«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңғыру жолындағы маңызды қадам

Жаңғыру жолындағы маңызды қадам
Ашық дереккөз
Биыл елімізде оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құрылғанына – 100 жыл. Бұл маңызды датаның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылымен» тұспа-тұс келуі айрықша маңызға ие. Сондай-ақ, салалық кәсіподақтың 100 жылдығы ел тарихындағы тағы бір елеулі белеспен – Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойымен және Кәсіподақтар Федерациясының құрылғанына 35 жыл толуымен қатар атап өтілуде. Бұл – еңбекшіл ел тарихының тұтас бір ғасырлық шежіресін ғана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен қоғамдық сананың өсу жолын айшықтайтын айтулы кезең.

Ал бұл ретте біздің бүгінгі күні алдымызға қойып отырған басты мақсатымыз – еңбек адамына деген құрмет. Сонымен бірге кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделеріне өкілеттік етіп, лайықты қорғай білетін ұйымға айналу. Президентіміз өткен Жолдауында тапсырғандай, «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбек адамының еңбегін насихаттау мен бағалау бағытында бірқатар шараларды атқарудамыз.

Атап айтар болсақ, азаматтық қоғамның белсенді институты ретінде Қазақстан Кәсіподақтары Федерациясы мен жоғары тұрған салалық және облыстық кәсіподақ ұйымының жарғылық мақсат-міндеттері аясында бірқатар бастамалар талапқа сәйкес жүзеге асырылуда.

Мәселен, өткен жыл – Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының Бас Кеңесінің шешімімен – «Лайықты еңбек жылы» болып жарияланған болатын. Оның шеңберінде бірнеше бағыттағы, сантүрлі мазмұн мен сипаттағы іс-шаралар атқарылды. Басқа да ірілі ұсақты, ең бастысы шынайы кәсіподақтық, түпкі нәтижеге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.

Аудандық кәсіподақ комитеті бес жылдық межелі белестегі өкілеттік мерзімнің екінші жылын өткеріп, үшінші жылға қадам басып отыр. Кәсіподақ комитетінің жұмысын ұйымдастыруда, алқалы басқару органдарының қызметі Қазақстан кәсіподақтары Федерациясының кезекті ХХVІ съезі мен 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» атты стратегиялық құжаты, сала Кәсіподағының ХV съезі, облыстық ұйымның ХV конференциясының шешімдері мен бағдарламалық құжаттарын басшылыққа алып жұмыс істеудеміз. Осы бағыт-бағдарларды саралап-сараптау, зерделеу, тиісті шешімдер қабылдау мақсатында аудандық комитетте өткен жылы комитеттің бір пленумы, атқару комитетінің 6 мәжілісі ұйымдастырылып өткізілді.

Білім қызметкерлері кәсіподағының Байзақ аудандық комитетінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда ұйымға тарту жұмыстары өзінің оң нәтижесін беріп те отыр.

Атап айтсақ, жыл басында бастауыш кәсіподақ ұйымының саны – 78, ондағы мүше саны– 5717 адамды құраған. Бүгінгі күні Байзақ ауданынан екі елдімекеннің Тараз қаласына қосылуына байланысты бастауыш кәсіподақ ұйымының саны бес бірлікке кеміп, 73-ті, мүше саны 5371-ді құрап отыр. Кәсіподақ қызметінде әлеуметтік әріптестікке ерекше басымдық беру жұмысы негізгі күн тәртібінен түскен емес.

Жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы әлеуметтік әріптестік бойынша еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құралдың бірі – Ұжымдық шарт. Біздегі шынайы әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттар жасау мен оның орындалуы, сала өкілдерінің құқықтары мен мүдделерінің тепе-теңдігін сақтауда өзара мәмілеге келе білудің жақсы үлгісі қалыптасқаны тек аудан, облыста ғана емес республика көлемінде мойындалған. Біздің аудандық ұйымға біріккен әр санаттағы қызметкерлер – кәсіподақ мүшелері ұжымдық шарттың сан-салалы бағыттағы игіліктерін көріп келеді.

Келісімдер мен ұжымдық шарттарда көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етудің ең ұтымды тәсілі әлеуметтік әріптестік жөніндегі екіжақты және жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссияларының тұрақты әрі пәрменді жұмыс істеуі. Мәселен, өткен жылы аудандық мәндегі Әлеуметтік әріптестік комиссиясының 2 отырысы, жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі Келісу комиссиясының 1 отырысы өткізілді.

Жалпы 2024 2026 жылдарға жасалған Ұжымдық шартқа бүгінгі күнге өзгертулер мен толықтырулар енгізілу жұмыстары жүргізілуде. Ауданда білім беру мекемелерінің қызметін ұйымдастыру, сала өкілдерінің еңбек қатынастарында туындаған мәселелерін құқықтық реттеу бойынша әлеуметтік әріптестік аясында бірлескен түрде көп күш жұмсалып, нақты шараларды жүзеге асыра білдік.

Өткен жылы аудандық комитетке кәсіподақ мүшелерінен 117 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 96 адам болды. Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделеріне қатысты арыз өтініштер мен шағымдарды қабылдау тиісті деңгейде жүзеге асырылуда және қосымша электрондық пошта мен әлеуметтік желідегі парақшалар арқылы жүргізілуде. Аудандық комитет тарапынан мерейтой иелеріне, ардагер ұстаздарға арнайы Алғыс хаттар беру үрдісі жалғасуда.

Кәсіподақтық білім беру сапасын арттыру, оның кәсіподақ кадрлары мен активінің өзекті де мезгіліндегі қажеттіліктері мен сұраныстарына сай болуы кәсіподақтың оқыту саясатының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Өткен жылы 5 кәсіподақтық оқу ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да кәсіподақ бұл бағыттағы жұмысты жандандыру мен жетілдіруді баса назарда ұстайтын болады. Кәсіподақ көшбасшысы ретінде ақпараттық жұмысты жандандыруды – басым бағыт деп есептеймін. Біз бүгін де, алдағы уақытта да еңбек адамдарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара тиімді әріптестік ісін одан ары жетілдіреміз.

Бұл серіктестіктің берер оң нәтижесі бар екендігі даусыз. Билік құрылымдары, жұмыс берушілер алдында біз жақсы ұйымдасқан, тәртіп пен реттілігі жоғары, іргесі берік, қандай жағдайда да көмек қолын соза алатын біртұтас ұйым ретінде әрекет етуге міндеттіміз.

Былтыр аудандық білім бөлімімен бірлесе, аудан мұғалімдерінің дәстүрлі Тамыз кеңесін, «Еңбек күнін», «Кәсіподақтар күнін», «Мұғалім күнін», «Республика күнін», «Тәуелсіздік күнін» және «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» көркемөнерпаздар шығармашылығының фестивалін ұйымдастырып, өткіздік. Сондай-ақ білім қызметкерлері кәсіподағының Байзақ ауданы атқару комитетінің шешімімен жыл сайын «Мұғалім күні», «Жаңа жыл» және «Наурыз» мерекелерін атап өтумен байланысты бастауыш кәсіподақ ұйымдарына іс-шаралар өткізуге кәсіподақтан қаржы бөлу қаралған. Былтыр сметада бекітілген сомаға сәйкес іс шаралар өткізуге кәсіподақ қаржысының 36 пайызы берілген.

Бұдан бөлек, кәсіподақ ұйымы сала еңбеккерлерінің тынығуына, демалысы мен бос уақытын қызықты әрі тиімді өткізуіне, рухани дамуына көңіл бөліп отырады. Мәселен, сауықтыру шараларымен өткен жылы 610 сала қызметкері мен олардың отбасы өкілдері тартылды. Сөйтіп барлық кәсіподақ мүшелерінің 11 пайызы сауықтыру шараларымен қамтылды. Атап айтсақ, Меркідегі демалыс орталығына – 58, Сарыағашқа – 65, Манкентке – 57, «Мейірім» – Меркіге – 54, Самалға – 15, ГРЭС-ке – 75, Жаңақорғанға – 57, Айша бибі шипажайына – 10, Жұмбақтас демалыс орындарына – 12 жолдама берілген. Сондай-ақ, Ташкент-Самарқанд тарихи-танымдық саяхатына – 39, Алакөлге – 65, Ыстықкөл жағалауында – 107 сала өкілі тартылып, сауықтыру шараларымен қамтылған.

Бұдан бөлек, аудандық комитет ұзақ емделуді қажет ететін кәсіподақ мүшелеріне өз өтініштері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының шешіміне сәйкес қайырымдылық көмек те көрсетіп тұрады. Ал биыл мыңға жуық кәсіподақ мүшесін сауықтыру шараларымен қамту жоспарлануда. Бүгінге дейін 40 адам Ташкент-Самарқанд, 25 адам Түркістан қаласына тарихи-танымдық саяхат жасап қайтты.

Ендігі кезекте, 100 кәсіподақ мүшесін Ыстықкөлге, 50 адамды Алакөлге сауықтыру шараларына апару, бұдан бөлек, 150 адамды Түркістан қаласына, 100 адамды Ташкент-Самарқандқа апару жоспарлануда.

 

Елнұрбек ЕРМЕКОВ,

«Білім қызметкерлері кәсіподағының Байзақ аудандық комитеті» филиалының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар