
Ол кісі орта мектептің 5-сыныбын бітіріп, 16 жасынан еңбек етіп, 1938 жылы 19 жасар апамыз Бүбісара Үшкемпірқызымен отау құрған. 1939 жылы тұңғышы Хаби, 1942 жылы қызы Айсұлу дүниеге келді. Сол кездері атамыз нан комбинатында қойма меңгерушісі болған екен. 1942 жылдың 22 маусымында Сүннат Биболов майданға шақырылады. Отанды жаудан азат ету жолында ол Карель және Белорусь майдандарында жаумен бетпе-бет шайқасты. Қанды қырғын, оқ пен оттың ортасы, жан мен ардың сынағынан абыроймен өтті. Жарақат алды, бірақ, мойымады. Қайта сапқа қосылып, жауға қарсы ұрысын жалғастырды.
Ерлігі елеусіз қалған жоқ. Бұл Отанның алғысы, ұрпақтың ризашылығы, тарихтың тағзымы болатын. Атамыз батыр ғана емес, бейбіт күннің де бағасын білген азамат болды. Соғыстан аман оралып, ел тыныштығына қызмет етті. Оның ерлігі біздің жадымызда. 1942 жылдың 17 қыркүйегінде алғаш рет шабуылға шығыпты. Курск қаласында медициналық тексеруден өтіп, 22-ші армияның 140-шы запастағы атқыштар полк құрамында майданға аттанды. 4 желтоқсанда екінші шабуылға қатысып, жараланған. 1943 жылғы 8 наурызда бөлімге оралады. Наурызда қайтадан жараланып, 30 сәуірде жазылып шығып, 200-дивизияның 642 ші атқыштар полкіне келеді.
Алайда ауыр жарақат алып, №2192 далалық жылжымалы госпитальда 9 сағатқа созылған операция жасалды. 1943 жылы Киров облысының Фаленки поселкесіндегі 253-ші бөлімде стационарлық ем алып, 24 желтоқсанда бірінші, 26 қаңтарда екінші операция жасалды. Сол кездері жарақат алғандарға жауынгерлік рух пен көңіл-күй сыйлау үшін госпитальға концерттік бағдарламамен үгіт бригадасы келеді. Солардың арасында қазақ қызы Роза Бағланова да болған екен.
Атамыз сол жерде Р. Бағлановамен танысқан. Кейінірек қызы дүниеге келгенін естіген соң, апамызға хат жазып, оның есімін Роза деп қоюды өтінген. Сол үшін әпкеміз Айсұлу-Роза атанды. 1944 жылдың 30 маусымында Карело-Фин ССР-нің Олонец ауданының Топ-озеро деревнясы үшін шайқаста минометші Сүннат Биболов өз минометімен жаудың екі атыс нүктесін жойды. Сөйтіп 4 шілдеде «Ерлігі үшін» медалімен, 1945 жылдың 18 наурызында екінші рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Ұлы Жеңісті Польшадағы Краков қаласында қарсы алады. Сондай-ақ жапондарға қарсы соғысқа қатысып, жеңіспен оралды. 1947 жылы атамыз бен апамыздың кенже ұлы Хабдуллин дүниеге келді.
Жалпы алғанда атамыз «Ұлы Отан соғысының I дәрежелі» ордені, екі рет «Ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Атам мен апам 64 жыл тату-тәтті өмір сүрді. Үйінен қонақ арылмайтын, қиын-қыстау заманда барлық туыс бауырлары осы қарашаңырақта оқып, өз отауларын құрды. Атам әрдайым балаларына «Ешкімнің ала жібін аттама, адал бол, бір-бірлеріңе мейірімді болыңдар» деп ақылын айтып отыратын.
Сүннат атаның ақындық қасиеті де болды. Майданда жүріп кейбір хаттарын өлең шумақтарымен жолдаған, соғыстан кейін отбасына, немере-шөберелеріне арнаған өлең шумақтары да бар. Апамыз атамыздан үш жыл бұрын дүниеден озды. Сонда: «...Қосылып 64 жыл өмір сүрдік, Арада тату-тәтті, күліп жүрдік, Ортаға ажал келіп араласып, Барлығы болып қалды-ау, бір-ақ күндік...» деп жазғаны бар еді. 9 мамыр Жеңіс күні – ерекше мереке еді. Атаның медальдары тағылған костюмін жарысып киетінбіз. Ол кісінің жақсы тәрбиесінің арқасында жанұясы береке-бірлікке толы болды, бойымызда жақсы қасиеттер қалыптасты. Атамыз ылғи да «Бота алма, бата ал» деп отыратын.
Қарсы аламын күнде нұрлы ақ таңды, Ата, әке есімің жүректе мәңгі жатталды. Сағынып жүрмін, сағынып жүрмін, Әкемді де, атамды да, апамды. Көзіңдей боп мен де өсіп келемін, Рухыңмен бере көрші батаңды...» Атамның жазған жырлары ұрпағы үшін өсиетнамаға айналды.
Роза БИБОЛОВА,
майдангердің келіні
Ұқсас жаңалықтар
Батырдың ұрпағы болу - мақтаныш әрі жауапкершілік
- Бүгін, 06:16
Жапырағын кеңге жайған жанұя
- Бүгін, 06:08
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді