
Естеріңізде болса, үш жыл бұрын сот орындаушыларының реттеу мәселесі Парламентте көтерілген еді. Десе де, содан бері ештеңе өзгермеген секілді. Жуырда аталған мәселе Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жан жақты талқыланды.
«Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтының проблемалары мен даму перспективалары» тақырыбына арналған жиында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева елді елең еткізер мәлімет жариялады. Оның айтуынша, былтырғы жылы прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекет пайдасына сомаларды орындаудан жалтаруының 6 210 фактісін анықтаған.
Алайда мұндай істер бойынша сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпай, әңгімелесуге шақырмайды екен. Тіпті мүлік пен ақшаны өндіріп алу үшін тексеру және іздеу бойынша шаралар қабылдамай, тыйым салуды уақытылы қолданбайды.
– Сот орындаушысының әрекетсіздігіне тиісті шағым әділет департаменттеріне, палаталар мен соттарға азаматтар мен заңды тұлғалардан келіп түсетін ең көп шағымдардың бірі. Көптеген жылдар бойы сот орындаушысы ең алдымен, өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауға тырысып, басқа құжаттарға, әсіресе «әлеуметтік сипаттағы» құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі де жалғасып келеді. Айталық, 2,6 миллиард теңге қарызы бар 1 761 борышкер онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерде 5,8 миллиард теңгеге ставкалар жасаған. Ал 325 миллион қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Щучинск казиносында 147 миллион жұмсаған. Сондай-ақ 3,3 миллиард қарызы бар 2 536 борышкер электрондық әмияндардағы 5,1 миллиард теңге кірістерін жасырған. Бұдан бөлек 130 миллион қарызы бар 72 адам 4 жылжымайтын мүлік объектісі мен 84 автокөлікті әдейі иеліктен шығарған. Сонымен қатар 236 миллион қарызы бар 117 борышкер өз шоттарынан 2 миллиард теңгені еш кедергісіз шешіп алса, 210 миллион берешегі бар 300 борышкер 55 миллионға бағалы заттарды ломбардқа тапсырған. Осы кезде неге сот орындаушы әрекетсіздік танытты, қайда болды, неге дереу шаралар қабылдамады? – деді Мәжіліс депутаты.
Атап өту керек, өткен жылы жеке сот орындаушыларының әрекетіне байланысты соттарға 8 782 әкімшілік арыз түскен. Нәтижесінде 2 531 сот шешімі шыққан. Жалпы, бұл сандар көптеген жағдайларда сот орындаушылары мәселені сотқа жеткізбеуі мүмкін екенін көрсетіп қана қоймай, әрбір екінші жағдайда борышкердің немесе өндіріп алушының құқықтары бұзылғанын растайды.
Шын мәнінде, жеке сот орындаушыларының жұмысы үшін сыйақы өндіріп алынған соманың 25 пайызынан 3 пайызына дейінгі мөлшерін құрайды. Егер борыш сомасы 60 айлық есептік көрсеткіштен аз болса, сот орындаушысына 25 пайызы төленеді. Алайда халық қалаулысы «көптеген адамдар жеке сот орындаушыларының қызметтеріне ақы төлеу – оларды орындау үшін қабылданған шараларға сәйкес келмейтінін әділетсіз деп санайды», дейді.
– Бұл, әсіресе, бірінші талап бойынша өз міндеттемелерін орындаған борышкерлердің наразылығын туғызады. Атқарушылық құжат мәжбүрлеу шараларын қолданбай орындалса да, борышкер сот орындаушысының қызметтеріне ақы төлеуге міндетті. Сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеу жүйесі мәжбүрлеп орындау бойынша қабылданған іс әрекеттерге байланысты болуы тиіс және егер жеке сот орындаушылардың қызметтері пайдаланылмаса, онда олардың қызметтеріне ақы төлеуге шығыстар ауыртпалығынан босату керек, – деді С.Имашева.
Рас, сот орындаушылары өз шоттарында өндіріп алушыларға берілуі тиіс қомақты ақша сомаларын жинақтайды. Десе де, кейбір сот орындаушылар ақша аударуға асықпай, өндіріп алушының ақшасын толығымен иемденіп алуға құмар. Мәселен, Астанада сот орындаушысы бір жыл бойы алиментті ұрлап отырған және баланың анасына аударудың орнына өзінің жақын адамына 1 миллион теңгеге жуық ақшаны аударған. Естеріңізде болса, Бас прокуратура 2022 жылы жеке сот орындаушыларының борышкерлерден 1 жылда 1 миллиард теңге жымқырғанын хабарлады. Құзырлы орган ақша ұрлауға қатысты фактілер Алматы қаласы, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында ақша ұрлауға қатысты 660 факті анықталғанын айтты. Осы ретте заңгерлер «жеке сот орындаушыларының құқығын қайта қарау қажет, олардың жауапкершілігін күшейту керек» деген пікірде. Олардың сөзінше, шотты бұғаттамас бұрын борышкерге қарыз туралы хабарлама жіберіп және оны көргенін анықтауды міндеттеу керек.
«Ішкі істер органдары бар, салық органдары бар, олар борышкерлерге берешек хабарлама жіберу керек, сот орындаушыға жібермей тұрып. Ал оны жасамайды олар. Бірден сот орындаушыға жібереді. Сот орындаушы орындай береді. Өйткені ол сонымен тіршілік жасап жатқан адам ғой, соның үстінен 25 пайыз көреді олар. Бұрын сот орындаушылар қалай болды? Бұрын ондай есеп-шот деген болған жоқ. Оны сот орындаушысы іздейді, ол қайда тұрады, солай еңбек етіп тауып барып, қолына хабарлама беріп, төлеңіз деп айтатын еді. Қазір көбісі ешқайда барып сандалмайды, кабинетте отырып бұғаттай береді», – дейді заңгер Әлімжан Жұбатқанов.
Қорыта айтқанда, атқарушылық іс жүргізу тараптары құқықтарының бұзылуына жол бермеу, сондай-ақ атқарушылық құжаттардың жекелеген санаттары бойынша (мемлекеттен өндіріп алу, талап қоюды қамтамасыз ету туралы сот ұйғарымы және басқалар) оңайлатылған іс жүргізуді қолдануды кеңейту үшін жеке сот орындаушыларының тәртіптік жауапкершілігін күшейту қажет секілді.
Сондай-ақ жеке сот орындаушыларының кәсіби кадр құрамын күшейту мақсатында аттестаттаудан және тағылымдамадан өтпей, жеке сот орындаушысы қызметімен айналысу құқығына лицензия алатын тұлғалардың тізімін қысқартқан дұрыс. Өйткені тәжірибесі жоқ және біліктілігі төмен сот орындаушылары – азаматтардың құқықтарының бұзылуының басты себепкерлері.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Бүгін кезекті Үкімет отырысы өтеді
- 27 мамыр, 2025
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- Бүгін, 12:12
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді