
Облыс әкімдігі білім басқармасы «Жамбыл дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиеваның айтуынша, 2020 жылдан бастап «Ел үміті» корпоративтік қорының бастамасымен «Мың бала», «Қабілет» қызметі жобалары іске асырылып келеді. Ауылдық жерлердегі оқушылардың дарыны мен қабілетін қолдау мақсатында «Мың бала» ұлттық олимпиадасына кейінгі үш жылда қатысқан 32 мың оқушының 467-сі жеңіске жеткен. Қазіргі күні 318 оқушы мамандандырылған мектепке орналастырылған.
– «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, облысымыздың дарынды жеткіншектері де өз қарым-қабілетін дамытып, білімін дәлелдеп келеді. Білім мен ғылымның жас жеткіншектерге берер игілігі мол. 2024-2025 оқу жылында республикалық ғылыми жобалар байқауына облысымыздың 47 оқушысы қатысып, оның ішінде 35 жас ғалым 3 алтын, 15 күміс, 17 қола медалді жеңіп алды. Нәтижесінде, облыс құрамасы қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша «Ең үздік команда» номинациясына ие болып, бірінші орынды иеленді. Ал жаратылыстану математика бағытында екінші орынды иеленді. 2-7 сынып оқушыларына арналған республикалық «Зерде» конкурсынан жас зерттеушілер 23 медалді, атап айтсақ, 6 алтын медаль, 11 күміс, 6 қола иеленді. Халықаралық «Ғылым әлемін ашамыз» ғарыштық зерттеу бойынша конкурсына қатысқан 7 оқушы 4 күміс, 3 қола медалді олжалап, жеңімпаз атанды. Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар конкурсына 4 оқушы қатысып, 3 оқушы жеңімпаз атанды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілетін пән олимпиадаларына тоқталатын болсақ, 5-6 сыныптар арасындағы олимпиаданың республикалық кезеңіне 16 оқушы қатысып, 13 оқушы жүлдегер атанды. 7-8 сыныптар арасындағы олимпиадаға қатысқан оқушылардың 7-еуі жеңіске жетіп, командалық есепте үшінші орынды иеленді. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша 9-11 сыныптар арасындағы республикалық пән олимпиадасына 34 оқушы қатысып, 15 оқушы жеңімпаз атанды. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасына 25 оқушы қатысып, 17 оқушы 5 алтын, 4 күміс, 8 қола медалді олжалады. Нәтижесінде, Жамбыл облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» деп танылып, жүлделі бірінші орынды иеленді. «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Сабыралы Ғабиден Қазақстан тарихы пәнінен, ал Шәріпбек Дарын ағылшын тілі пәнінен ең жоғары ұпайды иеленіп, абсолюттік жеңімпаз атанды. Қордай ауданы Б.Бөлтірікова атындағы мектеп лицейінің оқушысы Айдина Ғабидин «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» номинациясымен марапатталды. Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша «100 үздік мектеп қатарына» облысымыздан 5 мектеп кіріп отыр. Олар – Дарынды ер балаларға арналған «Білім Инновация» лицейі, Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейі, Тараз қалалық №41 гимназиясы, Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы және №5 гимназиясы. Оқу-ағарту министрінің шалғай елді мекендеріндегі дарынды балаларды анықтауға бағытталған ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиадасына 50 оқушы қатысып, 24 оқушы 2 алтын, 10 күміс, 13 қола медальді жеңіп алды. Осы жылдың мамыр айында Тараз қаласында алғаш рет академик Мұхтарбай Өтелбаев атындағы математика пәнінен 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиада бастау алды. Аталған олимпиадаға еліміздің әр өңірінен 150 оқушы қатысты, – дейді Майра Аманқұлқызы.
Өткен жылы қазақстандық оқушылар ең беделді 7 халықаралық олимпиадада 26 медаль жеңіп алған болатын. Соның ішінде 2 жас өрен өз облысымыздың оқушылары. Олар – Сабыр Жомарт пен Шарел Марғұлан. «Дарын» лицей-интернатының оқушысы Сабыр Жомарт географиядан Сербия Республикасының Белград қаласында өткен Еуропалық олимпиадасында және Ирландияда өткен халықаралық олимпиадада қола медалді иеленді.
«Білім-Инновация» лицей интернатының оқушысы Шарел Марғұлан математика пәнінен Ұлыбританияның Бат қаласында өткен халықаралық олимпиадада күміс медаль иеленді. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары 5 миллион теңге мөлшерінде біржолғы сыйақымен марапатталды.
Елордада Дүниежүзі тарихынан өткен олимпиадаға «Білім-Инновация» лицей интернатының оқушысы Қанат Нұрқанат қатысып, абсолюттік чемпион атанып, Франция астанасы Парижге жолдама алды. Тараз қаласындағы, №13 орта мектебінің оқушысы Бекарыс Қуанышев философиядан Италияның Бари қаласында өткен халықаралық олимпиадаға қатысты.
Ташкент қаласында өткен математика және информатика пәндерінен үшінші халықаралық Әл-Хорезми олимпиадасына «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы Айдайбек Абдурахман қатысып, күміс медальді олжалады.
– Астана ІТ университетінің ұйымдастыруымен өткен «Smart City» технологиялары бойынша республикалық ІТ жобалар конкурсына қатысқан Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейінің оқушылары Анель Құмқай мен Дулат Исабек Астана ІТ Университетінің білім грантына ие болды. «Roboland-2025» халықаралық робототехника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестиваліне қатысқан 4 команда жүлделі орындарға ие болды. Астана қаласында өткен «INFOMATRIX ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар конкурсына қатысқан 14 оқушының 12-сі жүлделі орындармен марапатталды. «STEM – білім берудегі инновация» олимпиадасының халықаралық кезеңіне қатысқан Тараз қаласы №41 гимназияның 11-сынып оқушылары бас жүлде иеленді. Ал №40 гимназия оқушылары алтын медалді жеңіп алды. Алматы қаласында өткен информатикадан XVI Еуразиялық олимпиадасының халықаралық кезеңіне қатысқан «Білім-Инновация» лицей интернатының оқушылары Шарел Марғұлан, Сұңғат Серікбай, Ердаулет Тангиркул күміс медалмен марапатталды. Жамбылдың шығармашыл әрі талантты жастары ақындық өнерін шыңдап, көркемсөз оқу байқауларында да облыс намысын қорғап жүр. Ұлылар поэзиясымен ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында ұйымдастырылатын Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш оқулары сынды байқауларға 109 оқушымыз қатысып, 78-і жеңімпаз атанды. Атап айтсақ, Астана қаласында өткен «Ақберен» өнер байқауынан, Семей облысында өткен «Абай оқуы» байқауында, Маңғыстау облысында өткен «Әбіш оқуы» байқауында облысымыз командалық есепте жүлделі орынды иеленіп, «Ең үздік команда» номинациясымен марапатталды. «Ана тілі» республикалық интеллектуалды қазақ тілі олимпиадасына қатысқан Алина Маймышева халықаралық британдық «COVENTRY» университетінің грант иегері атанды. Өскемен қаласында өткен Қанипа Бітібаева атындағы республикалық олимпиадасына 9 оқушы қатысып, 8-і жеңімпаз атанды. Абайдың шығармашылық өмірінен ғибрат алу мақсатында өткен республикалық V «Абайтану» олимпиадасына облысымыздан 8 оқушы қатысып, 7-еуі жеңімпаз атанды. Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар шығармашыл дарынды балалар арасында өткен «Шексіз өмір» республикалық фестиваліне облыстан 8 оқушы қатысып, 4 оқушы жеңіске жетті, – дейді Майра Есеналиева.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Жуырда «Сәтбаев» геологиялық Универсиадасы басталады
- 9 маусым, 2025
Кәсібилік пен жаңашылдық жаршысы
- 3 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді