«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына арналған ерлік сағаты өтті

Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына арналған ерлік сағаты өтті
Кітапхана
Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен даңқты батыр Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай тәрбиелік тағылымы мол іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

Кітапхана оқырмандарына арналған «Ел болып оқимыз» жобасы аясында ұйымдастырылған шара жуырда, яғни 9 мамыр – Жеңіс күні салтанатты түрде ашылған батырдың музейінде өтті.  

Келелі кездесуге Кеңес Одағының Батыры, жазушы және даңқты қолбасшы Б.Момышұлының немере інісі, ардагер журналист Бекет Момынқұл қатысып, жас оқырмандарға аңыз адамның тұлғалық болмысы туралы кеңінен баяндады. 

Айта кетейік, аталған көрмеге Баукең өмірінің әр кезеңіндегі деректер – балалық шағы, әскери өмірі, отбасы, жеке заттары, құжаттары қойылған. Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлының полковник шеніндегі шинелі, батырдың өзі салған карта, «Ұшқан ұя» және «Артымызда Мәскеу» шығармаларын жазған қалам мен сия сауыты да музейдің төрінен табылған.

​Сонымен қатар көрмеден Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына Бауыржан Момышұлының өзі тарту еткен жеке маузерін, Кеңес Одағының Батыры Алтын Жұлдызының және Ленин орденінің, полковниктің айдаһар бейнеленген қылышының көшірмелерін, кітаптар мен фотосуреттерін көруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар бейбіт уақытта киген киімдері, жеке заттары (ыдыс, күміс қасықтар мен шанышқылар, қымыз бен шұбат құятын ағаш тостаған, ағаш қасық пен шөміш, шай ыдыстары мен шәй қасық), батырдың өзі ойып алған өрнектер альбомы, Құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағын беру туралы Жарлық, сол сияқты «Ғасыр саңлағы» мен «Ғасыр қаһарманы» атақтарын беру туралы жарлық пен құжаттар, домбыра, Куба сапарынан әкелінген заттарды көруге болады.

Сонымен бірге соғысқа дейін, соғыс кезінде және соғыстан кейінгі кезеңде батырмен бірге болған құнды екі зат та көрмеден орын алған. Оның бірі – Момышұлының 1932 жылы Қызыл Армия қатарына алғаш рет аттанған, 1956 жылдың басында запасқа шығарылған соң туған жері Қазақстанға оралғандағы чемоданы. Сондай-ақ, соғыс кезінде Бауыржан ата басқарған батальон, полк, дивизияның құпия құжаттары сақталған темір сейф. Көрмеден шинель, етік және папаха қалпақ, маузер де орын алған. Маузерге Момышұлының есімі қашалып жазылған. Жалпы соғыстан кейін Бауыржан ата шығармашылыққа, сурет салуға, ою-өрнек салуға бет бұрған-ды. Мұнда 70-тен астам бірегей оюланған фигуралар сақталған.​Көрмеде Бауыржан ата кабинетінің монтажы. Түпнұсқада Т.Ақтанов, Ә.Тәжібаев сынды дара тұлғалар отырған үстел, соғыс жылдарында да қолынан тастамаған үстел шамы, компас, сонымен қатар сағат пен фортепиано бар.

Ұқсас жаңалықтар