннен, яғни Қазақстан тарихы, математика, қазақ/орыс тілі, таңдау пәні, оқыту тілдеріне қарай қазақ тілі немесе орыс тілінен мемлекеттік бітіру емтиханынан өтеді.
Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, өткен жылы тұңғыш рет барлық мектептерде оқыту тіліне қарамай қазақ тілі және әдебиет пәнінен аралық емтихандар енгізілген. Аралық емтиханды 5, 6, 7, 8, 10-сынып оқушылары 27-31 мамыр аралығында тапсырады. Бұл емтиханның мақсаты – оқушылардың мемлекеттік тілді оқып үйрену деңгейін анықтау және білімдерін шыңдауға дағдыландыру.
– Мектеп бітіру аттестаттарын түлектерге тапсыру салтанатын 18-20 маусым аралығында өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар мектеп бітіруші барлық оқушылар үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да ауқымды жағдайда мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін тағы да еске салғымыз келеді, – деген басқарма басшысы Нұрбек Әбубекұлы мектеп бітіру салтанаты үшін ақша жинауға тыйым салынатынын ескертті.
Ал, 2024–2025 оқу жылының жетістігіне тоқталсақ, ол – халықаралық, республикалық олимпиадалар мен байқауларда облыс атынан қатысқан оқушыларымыздың үздіксіз жүлдемен оралуы. Республикалық ғылыми жобалар байқауында 35 оқушы жүлдегер атанып, өңір командасы «Ең үздік команда» деп танылды. «Зерде», «Ғылым әлемін ашамыз», Өмірбек Жолдасбеков атындағы және өзге де халықаралық конкурстарда жүзден жүйрік шыққан жастар түрлі медалдарға ие болды.
Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадаларда облыс оқушылары 32 жүлде жеңіп алып, «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленді. «Білім-Инновация» лицейінің, №41 және №5 гимназиялардың оқушылары еліміздің, ТМД және халықаралық жарыстарда топ жарып, ІТ, STEM, робототехника, информатика, өнер мен көркемсөз байқауларында жоғары нәтижелер көрсетті. «Мың бала» ұлттық олимпиадасында кейінгі үш жылда 357 ауыл оқушысы жеңімпаз атанып, олардың 268-і мамандандырылған мектептерге қабылданды. «WORLDSKILLS KAZAKHSTAN – 2024» чемпионатында облыс студенттері «Ақпараттық кабельдік желілер» құзыреттілігі бойынша бірінші, «Бизнестегі ІТ шешімдер» құзыреттілігі бойынша үшінші орын және 11 медаль алды. Бұл – жамбылдық ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың табандылығының нәтижесі.
– Өткен жылы 16 білім нысанының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде, 8 оқушы орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептер мәселесі шешілді. Мемлекет басшысының білім саласындағы бастамаларын жүзеге асыру шеңберінде облыста 2023 жылы 7 жайлы мектептің құрылысы басталып, оның үшеуі 2024 жылы, біреуі 2025 жылы пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, жыл соңына дейін тағы 3 мектептің құрылысы аяқталады. 2024 жылы өңір мектептері үшін 285 жаңа үлгідегі пәндік химия, физика, биология кабинеттері, 22 STEM зертханасы, 21 робототехника кабинеті, 53 ұлдарға және 52 қыздарға арналған шеберханалар сатып алынды. Бұл оқушылардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Келесі кезеңде мектеп инфрақұрылымын бірыңғай заманауи форматқа көшіру көзделуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мектептерді реновациялау бағдарламасы басталды. 2025 жылы бұл бағдарлама аясында 10 мектепке жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан және бастауыш сыныптарынан 110 мыңнан аса оқушы мектептерде тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл – балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада сапалы білім алуына бағытталған маңызды қадам. Сондай-ақ биылғы оқу жылы балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды оқиғаларға толы болды. Осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін өңірде «Бестерек», «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+», АИК (Аналитикалық интернет карта) жобалары мен KiVa, «ДосболLIKE» сынды бағдарламалар іске асырылуда. 2023 2024 оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында барлық мектептерде балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту мақсатында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Облыстағы білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, педагогтердің, ата-аналардың психологиялық әл-ауқатын сақтауға және нығайтуға бағытталған психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесін құру мақсатында білім басқармасы жанынан психологиялық қолдау орталығы ашылып, жұмыс істеуде, – дейді Нұрбек Әбубекұлы.
Әлеуметтік қолдау – жастарды жұмысшы мамандықтарына ынталандырады
Облыста 42 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 28 219 студент білім алуда. Бұл оқу орындарының 20-сы мемлекеттік, 22-сі мемлекеттік емес колледждер. Осы оқу орындарынан биыл 7 248 түлек еңбек нарығына бет түзегелі отыр. Олардың ішінде 3 880 студент мемлекеттік тапсырыспен білім алған.
– Өткен жылы маман даярлауға грант көлемі 7 486 орын болса, биыл 7 656 орынға грант бөлінді. 2024 жылы қыркүйек айынан бастап студенттердің шәкіртақысы 2 есеге өсті, 43 574 теңге болды. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім алатын 1 019 студент жатақханамен, 7 571 студент ыстық тамақпен қамтылып, 6 мыңға жуығына жол шығындарын өтеу бойынша әлеуметтік қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл өз кезегінде жастар арасында жұмысшы мамандықтарға түсуге ниет білдірушілердің қатарын арттыруға ықпал етті. Өздеріңізге белгілі, облыста инвестициялық жобалар қарқынды дамып, ауқымы бойынша республикада алғашқы орындамыз. Бұл өз кезегінде техникалық және кәсіптік білімде үлкен трасформациялық жұмыстарды талап етеді. Осыларға кадр әзірлеуде біздің колледждер дайын болу қажет. Сондықтан,ол жұмыстар басталды. 2025-2027 жылдары металлургия саласындағы инвестициялық жоба «Yonggang Iron and Steel Group Co.,Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1000 жұмыс орны, «Investment Co., Ltd. Fufeng Group Ltd» жүгері өңдеу зауытында 500 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осындай инвест жобаларға сапалы кадр дайындау мақсатында облыста шетелдік колледждің филиалын ашу жөнінде Қытай мемлекетінің Сиянь қаласындағы кәсіптік білім беру комитетімен облыстық білім басқармасы арасында келісімге қол қойылды. Өз кезегінде ірі кәсіпорындардың базасында өндірістік дуалдық оқытудан өту, түлектерді өз мамандықтарымен жұмысқа орналастыру, ірі өндірістермен салалық кластерлер құру, серіктес кәсіпорындарында оқудан, тағылымдамадан өту жұмыстары да басталды, – деген Нұрбек Оршыбеков бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Қамар ҚАРАСАЕВА.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді