
Жылда 9 мамыр – Жеңіс күніне сәйкес ауылымызда спорттың түрлерінен турнирлер өткізіп, жүлдегерлерді марапаттап, ақсақалдарды құрметтеп, ауылының мерейін бір көтеріп тастайды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген осы шығар. Төре Мірәзұлының қызы Аягүл Төреқызы Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері атанса, ұлдары Артығали мен Ерғали Төреұлы және «Қазақстанның Құрметті өнертапқышы» атанған ғалым, профессор күйеу баласы Жұмабай Байнатов үшеуі де «Құрмет» орденінің иегерлері. Ал Ғабит Төреұлы генерал-майор шенінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында 34 жыл қызмет атқарып келеді. Рысғали Төреұлы мен Аян Төреұлы «Құрметті құрылысшы» атағының иегерлері, ең кіші қызы Айгүл Төреқызы Құрметті энергетик.
Еліне елеулі, халқына қалаулы деген осыдан шығатын шығар. Ұл-қыздарының айтуынша, Төре Мірәзұлы 1924 жылы 9 мамырда Қаратау баурайындағы Берікқара маңайында дүниеге келіпті. 1942 жылы Жуалы ауданына қарасты Билікөл ауылынан әскерге шақыртылған. Ол генерал И.В.Панфилов атындағы Қызыл Ту орденді 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына қатардағы жауынгер болып алынады. Панфилов дивизиясының 75-80 пайызы қазақ қырғыз жігіттері болған. Майданға аттанар алдында ойы алғыр, мінезі өткір, сөзі мен ісі тиянақты жасты алдымен мергендер мектебінде үш айлық мергендікке оқытып үйретеді.
– Әкеміз Төре 1942 жылы Калинин майданында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының әскери құрамында алғаш ұрысқа қатысқан.
Батыр Баукеңнің:
«Ешкім іштен батыр болып тумайды, батырлық та мінез секілді – өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп айтқанындай, жас солдат И.В.Панфилов салған дәстүрдің ізімен даңқты қолбасшылар Рокосовскийдің, Коневтің, Ватутиннің әскери құрамаларында соғыс майдандарында қатаң да өнегелі өмір сабағын көреді.
Мәскеу түбіндегі Ржев қаласы маңындағы айқаста ауыр жарақаттанады. Сол шайқаста өте көп жауынгерлердің және өзінің досының жау қолынан қаза болғанын көзіне жас алып, еске түсіретін. Госпитальда емделгеннен кейін 1943 жылы қазан айында бірінші Украина майданына жіберілді. Сол жылы Киев бағытындағы шабуылдық операцияға қатысады. Осы операцияның арқасында 1943 жылы 6 қарашада Киев қаласы азат етіледі. Майдан қолбасшысы, армия генералы Николай Ватутин болған.
1944 жылы 13 шілдеде Львовско-Сандомирская шабуылдық операциясы басталды. Бұл кезде бірінші Украина майданын Кеңес Одағының маршалы Иван Конев басқарған. Бұл стратегиялық шабуылдық операцияның мақсаты Батыс Украина мен Польшаның оңтүстік шығыс бөлігін азат ету еді. Осы шайқаста Төре көптеген ауыр жарақаттар алған.
1944 жылғы 3 тамыздағы жарақаты туралы мәлімет 1988 жылы Жуалы аудандық әскери комиссариатының сауал жолдауы арқасында Ленинград қаласының мұрағатынан алынды. Осы алған ауыр жарақаты кезінде әкесі Мірәз баласы Төренің ұрыста қайтыс болғаны туралы қара қағаз алған екен. Баласы Төренің тірі екенін арада алты ай өткенде өзінен хат келгеннен кейін білген.
1944 жылы мергендік тапсырманы орындау үстінде жақын жерде жарылған снаряд жарқыншағы оны көкірегінен ауыр жаралайды. Бұл жарақаттан едәуір емделуіне тура келген ол дәрігерлердің күшімен сауығып, қайтадан 126-шы атқыштар полкінің құрамында ұрысқа оралады. Бұл әскери құрамда 1944 жылдың желтоқсанынан 1945 жылдың желтоқсанына дейін болады.
Ұлы Жеңіске жетуге өз үлесін қосып, оның айтып жеткізгісіз қуанышты сәтін өз көзімен көрген әкем Төре 1945 жылы желтоқсанда еліне аман-есен 2-ші топтағы мүгедектікпен оралды, – дейді ұлы Ғабит Төреұлы.
Төре Мірәзұлының Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін алған II дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін» медалімен, аңызға айналған қолбасшы Жуковтың атындағы медаль, «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі және сегіз мерекелік медальдары майдангерлік мәртебесін биіктете түседі.
– Әкеміз соғыстан оралған соң, мергеншілігі іске асып, Берікқарада орманшы болып жұмыс атқарды. Еңбек кітапшасындағы «орманшы» деген кәсібін жоғары лауазымынан кем көрмейтін. «Табиғат – ана. Ол – асыраушымыз!» деп отыратын.
«Атаның жүгі – атанның жүгі» дегендей, әкесі Мірәз қорыған тауды, ол еккен талдарды көзінің қарашығындай сақтауға Төре де өз өмірін арнады. Өйткені мұны Төре әкеміз табиғат алдындағы парызым деп санаған жан. Төре әкеміз жары Зухра Қыдырқызымен бес ұл, екі қыз өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелер, немерелерден шөберелер сүйіп, Аллаға шүкіршілік етіп, сексен төртінде ризалықпен дүниеден өтті, – дейді қызы, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова.
Еңсебек АБСАЛЯМОВ,
Билікөл ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Интерактивті сабақтың берері мол
- Бүгін, 03:46
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді