«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тағылымы терең, танымы мол Ташкент сапары

Тағылымы терең, танымы мол Ташкент сапары
Автор
Жергілікті кәсіподақтың көпқырлы қызметінің бірі – сала өкілдері-кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, тарихи-танымдық саяхаттар ұйымдастыру, бос уақыттарын тиімді өткізуге жағдай жасау. Осы ретте, жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетіне мүше ұйымдардың 40-қа жуық бастауыш ұйым жетекшісі Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласына туристік сапарға барып қайтты.

Бұл сапар мұғалімдерді қолдау мақсатындағы кәсіподақтың ерте көктемде басталған Түркістан бағытындағы тарихи танымдық маршруттың жалғасы. Алдағы жаз маусымында мұғалімдер мен қызметкерлер Алакөл мен Ыстықкөл жағалауында жанға дәру, емге шипа алатын болады. Тараздан шыққан делегация Ташкентке жеткен бойда әуелі Төле би бабамыздың басына тоқтады. Өзбектер «Қарлығаш әулие» деп айтатын баба басына зиярат еткен мұғалімдер екі күн бойы «Ташкент сити» орталығын, Ташкент телемұнарасы мен Тимуридтер музейін, Анхор парк пен «Magic City» сауықтыру орталықтарында болды.

Ташкенттің көрікті жерлерін аралау мұғалімдерге жаңа танымдық ақпарат беріп, шығармашылық шабыт сыйлады. Оны сапардан алған әсерлерімен бөліскен мұғалімдердің пікірінен де байқауға болады.

– Ташкент сапары танымымызды арттырды. Осы керемет демалысты ұйымдастырған қалалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ирина Александровнаға зор алғыс – Жолсерік болып жақсы көңіл-күй сыйлаған мамандарға да үлкен рахмет. Мен үшін оқу жылының соңында осы демалыстың ұйымдастырылғаны өте орынды болды, жұмысқа деген ынтамызды арттырады. Бәріміз де өте жақсы әсерге бөленіп қайттық. Алла қаласа осындай демалысымыз көп болсын. Келесі жылы да сіздермен демалыста кездесу бұйырсын, – дейді №55 орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Меруерт Кенжебаева.

Ал Жамбыл ауданы құрамынан Тараз қалалық кәсіподағының мүшелігіне өткен А.Әйтиев атындағы мектептің бастауыш кәсіподағының төрағасы Динара Үмбеталиева «Екі күніміз өте керемет өтті. Қалалық кәсіподақ құрамымен шыққан алғашқы сапарым сондай қызықты болды. Сапарлас болған әріптестіріме ерекше алғыс білдіргім келеді. Қысқаша айтсам – «Сөз жоқ, тек эмоциялар!». Саяхатты ұйымдастырған кәсіподаққа алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді.

Жергілікті кәсіподақ алдағы уақытта да мұғалімдерді қолдау мақсатында түрлі сауықтыру және танымдық саяхаттар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар мұғалімдердің демалысынан бөлек, олардың денсаулықтарын түзеуге, рухани байлығын арттыруға, мәдениетін көтеруге бағытталған.

– Кәсіподақ мүшелерінен түскен өтініштер негізінде көктемнің басынан бері осындай бірнеше турлар ұйымдастырылды. Мұндай сапарлар мұғалімдердің кәсіби қызметіне жаңа серпін беріп, жұмысқа деген ынтасын арттыратыны сөзсіз. Биыл 271 сала қызметкері кәсіподақ мүшесі «Ташкент-Самарқанд» бағытындағы саяхатпен қамтылды. Ендігіде біз Алакөл жағалауында 600-ден астам, ал Ыстықкөлде 1200-ге жуық сала қызметкері мен олардың отбасы мүшелерінің демалысын ұйымдастыруға дайындықты бастап кеттік. Демалыс орындарымен, тасымалдаушы операторлармен келісімдер жасалды, – дейді «Тараз-Профсоюз-Турист» мекемесінің директоры Ақжүніс Құрмашева.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар