«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шетел азаматының бізде білім алғаны – зор табыс

Шетел азаматының бізде білім алғаны – зор табыс
Автор
Жоғары білім беру жүйесін еңбек нарығының сұранысына бейімдеу және мамандарды озық даярлау тетіктерін жетілдіру аса маңызды. Осы мақсатта Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы жиналысы өткен болатын. Бұл жиын еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту, цифрландыру және ғылыми инновациялық әлеуетін арттыру аясында ұйымдастырылды. Басқосу Қазақстанның техникалық, аграрлық және инженерлік бағыттағы кадр саясатын қайта қарау қажеттілігін алға тартады.

Жиынның күн тәртібінде жоғары білімнің ұлттық біліктілік жүйесіндегі орны, жасанды интеллект пен STEM бағыттарын білімге интеграциялау, ауыл шаруашылығы және инженерлік кадрлар даярлаудағы өзекті мәселелер қаралды. Сонымен қатар Ұлттық рейтинг және оны іске асырудың негізгі тәсілдері мен кезеңдері, жоғары білім мен еңбек нарығын интеграциялау мәселелері де қозғалды. Жалпы жиналысты жүргізген ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов жекеменшік оқу орындарын жинап, ұсыныстарын тыңдап, білім сапасын арттыру мақсатындағы жетінші кездесу Таразда өтіп отырғанын айтты.

– Оқу орындарындағы басты мақсат – сапалы кадр дайындау. Қазір әлемде жаңалықтар жылдам тарап, көп өзгерістер болып жатқанын бәріңіз де көріп отырсыздар. Әсіресе ғылыми жаңалықтар табыс әкеліп, ел экономикасын көтеруге үлкен септігін тигізеді. Америка мен Қытай бұл жағынан бәсекелесе жарысып келеді. Біз де дүниежүзінің даму қарқынынан қалмауымыз керек деген мақсатпен Ғылым және жоғары білім министрі озық мемлекеттерді аралап, жақсы жаңалықтарын елге жеткізуге барын салып жүр. Қазір елімізге келіп жатқан инвесторлардың көбісі шетелдік компаниялар, олар жаңа технологияларды алып келіп жатыр. Бұл бағытта жастарымыз жұмыс істеуі керек, соған мамандарымыз біліктілігімен дайын болуы тиіс. Ал ол жастарға білім беріп отырған оқу орындары балалардың тағдырына жауапты. Себебі болашақтарына бағыт көрсетіп, оқытып және сол үшін ата аналарының жиған-тергендерінен қаржы алады. Бұл – үлкен жауапкершілік. Қазір, шүкір, Қазақстан экономика жағынан дүниежүзінде 59-шы орында келе жатыр. Ол, әрине, шикізаттың арқасында. Бірақ кейінгі кездері машина жасау жақсы дамып келеді. Тамақ, химия өнеркәсібі және ақпараттық технология да алға басты. Осыларды ескеріп, уақыт талабына қарай қажетсіз мамандықтарды және басқа оқу орындарында дайындайтын мамандықтарды қысқартып, еңбек нарығының сұранысына лайық мамандарды оқытуды баса назарға алған жөн. Сонымен қатар шетелдік талапкерлерді өз еліміздің оқу орындарында оқытуға тарту да қазір өте өзекті. Мысалы, Пәкістаннан, Үндістаннан Қазақстанда оқуға ниеттілердің қатары артып жатыр екен. Пәкістанда 300 мың бала кезекте тұр дейді. Бұл ол жақта Қазақстанның беделі жоғары екенін байқатады, міне сол балаларды өзімізге оқуға қабылдайық. Қазақстанның білім саласының беделін көтерейік. Шетелдік балаларды оқыту жыл сайын бюджетке 120 миллиард доллар әкеледі екен. Сондықтан бізге білім беру ісінің сапасын жоғарылатып, дүниежүзіндегі жаңалықтарды енгізе отырып, шетелдік студенттерді тартуға назар аудару қажет, – деп Рахман Алшанов сөз кезегін жиынға онлайн режимде қосылып отырған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке берді.

– АҚШ-та өткен конференцияда көтерілген көптеген мәселелердің ішінде ұлттық рейтингке қатысты сөз болды. Ұлттық рейтинг арқылы жоғары оқу орындарын бөліп қарау емес, бізге толыққанды институционалды рейтинг керек. Сондықтан рейтингті осы жылдан бастап енгіземіз. Ал енді шетелдік азаматтарды елімізде оқытуға келсек, бүгінде 31500 шетелдік студент біздің елде білім алып жүр. Олар Қазақстанға қазір 30 миллиардтан астам инвестиция әкелді. Оның үстіне бұл студенттер академиялық турист санатына жатады. Яғни, төрт жыл біздің елде қалады, оқиды, қыдырады, тамақ ішеді, киноға барады. Туыстары келеді. Төрт жыл бойы біздің бюджетке табыс түсіреді. Ал сол 31 мың студентке қызмет көрсету үшін 40 мың жұмыс орны қосымша ашылмақ. Ендігі меже – алдағы үш жылда Қазақстанға келіп, білім алатын шетелдік жастардың қатарын жүз мыңға жеткізу. Бұл қазынаға 400 миллиард теңге кіріс кіргізіп, 130 мың жаңа жұмыс орнын ашуға сеп болады, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазіргі уақытта біздің елде кәсіби жоғары білім алып жүрген шетелдіктердің пікірлері бейнеролик арқылы көрсетілді. Солардың ішінде ең жасы үлкені – Кадрие Ышыклы. Стамбулдан келіп, Түркістандағы оқу орнында туризм саласы бойынша білім алып жүрген ол 69 жаста. Оқуымен қоса қазақша тіл үйреніп, 3 айда мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатын деңгейге жеткен.

Жоғары оқу орындарының әлеуетін ұлттық экономиканың басым бағыттарымен ұштастыра отырып, жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ұсыныстар қабылдауды көздеген жиында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков аталған оқу орнындағы озық жұмыстар жөнінде мәлімдеді.

– Әлемнің кез келген мемлекетіне барсаңыз, олар Қазақстанды аграрлық республика ретінде таниды. Еліміздің ұлттық экономикасының дамуы ауылдың жағдайына тікелей байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтқандай, «Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес». Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, 34 жылдың ішінде осы мәселе шешілген жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының ішінде 9 түрінен 100 пайыз, 8 түрінен 50 пайыз облыс өзі қамтамасыз ете алады, ал 2 түрі басқа аймақтардан әкелінеді. Мысалы, күріш Қызылордадан, қара құмық Солтүстік Қазақстан облысынан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткендей, бұл жерде екі мәселені нақты шешу қажет. Біріншіден, ауыл шаруашылығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Екіншіден, аграрлық ғылымды дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу. Өздеріңізге белгілі, бір жоғары оқу орнында барлық білім бағдарламалары бойынша мамандарды жоғары сапалы деңгейде дайындау мүмкін емес. Сондықтан өңірлік университет жоғары білім беру жүйесінде өзіне лайықты орынды тауып, бір бағытта жұмысын басқалардан жақсы жасау керек.  Біздің университет үшін ондай бағыт – ауыл шаруашылығына мамандарды даярлау және аграрлық ғылымды дамыту. Университеттегі бакалавриаттың 38 білім бағдарламасының ішінде жетекші орын алып отырған облыстың ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар. Яғни, бұл жерде біз екі мәселені шешіп отырмыз. Біріншіден, мамандар даярлауды бір жетекші бағытқа бейімдеп, екіншіден, көрші жоғары оқу орындарындағы, яғни М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің мамандықтарын қайталамауды жүзеге асырудамыз. Сонымен қатар еңбек нарығына бүгін қажет мамандықтар келешекте ескіруі мүмкін. Сондықтан мамандарды озық даярлау жүйесі қазақстандық экономиканы дамытудың негізі болып табылады.  Жақында Жамбыл облысының аймақтық мамандықтар картасы жарияланды. Картада жаңа мамандықтар, трансформацияланатын мамандықтар және жойылатын мамандықтарға байланысты ақпарат берілген. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында келесі 12 жаңа мамандыққа қажеттілік туады деген болжам жасалынған. Бұл мамандықтардың пайда болу көкжиегі 2030 жыл деп көрсетілген. Мамандықтарды салыстырып қарап отырсақ, оларды біріктіретін негізгі ұстаным, басты принцип – ғылым арқылы білім үрдісін ұйымдастыру, – деді Махметғали Нұрғалиұлы.

Ректор ауыл шаруашылығына сапалы мамандарды даярлау үшін ғылыми-педагогикалық потенциалмен бірге инновациялық инфрақұрылым, материалдық-техникалық және оқу зертханалық база қажеттігін де сөз етті. Аталған университеттің 3 ғылыми зерттеу орталығы Байзақ ауданында орналасқан.

Біріншісі – 8 гектар жерді алып жатқан агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы. Орталық студенттер мен магистранттардың кәсіби практикадан өтуіне, профессор оқытушы құрамының ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, жылыжай кешенін дамытуға және отандық өсімдік селекциясын зерттеуге арналған. Одан бөлек агробиологиялық ғылыми-зерттеу орталығы ауыл шаруашылығында жүрген шаруаларға әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді. Яғни, олардың қаржылық сауаттылығы мен кәсіпкерлік мәдениетін дамыту мақсатымен курстар мен тренингтер өткізеді.

– Мен бірнеше жыл облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының жанында құрылған комиссияны басқардым. Комиссия «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге грант беру туралы мәселені қараған болатын. 3 миллион теңге көлеміндегі грант өз кәсібін бастап жатқан азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау (старттық капитал) ретінде берілетін. Өкінішке қарай, конкурсқа қатысқан көп азаматтар кәсіпкерге қажетті негізгі сұрақтарға, яғни бизнес-жоспар, жобаның жаңашылдығы, қосымша жұмыс орындарын ашу секілділерге жауап беруге қиналды. Яғни, олардың кәсіпкерлік мәдениеті төмен екендігі анықталды. Сондықтан оларды кәсіпкерлікке дайындау қажет. Тағы бір мәселе – шаруаларға берілетін субсидия. Президенттің айтуы бойынша, соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Өкінішке қарай, шаруалар субсидияны мемлекет беретін төлем деп қабылдайды. Субсидия дегеніміз шаруаларды өнімді жұмыс істеуге ынталандыратын тәсіл. Сондықтан да субсидияны шаруаларға максатты беру, тиімді пайдалануына талдау жасап, бақылауда ұстау, субсидиялау туралы ақпарат ашық болып, толық қамтитын платформа әзірлеп, шаруаларға тегін қызмет көрсету – өзекті мәселе, – деді Махметғали Сарыбеков.

Университеттің екінші ғылыми зерттеу орталығы ветеринария және мал шаруашылығына арналған, жер телімі 50 гектар. Мақсаты – өңірлік агрокешенді дамыту және ауыл шаруашылығы селекциясын зерттеу. Мұнда университеттің ет және сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қараға арналған фермасы орналасқан. Ал үшіншісі – «Аквакультура» ғылыми-зерттеу орталығы. Ол өңірде балық шаруашылығын дамыту, балық өсіру, су айдындарының құрамын зерттеумен айналысады. Қазіргі таңда облыста балық шаруашылығы саласында 148 су айдыны бар.

Университет ғалымдары осы көлдердің 50-іне ғылыми-биологиялық негіздеме жасады. Соңғы 3 жылда гранттық және бағдарламалық мақсаттық қаржыландыру есебінен және коммерцияландыру бағыты бойынша республикалық бюджеттен аграрлық тақырыптарға 1,72 миллиард теңге көлемінде ғылыми жобалар орындалуда. Оның ішінде 2 жоба грант бойынша қаржыландырылса, 4 жоба бағдарламалық-мақсат бойынша қаржыландырылып, 1 жоба грант есебінен коммерцияландырылады.

Одан бөлек, шаруашылық келісімшарт арқылы ғылыми-сараптамалық және ғылыми-консультативтік жұмыстар жүргізеді. Мысалы, 2024 жылы балық шаруашылығының сұранысымен 18 миллион 228 мың теңгеге жобалар орындалды. Ғылым қорының 280 миллион теңге көлемінде коммерцияландыру гранты есебінен балық өсіру технологиясымен айналысатын акваферманың құрылысы аяқталды, – деген Махметғали Нұрғалиұлы өңірлік ғылымды дамыту үшін ескерілуі тиіс мәселелерді атап өтті.

Биыл 14 наурызда Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен өңірлік ғылымды дамыту және жергілікті бюджеттен ғылыми жобаларды қаржыландыру туралы әдістемелік нұсқаулар бекітілген. Осы құжат нәтижелі жұмыс істеу үшін облыстық мәслихатта қаралып, бюджеттен өңірлік ғылымды дамытуға жұмсалатын нақты қаражатты бекіту керек дейді ректор. Облыста қандай басымды бағыттар зерттеуді талап етеді?

Бұл сұрақ бойынша ұсынысты өңірлік ғылыми кеңес береді. Өңірдің ғылыми-техникалық саясатын да қалыптастыратын осы кеңес. Мысалы, аймақтық экономиканың сұраныстарына сәйкес, Шерхан Мұртаза атындағы университет аграрлық бағытта, Дулати университеті химия және химиялық технология саласы бойынша, Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті мен Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану мәселелері бойынша ғылыми жобаларды жүргізе алады.

Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың тарапынан берілетін ғылымға деген мемлекеттік тапсырысты дұрыс анықтау керектігін айтқан Махметғали Сарыбеков Ғылым және жоғары білім министрлігі, жергілікті атқарушы орган, Ғылым қоры, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер, кәсіпорындар мен бизнес-құрылымдар арасындағы байланысты дамыту қажеттігін жеткізді. Ұлттық біліктілік жүйесіндегі жоғары білімнің орны туралы министрліктің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова, «Ұлттық рейтинг: іске асырудың негізгі тәсілдері мен кезеңдері» тақырыбында министрліктің жобаларды басқару кеңсесінің академиялық шеберлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жобалары тобының жетекшісі Фатима Жақыпова, жоғары білім мен еңбек нарығын интеграциялау мәселелері жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының облыс бойынша директоры Еркін Атымтай баяндама жасады.

Білім үрдістерін трансформациялаудағы жасанды интеллект пен STEM-нің рөлі турасында Astana IT-University ректоры Асқар Хикметов пікір білдірсе, инженерлік кадрларды даярлау сапасын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін М.Тынышбаев атындағы ALT университетінің құрылтайшысы Гүлзана Серікова айтты. Ал М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінің президенті Рихсибай Мамедов аталған оқу орнының бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудағы рөлін мәлімдеді. Отырыс қорытындысында жалпы жиналыстың резолюциясы қабылданды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

Ұқсас жаңалықтар