«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Танымал болған сайын жауапкершілік те арта түседі

Танымал болған сайын жауапкершілік те арта түседі
Ашық дереккөз
Қасиетті қара домбыраны серік етіп, ән әлемінде өзіндік ізін салғандардың бірі – Досымжан Таңатаров. Кешегі бабалардан қалған ұлттық өнерді бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, насихаттауда қоңыр үнімен ерекшеленген жерлесіміз қалың жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Оның өнермен қоса қоғам туралы тұщымды ойын сұрап, сұхбаттасқан едік.

– Досымжан Қарпықұлы, өнер – Жаратушыдан берілер ерекше сый және сарқылмас қазына. Алайда, өнерпаздың бәріне бірдей елге танылу бұйыра бермейді, сіз өнер өлкесіне қалай келдіңіз? Бұл жолдағы ұстазыңыз кім?

– Барлық адам өскен ортасына қарай бойына тәлім-тәрбиемен қоса, өнер-білім дарытып өседі. Менің де өнерге келуіме ата-анам, қоршаған ортам, ағайын-туғанымның әсері тиді деп білемін. Анам да, әкем де өнерден қара жаяу болған жоқ. Елдің алдына шықпаса да қаумалаған ағайынның ортасында айтар әні де, сөзі де, ойы да мығым болған кісілер. Шаруада, мал бағуда жүрсе де олар өнерге өте құштар жандар. Сол кісілердің арқасында болар, әуезді әнге, тәлімді термеге, толғауға тұнып, құлағым қанық болып жетілдім. Ауылдастардың жиындарынан анам мені қалдырған емес. Алдыңғы буын ата-әжелердің, ағалардың ақылын, тәрбие тұнған термесін тыңдап өскендіктен де болар өнер жолына түскенім... Халық «Біреудің бабымен талассаң да, бағымен таласпа!» дейді. Тәңірдің маған берген сыйы шығар – танымалдылық. Өзім тыңдап өскен өнерпаз аға әпкелерді, туған өлкемнен шыққан әнші, термеші, домбырашы ағаларды ұстаз тұтамын. Жалпы айтқанда, менің ұстазым – далам, туған жерім. Ауылда терме айтып жүргенімде үлкен ортаға шығуыма себепкер болған сол кездегі аудандық мәдениетті басқарған Дүйсеналы Бықыбаев, мектеп қабырғасында Аяз Бетпаевтың қасында жүріп, ән-термелерін үйреніп, Бейбіт Шошабевтармен бірге гастрольдік сапарларына еріп жүрдім. Содан соң ауданға, одан облысқа шықтым. Облыста «Тараз» триосы, Пернебек Оспанов секілді дүлдүл әншілердің қастарында жүріп, өнері мен өнегесін бойға дарыттым.

– Әр өнерпаздың жеке куәлігі секілді елге танытқан ерекше туындысы болады. Байқауымызша, сізді алғаш танытқан ән – «Біз екеуіміз». Бұл әннің авторлары құландық ақын Кәріпжан Нүсіп пен сазгер Дүйсеналы Бықыбаев. Сазгермен ауылдас екеніңізді білеміз, ал ақынмен таныстығыңыз қалай басталды, көзі тірісінде шығармашылық байланыста болдыңыз ба?

– Өзімді бақытты жанмын деп айта аламын. Біздің Құлан өңірінің мақтанышы – ақын ағаларымыз Кәріпжан Нүсіп пен Қуандық Шолақ. Екеуінің қасында ән, терме айттым. Оған да Дүйсеналы Дыбысалыұлы себепкер болды. «Біз екеуіміз» әнінің өміршеңдігіне өлеңі мен әнін жазған ақын мен сазгердің хас шеберлігі себепкер. Әннің болмысы, табиғаты шынайы сезімнен туған, адал махаббатпен туған дүние, мен де оны махаббатпен орындадым. Сондықтан да ол менің ән қоржынымнан әлі күнге дейін қалмай, барған жерімде жұрт қалап, орындатып отырады. Бұл әнді авторлардың да, әншінің де бағы деп санаймын. «Біз екеуіміз» жеке куәлігім болса, үлкен құжатым – «Құралай». Сонымен қатар, барған жерімде тыңдармандар сұрайтын тағы бір әнім – «Аққуым», бұл әндерге және олардың авторларына құрметім бөлек.

– Өмірдің әрбір белесі адамды шыңдайды. Бүгінде сіз де ел ағасысыз, осыған дейінгі өмірден көрген-білгендеріңізден нендей ой түйдіңіз, қазіргі қоғамның бет-бейнесі туралы ойыңыз қандай, сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Иә, менің де сахнада жүргеніме 30 жыл болып қалды. Алғашқы үлкен сахнаға шығуым Жамбыл облысының атынан Абай атамыздың 150 жылдық тойына Қарауылтөбе, Жидебайға, Шығыс өңіріне барып, апталап жатып, ән орындағанымнан басталған. Одан кейін Манастың мың жылдығына Қырғызстанға бардық. Сол жылдары Жамбыл технологиялық институтында оқып жүріп, еліміздегі барлық жоғары оқу орындарының өнерпаз студенттерінің басын қосатын көктем фестиваліне бардым. Міне, содан бері 30 жыл өтіпті. Абай атамыздың «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» дегеніндей, өнер де өзінше бір өмір, бір әлем. Онда да бір күн қуанасың, бірде мұңаясың, бірде жетістікке жетсең, енді бірде құлайсың, достықты да, сатқындықты да көресің. Мұндайдың бәрінде төтеп беретін ата анаңнан, өскен ортаңнан алған тәрбиең, білімің, түп тамырыңдағы тектілігің. Қандай жағдайға тап болсаң да оның бәрі уақытша екенін мойындап, ешбір жағдайға қарай өзгермей, өзіндік адами қалпыңды сақтап қалуың керек. Осы жасқа келіп түйгенім – барлық ортада өнеріңмен, біліміңмен емес, адамгершілік қалпыңмен сыясың, бағаланасың. Мені толғандыратыны – елдің жайы. «Ата ананың қадірін балалы болғанда білесің» дегендей, қазір өзіміз ұл-қыз өсіріп, ата-аналық жауапкершілікті сезінгенде, қоғамның қамы, болашақтың жайы ойдан ешбір кетпейтін болды. Ешнәрсені менің шаруам емес, маған қатысы жоқ демей, ой-пікіріңді білдіріп, қолыңнан келгенінше жақсы үлесіңді тигізуге тырысасың. Серік Қалиев ағамыздың керемет айтылған өлеңі бар.

«Санамас құсқа ешкім жарқанатты,

Намысын талай бейбақ балталатты.

Туған жер құмы аңсатар құмшекердей,

Шар мініп шарласаң да шартарапты,

Құлқынның емес, ұлы ұлтыңның бол,

Мақтанбай марапатқа арқа қақты.

Сақтанғын сен арқылы кейбіреулер, Жеккөріп кетпеу үшін бар қазақты» – дейді, міне осы ұстаныммен өмір сүрсең, адаспайсың. Барлық кезде «артымда бар қазақ тұр» деген ойда болсаң, артық сөзден, бейәдеп қылықтан, арсыздықтан ада бола аласың.

– Ауылдан шығып, астанада қызмет етудесіз, туған ауылға жиі барып тұрасыз ба?

– Иә, мені баптап, өнерімді шыңдап, үлкен додаға қосқан туған жерім, өскен өлкем – Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, оның ішінде Құмарық ауылы, тіптен тереңдей түссек, Қаракемер бөлімшесі. Сондағы жұрт сенім артып, ел ордасы – астанаға жіберді. Астанада тұрып жатқаныма тұп тура 25 жыл болыпты. 2000 жылы Тараздан қоныс аударып, сол жақтан көрген-білгенімді әкеліп, үлкен додаға салғанмын. Аллаға шүкір, біреуден кейін, біреуден ілгері ғұмыр кешіп жатырмыз. Оның барлығының артында елімнің тәлім-тәрбиесі жатыр. Сондықтан ауылға кіндігім байланған, байлығым да, барсам рахат табатын жайлы мекенім де – ауыл. Аллаға шүкір, ауылда әкем бар, ол – менің қазынам. Ағайын-туыс, бауырларым сонда. Сондықтан, ауылға отбасыммен бірге жиі барып тұрамын. Әрдайым ауылыммен біргемін, себебі қайда жүрсем де менің жүрегімде.

– Сіз эстрадалық әнші ғана емес, термешісіз, жаныңызға қай жанр жақын?

– Терме де, эстрадалық ән де жақын. Бұл сұрақ маған «Ұлың жақсы ма, қызың жақсы ма?» дегендей болды. Әуел баста домбыраны қолға алғанымда терме айтып өскен баламын. Заманауи лек келген уақытта ұлттық әндерді эстрадалық жанрға, онда да арсыл-гүрсілмен емес, мағыналы ырғақпен жеткізуді қолға алдым. Бар ойым – тыңдарманға жақсы дүниелер жеткізу. Қай жерде қалай ыңғайына келеді, домбырамен бе, эстрадамен бе, фольклормен бе, әйтеуір халықтың өнерінің құндылығын жоғалтпай, керісінше заманауи жаңғыртып, жеткізуді ұстанамын. Оркестрде қызмет етіп жүргенде Нұрлан Өнербаев айтып еді «Мен білетін Досымжан бесаспап. Қай жағынан келсең де қасынан табыла қояды, қандай жанрды берсең де игеріп алып кетеді» деп. Дегенмен, негізгі өзегім, темірқазығым – домбыра.

– Танымалдылық сізге не берді және керісінше, қандай жағдайларда өкіндіреді?

– Танымалдылық та тағдыр. Оны бақ дейміз бе, дәулет дейміз бе, бастысы – Жаратқан берген бақты көтере алатындай иман берсін деңіз. Жаратқан Иеміз не берсе де шүкірлік етеміз, тура жолдан айнымауға тырысамыз. Танымал болған сайын жауапкершілік арта береді. Жауапкершілікті сезінген сайын салмағы да ауырлай береді. Қазіргі ақпараттың дамыған кезеңінде танымал адамдар сәл қателессе, оның атағын пайдаланып, дақпырт сөзді көбейтіп, өсек сөзді таратып жіберетіні бар, сондайда «әттеген-ай» деп қаласың. Сондықтан, ел танитын деңгейге жеткенде әрбір әрекетіңе, әр сөзіңе абай болып, қателеспеуге, шалыс баспауға барыңды салып жүресің.

– Шәкірттеріңіз бар ма, оларға жиі айтатын кеңесіңіз қандай?

– Енді Мейрамбек, Тоқтарларды өнерге тәрбиелеген Алтынбек Қоразбаевтай қолынан жетектеп жүрген шәкірттерім жоқ. Дегенмен, өзіміз де алдыңғы буын аға-апаларымызды ұстаз тұтқанымыздай, бізді де ұстаз, аға көретін, ақыл кеңес сұрап тұратын жастар бар. Таразда тұрғанда Төле би атындағы №8 және Жамбыл атындағы №5 мектептерде домбыра сабағынан дәріс беріп, жұмыс істедім. Сол кездерде қолына домбыра ұстатып, ән-терме үйреткен шәкірттерім қазіргі «Жігер» тобының жігіттері. Алғашқы өнерге баулу кездерінде алдымнан өткен, бірақ кейін үшеуі қосылып, топ құрып, дамып-өркендеуі – өздерінің еңбектері. Оларды алғаш рет үлкен сахнаға өзімнің ән кешімде Алматыдағы Республика сарайында шығарып, Бауыржан Есебаевқа апарып, продюсерлік жетекшілігіне де себепкер болып, қасына қосқан едім. Соған қарай інілерім ұстаз тұтып жүреді. Ізімнен ерген іні-қарындастарға үлгі болуға жарап жатсақ, сол да – қуаныш.

– Халық «Ән айтсаң жаныңды жеп айтасың» дейді, алайда қазіргі дамыған техниканың мүмкіндіктерімен әнші көбейді, сіз фонограмманы қолданасыз ба?

– Техника қаншалықты дамыса да айтқан әніңнің арғы жағындағы болмысыңды, өнеріңді бәрібір ел біледі. Сондықтан, Жаратқан өзі берген талант, дарының болмаса, өзгеге ұқсамайтын үнің болмаса, қанша жерден дамыған техниканы қоссаң да елдің ықыласына бөлене алмайсың. Фонограмманы үлкен әңгіме қылып жібереміз, шынтуайтында онымен ән айту да өнер. Мүлдем пайдаланбаймын деп айта алмаймын. Жағдайға байланысты қолданылады. Мысалы, аппаратуралар болмай қалса, ән айтатын жердің жағдайы келмесе, фонограмманы пайдалануға тура келеді. Әйтпесе, домбырамен, оркестрмен орындағанға не жетсін. Тіпті, кейде үлкен алаңда, табиғаттың түрлі құбылыстарында далада ән орындау керек болғанда, фонограмманы амалсыз пайдаланасың. Түптеп келгенде, бәрі де тыңдарман үшін жақсы болса екен, елдің көңіліне жақса дейсің.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Қамар ҚАРАСАЕВА.

 

Ұқсас жаңалықтар