«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көне аспапты көремін деушілер көп

Көне аспапты көремін деушілер көп
Ашық дереккөз
«Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра», – деп ақын Қадыр Мырзалы бекер айтпаса керек. Себебі қазақ пен домбыраның егіз ұғымға айналып кеткеніне талай ғасырлар өткені анық. Қазақ шеберлерінің арасында домбыраның түрі де, жасау тәсілі де көп. Ғалымдардың айтуынша, домбыраның 20-дан астам түрлері бар екен. Бұл аспаптың көне түрлері туралы да деректер аз емес.

Сол көне домбыралардың бірі – Сарысу аудандық Төкен Мақашев атындағы тарихи-өлкетану музейінде тұр. Ықылас Дүкенұлының бірегей шәкірті, Сарысу ауданының тумасы Досжан Кенжебаевтың қолына ұстаған, жанына серік еткен домбырасы. Бұл көне аспап XIX-XX ғасырларда жасалған.

Домбыраны өнерпаздың қызы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Алтын Досжанова аудандық музейге 2013 жылдың 5 мамырында өткізген екен.

«Әкемнен қалған құнды зат. Кемінде 135 жылдық тарихы бар. Әрине, аз уақыт емес қой. Музейде тұрсын, жас ұрпақ көріп, ұлттық аспапқа деген құрметі артсын деген ниетпен өткіздім», – дейді А.Досжанова.

«Домбыра кешеге дейін қазақтың төрінде ілініп тұрды. Ал қазіргі таңда жеке үйлерден домбыра таба алмайтын жағдайға жетіп отырмыз. Бұл көне аспаптың маңызы мен құндылығы жоғары. Жәдігерді музейге сыйлаған кісіге де құрметпен қараймыз. Алтын Досжанқызы аудандағы көптеген қоғамдық іс-шараларға қатысып, батасын беріп жүреді. Домбыра аспабына деген құрметіміз арта берсін», – дейді аталған музей директоры Эльмира Көкішева.

Екі ғасыр халыққа қызмет етіп, қазір музей жәдігеріне айналған домбыраны тамашалап, тарихын сұрайтындар аз емес.

 

Есет ДОСАЛЫ

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар