Ауыз су және газбен қамту көрсеткіші қашан жүз пайызға жетеді?
- author «Ақ жол»
- 29 мамыр, 2025
- 468

– Ауданда бүгінгі күні 12 шағын өнеркәсіп нысаны жұмыс істеп тұр. Олардың қатарында «Амангелді МӨЗ», «Суперфарм» және «Кнауф Гипс Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сынды іргелі кәсіпорындар бар. Осы жылдың 4 айында өнеркәсіп саласында 50 миллиард 200 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 97,9 пайызды құрады. Атап айтқанда, «Амангелді МӨЗ» серіктестігі 15 миллиард 176 миллион 500 мың теңгені құрайтын 110,2 мың тонна гипс тасын өндірсе, «Кнауф Гипс Тараз» кәсіпорны 1 миллиард 53 миллион теңгені құрайтын 415,2 мың тонна өнім шығарды. Осылайша, бұл кәсіпорындар бірнеше өнім өндірумен ерекшеленуде. Ал «Суперфарм» серіктестігі 100,9 миллион дана матадан жасалмайтын медициналық бұйым өндіріп, өнім көлемі 8 миллиард 684 миллион теңгеге жетті. Бұл бағытта «Ерсад» кәсіпорны белсенділік танытып, жалпы құны 461 миллион 200 мың теңгеге 360,2 миллион бұйым өндірді. Сонымен қатар «ҚазУпакТрейд» серіктестігі арқылы 693 миллион 900 мың теңгеге 19,3 мың тонна гипс өнімдері өндірілді. Осы жылдың есепті кезеңінде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 36 миллиард 900 миллион теңгені құрап, өсім 136,7 пайызға қалыптасты. Оның ішінде жеке инвестициялар 31 миллиард 500 миллион теңгеге жетіп, 126,2 пайызды көрсетті. Биыл жалпы құны 45 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Нәтижесінде, 431 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл жобалардың үшеуі жалпы құны 21 миллиард 200 миллион теңгені құрайтын ірі нысандар, алдағы уақытта олар Тараз қаласының құрамына өтеді. Тарқата айтқанда, «Алел Агро» – 16 миллиард теңге, «TRZ Agro» серіктестігі – 1 миллиард 600 миллион теңге, «Alit Holding» ЖШС 3 миллиард 600 миллион теңгенің жобасын жүзеге асырады, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Ауданда ауыл шаруашылығы саласында да атқарылып жатқан жұмыс баршылық. Аудан басшысының айтуынша, бұл салада ауқымды жеті жобаны іске асыру көзделген. Олардың жалпы құны 7 миллиард 700 миллион теңгені құрайды. Бұл жобалар нәтижесінде 56 жаңа жұмыс орны ашу жоспарланған. Атап айтсақ, Айша бибі ауылдық округі аумағында «Ализа» серіктестігі жылына 10 мың тонна көкөністі ұзақ мерзімді сақтайтын қойма салып жатыр. Жобаның құны 1 миллиард 900 миллион теңгені құрайды. Қазір 8 жұмыс орны қарастырылған. Электр желісі мен газ құбырын тартуға аудандық бюджеттен тиісінше 48,7 миллион және 8,7 миллион теңге бөлінген.
Өрнек ауылында «Момбек» шаруа қожалығы тәулігіне 10 тонна сүт өндіретін ферма құрылысын жүргізуде. Жоба құны – 2 миллиард 900 миллион теңге. Осы арқылы 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Қөлқайнар ауылында дәл осындай қуатты ферма «АзНұр» шаруа қожалығы тарапынан салынуда. Оның жобалық құны – 1 миллиард 800 миллион теңге. Ақбастау ауылында жеке кәсіпкер Шавкат Рыжыбаев жылына 240 мың балапан өсіретін құс фабрикасын қолға алған. Жобаның құны шамамен 1 миллиард теңгені құрайды. Гродикова ауылында Дариғаш Ақылбекова жылына 90 тонна сүт өңдейтін цех салуда. Сонымен қатар осы ауылда «Карим Жансерик» шаруа қожалығы жылына 10 тонна балық өсіретін бассейн құрылысын қолға алған. Ал «Жуманов Салтанат» шаруа қожалығы жылына 35 тонна балық өсіруге арналған бассейн жобасын жүзеге асыруда.
Сонымен қатар Бірлесу-Еңбек ауылында «Кнауф Гипс Тараз» кәсіпорны жылдық қуаты 22 миллион шаршы метрді құрайтын гипсокартон және құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт құрылысын бастағалы отыр. Бұл жоба жүзеге асырылған сәтте 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл нысанның құрылысына аудан аумағынан 28 гектар жер телімі бөлінген. Ол зауыт 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп көзделген. Туризм саласын дамытуға да ауданда жақсы көңіл бөлінген.
Атап айтар болсақ, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің аудан аумағындағы 58 шақырымы бойында үш жоба қолға алынған. Көлқайнарда «Арзан Сити – 3» жол бойы қызмет көрсету орталығы жұмыс істеуде. Оның жобалық құны 700 миллион теңгені құрайды. Мұнда 500 адамға арналған кафе, 28 адам түнейтін қонақүй, дүкен, монша бар. «Таң Петройл» серіктестігі дәл осы дәліз бойында АЗС, асхана мен дүкен құрылысын жүргізуде. Айша бибі ауылында жеке кәсіпкер Нұргелді Жолдасов Күйік асуына таяу маңда жанар-жағармай бекетін, асхана, кемпинг пен дүкеннен тұратын кешен салуды жоспарлап отыр. Оның жобалық құны – 600 миллион теңге.
Айша бибі ауылында «АЕК Аса» кәсіпорны жылдық қуаты 20 мегаватты құрайтын күн электр стансасының құрылысын аяқтады. Оның жобалық құны шамамен 25 миллиард теңге болса, жалпы аумағы 300 гектарды алып жатыр. Сондай-ақ «Juru» компаниясы 25 шақырым әуе электр желісін тартуды көздеп отыр. Жоба 2026 жылдың алғашқы тоқсанында басталып, 2027 жылдың басында аяқталады деп көзделген. Желі «КЕГОК» акционерлік қоғамының 500 киловатт қосалқы стансасына қосылады. Сонымен қатар осы қосалқы стансаны кеңейту жоспарлануда.
– Ауданда 6 749 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрғаны 5 932, онда 10 408 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінгі күні бұл кәсіпкерлік нысандардың күшімен 13,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. «2021 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» бағдарламасы шеңберінде 9,2 миллиард теңгеге 289 жоба қаржыландырылып, 296 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп, жыл басынан бері 17 миллиард 700 миллион теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүргізіліп, нақты көлем индексі 127,1 пайызды құрады. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен жалпы құны – 9 миллиард 700 миллион теңгеге 35 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған 9 жобаға 3 миллиард 100 миллион теңге, облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылған 11 жобаға 893 миллион 500 мың теңге, ал аудандық бюджет арқылы іске қосылған 14 жобаға 1 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Бұдан бөлек облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы арқылы қаржыландырылған 11 нысанның құрылысына 4 миллиард 200 миллион теңге бағытталды. Ашып айтқанда, Ерназар ауылында ауыз су құбыры салынды. Аса ауылында музей, Ақбұлым ауылында мәдениет үйі бой көтеріп, Шайқорық, Аса, Жұма ауылдары электр жарығымен қамтылды. Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат ауылдарында магистралды газ құбырын тарту, Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау, Қаратау ауылында медициналық пункттердің құрылысы мен Аса ауылында мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек Шайдана, Бәйтерек ауылдарында мектеп, Бектөбе, Қызылшарық, Жаңаөткел, Өрнек, Жұма ауылдарында таза ауыз су құбыры, Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат, Сеңгірбай ауылдарында ауылішілік газ құбырын тарту, Аса ауылында орталық кітапхана, орталық архив, жасөспірімдерге арналған демалыс орталығы, Қызылқайнар ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталуда. Ал Қостөбе ауылында құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын мектеп, Тастөбеде 481 миллион теңге тұратын спорт кешені, Бесағашта құны 644 миллион теңгеге, ал Ш.Ниязбеков ауылында құны 541 миллион теңгені құрайтын мәдениет үйлерінің құрылысы басталды, – дейді аудан басшысы.
Жалпы, аудан бойынша пайдалануға берілген жекеменшік тұрғын үй көлемі 78743 шаршы метрді құрап, жоспар 101,4 пайызға орындалған. «Бүгінде тұрғын үй кезегінде 1716 адам тіркелген. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 127 бала, әлеуметтік әлсіз топтағы 598 азамат, көпбалалы 677 отбасы және 303 мемлекеттік қызметші бар. Бұдан бөлек республикалық бюджет есебінен әлеуметтік осал топтар үшін аудан орталығы Аса ауылынан 40 отбасыға жалпы құны – 621,5 миллион теңгеге тұрғын үйлер сатып алынды. Ал 2025 жылы бұл бағытта республикалық бюджеттен тағы 228 миллион теңге қарастырылып отыр.
Сондай-ақ «Асар» жобасы аясында тұрмысы төмен отбасыға Шайқорық ауылынан бір үй салынып берілді», – дейді Ерлан Қыдыралыұлы. Аудан басшысының айтуынша, ауданда жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімін алуға 11 769 адам кезекте тұр. Осыған орай 7 елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқаптарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылып, кезектілік тәртібімен 1 864 жер телімі үлестірілген.
Таратып айтсақ, Бірлесу Еңбек ауылында – 130, Тастөбеде – 79, Бесжылдықта – 97, Айша бибіде – 382, Бектөбеде – 143, Қызылқайнарда – 222, Аса ауылында 811 жер телімі кезекте тұрған азаматтарға берілген. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамту жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылуда. Бүгінгі күні 31 елді мекеннің 29-ы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл жалпы халықтың 98,9 пайызын (51 256 адам) құрайды. Былтыр Бесағаш,Түрксіб пен Ерназар ауылдарындағы таза ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл Жаңаөткел, Қызылшарық, Бектөбе және Өрнек, Жұма ауылдарында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған соң таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетпек. Газдандыру мәселесіне келсек, ауданға қарасты 31 елді мекеннің 27-сі табиғи газбен қамтылып, бұл көрсеткіш 87,1 пайызды құрап отыр.
Тоғызтарау, Жаңаөткел және Құмсуат елді мекендеріне магистралды газ тарту жобасы аяқталып, оған 439 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар Бесағаш және Қаратау ауылдарындағы «Шөлдала» шекара заставалары газ желісіне қосылған. Биыл Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат және Сеңгірбай елді мекендерінде ішкі газ жүйесінің құрылысы жүргізілмек. Осы жобалар аяқталған соң, ауданның газбен қамтылу деңгейі 100 пайызды құрайтын болады.
Аудандағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 332,2 шақырымды құрайды. Оның 58 шақырымы – республикалық, 103,2 шақырымы – облыстық, ал 171 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Өткен жылы аудандық маңызы бар автожолдарды орта жөндеу жұмыстарына 513,5 миллион теңге бөлініп, төрт жоба жүзеге асырылды.
Бұдан бөлек бірнеше жылдан бері шешімі табылмай келе жатқан Аса ауылынан «Аса» теміржол стансасына өтетін жаяу жүргіншілер көпірі жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Дорожник» саяжайындағы Аса өзені үстінен көпір салу мақсатында жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Биылғы жылы аудандық маңызы бар автожолдардың тағы 22,1 шақырымы орта жөндеуден өтпек. Бұл бағытта жалпы құны 584,5 миллион теңгені құрайтын 5 жоба қолға алынып отыр. Оның ішінде «Алмалы Ресорт» туристік нысанына кіреберістегі 7, Таскөлге кіреберістегі 2,8 шақырым, Қызылқайнар ауылының кіреберісіндегі 800 метр, Қапал ауылының кіреберісіндегі бір және Айша бибі – Қаратау бөлімшесі арасындағы 10,5 шақырым жол бар. Ал ауылдық округтерде өткен жылы ауылішілік жолдарды жөндеуге жалпы құны 1,2 миллиард теңгеге бөлініп, 39,8 шақырымды қамтитын 26 жоба іске асырылған.
Жоба аясында 57 көше мен 22 бұрылыс жөндеуден өткізілген. Аталған жобалардың 17 сі аудандық бюджет есебінен, 9-ы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асты. Осы жылы да ауылішілік жолдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Алдағы уақытта 15 жоба іске асырылып, 15,2 шақырым жолды жөндеу көзделген. Оның ішінде 14 көше мен 5 бұрылыс қамтылмақ.
– Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында теміржол стансаларының аумағында орналасқан Аса, Жұма, Шайқорық ауылдарындағы үйлерді электр жарығымен жабдықтау құрылысы аяқталды. Сондай-ақ 15 елді мекеннің 43 көшесіне жарықтандыру орнатылды. Мәселен, Шайдана, Гродиково, Тоғызтарау, Сұлутөр, Құмтиын ауылдарында бір-бір көше жарықтандырылса, мұндай жұмыстар Аса, Ащыбұлақ, Қаракемер, Жамбыл, Бірлесу-Еңбек елді мекендердің әр қайсысында екі көшеге жүргізілді. Сол сияқты Жалпақтөбе мен Еңбекте – 3, Түрксібте – 4, Айша бибіде – 6, Өрнекте 12 көше жарықтандырылды. Бұдан бөлек 10 елді мекендегі 18 көшенің ескі бағаналары мен желілері жаңартылды. Сонымен қатар Аса ауылындағы Қайнар көшесі, Қаракемер және Құмтиын елді мекендерінен бір-бір көшеге жаңа трансформатор орнатылып, істен шығу қаупі бар желілерге қосымша 3 трансформатор дайындалды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Жыл ішінде 11 елді мекеннің 30 көшесі жарықтандырылып, 141,2 миллион теңге игерілмек. Атап айтсақ, Қоңыртөбе, Құмтиын, Бірлесу-Еңбек ауылдарында бір-бір көше, Айша бибіде, Тоғызтарауда, Гродиковода екі екіден, Ащыбұлақта, Ерназарда, Рахатта үш-үштен, Тастөбеде – 5, Бесағашта 7 көше қамтылады. Қызылқайнарда – 3, Жалпақтөбеде 5 көше бойынша ауылішілік бағаналар мен әуе желілері тартылып немесе ауыстырылады. Ал көшедегі жарық шамдарының бұзылғандарын қалпына келтіруге 32,4 миллион теңге қарастырылып отыр. Жалпы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019-2022 жылдары 70 жоба іске асырылып, тұрақты 183 жұмыс орны ашылған болатын. Бұл жобамен 5 тіректі, 12 спутниктік құрылысы басталып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бірлесу-Еңбек ауылында жеке балабақша ғимараты пайдалануға берілді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен 22 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Бұдан бөлек Гродеково орта мектебіне ауыз су жүйесі тартылып (8,3 млн теңге), Төле би және №2 орта мектептерінің қазандықтары табиғи газға ауыстырылған. Мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында 29 жаңа модификациялық кабинет (5 химия, 6 физика, 7 биология, 1 STEM, 1 робототехника, 9 технология) орнатылған. Сондай-ақ биыл өткен жылдан өтпелі Бәйтерек ауылындағы 100, Шайдана ауылындағы 150 орындық және Тоғызтарау ауылындағы орта мектептің жапсарлас құрылыстары аяқталады.
Қостөбе ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталады. Сонымен қатар Құмтиын, Тастөбе, Бесағаш, Еңбек, Ерназар, Қаракемер ауылындағы мектептер мен Аса ауылындағы «Балдырған» бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
«Өткен жылы облыстық бюджет арқылы Қостөбе, Қоңыртөбе, Тоғызтарау елді мекендерінде медициналық пункттер мен Қаратау ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл Гродеково ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Былтыр аудандық бюджет есебінен Аса ауылында мұражай ғимаратының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл орталық кітапхана, орталық архив және жасөспірімдерге арналған демалыс орталығына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту жұмыстары басталады. Бұл жұмыстар биыл аяқталады. Ақбұлым ауылында да мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қызылқайнар ауылындағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы жалғасуда, ол биыл пайдалануға беріледі. Аса ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілді. Сонымен қатар Өрнек және Ерназар ауылдарының кітапханаларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ащыбұлақ, Шайдана, Өрнек, Ерназар ауылдық кітапханаларының жылу жүйелері табиғи газға қосылды. Ерназар және Шайдана ауылдық клубтары да газбен қамтылған. Биыл Қаракемер ауылындағы кітапхана ғимаратына 19,6 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бірлесу-Еңбек ауылында мәдениет үйінің құрылысын бастау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізуге 8 миллион теңге бөлінді. Былтыр Өрнек, Қаракемер және Бесағаш ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілді. Еңбек ауылында демеушілер есебінен спорт кешені салынды. Жаңаөткел мен Қызылшарық ауылдарына шағын футбол алаңшалары орнатылды. Шоқай, Гродеково, Жамбыл, Еңбек, Қостөбе және Жалпақтөбе ауылдарындағы футбол алаңшаларына жасанды төсеніш төселді. Аса, Ш.Ниязбеков, Қапал және Қызылдихан ауылдарында балалар ойын алаңшалары орнатылды. Биыл Айша бибі ауылындағы шағын футбол алаңшасының жасанды төсемі жаңартылады. Аса ауылындағы Ғ.Мұратбаев және Абай көшелеріндегі №28 көпқабатты үй ауласына, сондай-ақ Бірлесу-Еңбек ауылына балалар ойын алаңшасы салынады. Тастөбе ауылында спорт кешенінің құрылысы басталса, ал Қызылқайнар ауылында спорт кешенінің құрылысы үшін жобалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды. Алдағы жылдары Ерназар, Тоғызтарау, Бірлесу-Еңбек, Ащыбұлақ, Шайдана, Ш.Ниязбеков және Шоқай ауылдарында ангарлық үлгідегі спорт кешендерін орнату спорт басқармасымен бірлесіп жоспарға енгізілуде», – дейді Ерлан Қыдыралыұлы.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді