Қаламгер - журналист Бекет Момынқұлмен кездесу кеші өтті
- author «Ақ жол»
- 28 мамыр, 2025
- 427

Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы ұйымдастырған еркін форматтағы іс-шараны белгілі журналист, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт жүргізді.
Өңірдің ақпарат және руханият саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан аптал азаматпен кездесу жиынына облыс әкімінің орынбасы Серік Сәлемов, Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза бастаған Байзақ, Жамбыл аудандарынан келген бірқатар басшылар, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен шығармашылық ортадағы үзеңгілес достары және бір топ шәкірттері қатысты.
Кездесу кешінде алғаш болып сөз алған Серік Жақсылықұлы өнегелі өмір иесінің еңбек жолын көпке үлгі ете отырып, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің арнайы құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыстады. Иығына зерделі шапан жапты.
Сондай-ақ, еркін форматтағы кездесу барысында Оралхан Әбдірашұлы мен Бекет Әбділдаұлы арасында екеуара диалог құрылып, қөзіқарақты оқырманның көкейінде жүрген сан сауалдың жауабы көрініс тапты.
Мұнан соң, сөз тізгінін ұстаған мәдениет майталманы Асқарбек Сейілхан, медицина ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков, ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатыров сынды үзеңгілес замандастары талантты азаматтың біртоға болмысына, публицистік сарындағы ғылыми-зерттеу еңбектеріне және қайраткерлік қырына кеңірек тоқталды.
Әдеби-сазды кеште ақын Нұржан Қадірлі бойтүзер ұстазына арнау арнап, жырдан шашу шашты.
«Тірі жүрген Бауыржандай Таразда,
Бір жүрек бар, дүрсілінен қашқан жау,
Бекзада һәм
Соқтыққанға – сотқарлау!
Тамырынан ақтарылып Талас ағып жатқандай,
Аты – әулие,
Заты – батыр, асқар тау!», – деп келетін арқалы ақынның төрт тармағы желкен тартар 70 жасқа аяқ басқан азаматтың боямасыз портретін ақ қағазға қара сөзбен салып бергендей әсер қалдырды.
Сонымен қатар, салтанатты жиында облыстық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақстан Журналистер Одағының Жамбыл облысы бойынша филиал төрағасы Жаңабай Миллионов, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Күләш Әбдікешова, тарих ғылымдарының докторы, ғалым Асқар Әбдуәлі, «Aulieata-media» серіктестігі Бас директорының орынбасары, журналист Алпамыс Қазыбаев, «Jambyl» облыстық телеарнасының директоры Гүлбаршын Құланбаева, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, Қазақстан Жазушылар Одағының Жамбыл облысы бойынша филиал төрағасы, ақын Хамит Есаман да сөз алып, мерейтой иесіне ізгі ілтипаты мен ақжарма тілектерін арнады. Сый-құрметтің озық үлгісін көресетті.
Келелі кездесудің қорытынды кезеңінде қалың оқырманға даңқты батыр Бауыржан Момышұлының немере інісі, қазақ журналистикасының корифейі атанған Шерхан Мұртазатының төл шәкірті ретінде танылған Бекет Момынқұлдың «Момымышұлы әлемі» атты жаңа кітабы таныстырылды.
Мың дана таралыммен жарық көрген жинақта батыр Бауыржан Момышұлының ел ауызында жүрген аңызға бергісіз ақиқаты, тарих бедерінде жұмбақ күйінде қатталып қалған түрлі жайттарың жауабы қамтылған. Кітап мазмұынындағы: «Халық батыры болудың ашщы бақыты», «Шындықтың ауырлығын шындықты айтқан біледі», «Шындық – қуғынның қорқынышынан да биік» сынды тағылымға толы тақырыптар екінші дүниежүзілік соғыстың қиян-кескі ұрыс даласындағы тыңнан түрен саларлық тарихи деректерін толықтыра түседі. Автор Абайша айтқанда: «Мыңмен жалғыз алысқан» батыр бейнесін көркем түрде ғана емес, ғылыми тұрғыда да негіздейді.
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Әрбір сайлау – БАҚ назарында
- 13 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді