
Бақтияр Бейсембайұлы кейінгі уақытта көміртегі тотығымен улануға байланысты санатсыз жағдайлардың өсу динамикасы байқалатынын айтты.
– Уланудың 85 пайызы мұржаның бітелуі және оның жарамсыз күйде болуынан, темір құбырлардың сырты қапталмауынан, бөлменің талапқа сәйкес болмауынан, қолдан жасалған және қауіпсіздік автоматикасы жоқ жылыту пештерін пайдаланудан, ванна бөлмелерінде газбен су жылытқыштарды рұқсатсыз орнатудан болған. Ал 15 пайызы газ құралдарын пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан орын алған. Яғни орын алған оқиғалардың негізгі себебі адами фактор болып табылады. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Жамбыл өндірістік филиалы үйішілік газ жабдығына техникалық қызмет көрсете алмайды. Қызмет түрі ретінде бәсекелестік ортада болады. Сондықтан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, үйішілік газ жабдығына, желдеткіш және түтін шығу арналарына тиісті жұмыстарды жүргізуге аттестаты бар бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұйымдары техникалық қызмет көрсетеді. Мұндай жұмыстарды тиісті лицензиялары бар ұйымдар жүзеге асырады, – деген Бақтияр Бейсембайұлы бірқатар кемшіліктерді де атап өтті.
Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, Тараз қаласының тарату газ құбырлары мен құрылыстарының күзет аймақтарын тексеру кезінде 19 мекенжай бойынша бұзушылықтар анықталған.
Газдың ағып кетуіне және ықтимал салдарға байланысты төтенше жағдайдың туындауына жол бермеу мақсатында газ құбыры өтетін жер учаскесін берудің заңдылығын анықтау және газ құбырының күзет аймағын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау бойынша комиссия құру керектігін ескертті. Қайғылы жағдайға жеткізетін кемшіліктердің алдын алу жолдарын қарастыруды тапсырған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек тұрғындардың тұтынған газға төлейтін ақысын жинаумен айналысатын компанияға қауіпсіздік шараларын қадағалауды да жүктеу керегін айтты.
– Былай қарағанда өте қарапайым мәселе, қолдан келетін жұмыс. Газдың құбырларын, мұржаны уақытылы тазалап тұрса, қайғылы жағдайлар орын алмас еді. Осы сақтық шараларын, көрсетілген ескертпелерді жан-жақты халыққа тарату керек. Әсіресе, әлеуметтік желілерде көбірек жариялансын. Екінші мәселе, тұрғындардан пайдаланылған газдың ақысын жинағанда әртүрлі баға айтпай, бір бағасын белгілеу керек. Газды пайдаланатын үйдің шаршы метріне ме әлде пештің қуаттылығына байланысты ма, нақты талдау жасап, тиісті бағасын шығарып, оны да жариялау керек. Ел білсін, бағаның қандай екенін, бірінен бірі асып не төмендеп кетпейді сонда. Үшінші мәселе, газ тұтынудағы қауіпсіздікті қадағалау жұмыстарының анық жасалуы. Кейде тексерушілер ақшасын алса болды, қол қойып береді де кете береді. Ішке кіріп, көрмейді. Ал көрмеген, тексерілмеген үйлерді жылыту маусымы кезінде газдан ажырату керек. Тексерушілердің де жұмысын қадағалау қажет. Төлемақысының ақшасын қолма қол бер деп талап ететіндер бар екен. Тұтынушы банктегі есепшоты арқылы төлеймін десе, өз еркі, ал қолма-қол төле деуге құқы жоқ, осыны да назарға алыңыздар, – деген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек коммуналдық қызметтер есеп айырысу орталығының өкіліне тапсырма берді.
Кеңесте автожолдағы қауіпсіздік мәселесін қарау да жоспарланған. Алайда «ҚазАвто жол» Жамбыл облыстық филиалынан қатысқан өкіл нақты сауалға жауап берерліктей баяндама әзірлемегендіктен, қаралмады. «Қазақстан темір жолы» Жүк тасымалы» ЖШС-нің Жамбыл бөлімшесі филиалының бас инженері Дүйсенбек Сыдықов теміржолшылардың атқарып жүрген іс-шараларына қарамастан, облыс көлеміндегі теміржол тораптарында пойыздың адам, мал қағып кету оқиғалары орын алып жатқанын айтты.
– Облыс халқы, оның ішінде Тараз халқы қарқындап өсіп келе жатқаны бәрімізге белгілі. Теміржол аумағының қауіптілігі де баршаға мәлім. Станциялардың, жол дистанцияларының басшылары үй-үйді, шаруа қожалықтарын аралап, ескертпе парақшалар таратып, ауызша түсіндіріп те жүр. Мектептерде оқушылармен, мұғалімдермен осыған байланысты кездесулер де өткізілуде. Соған қарамастан, мектеп оқушыларының, азаматтардың, автокөлік жүргізушілерінің, жеке шаруа қожалықтарының тарапынан түрлі құқықбұзушылықтар орын алуда. Оған дәлел – кеше ғана Тараз қаласының ескі айналма жолында, бұрынғы Ақбидай элеваторының теміржол өткелінде болған жол-көлік оқиғасы. Пойыздың, жылжымалы құрамның бірден тоқтай алмайтынын естен шығармаған жөн. Тежелу жолы, пойыздың жылдамдығына сәйкес, 50 метрден 1000 метрге дейін созылуы мүмкін. Ақпараттар сараптамасына қарасақ, 2022 2024 жылдар аралығында облыс бойынша адам басып кету қаупі туындағанда пойыз жүргізушілері 32 рет оқыс тежегіш қолдану фактісі орын алған. Оның 12 жағдайы адам өліміне әкелсе, 7 жағдайда жарақаттану фактілері тіркелген. Бұл меселе Тараз, Құмшағал, Мыңарал, Шоқпар станцияларында өте өзекті болып тұр. Пойыздар саны жылдан жылға өсуіне байланысты тұрғындардың теміржол станцияларынан ары-бері өтуіне қиындықтар туғызуда. Осы жылдың 4 айында 3 адам басу фактісі орын алды және оның біреуі 4 жасар бала, Шайқорық станциясының тұрғыны. Мал қағып кету фактілері Хантау, Қияқты, Жиделі станцияларында, Шу станциясы төңірегінде және облысымыздың Тараздан Түлкібасқа дейінгі жол телімдерінде орын алуда. Осы орайда жеке шаруа қожалықтарының жауапкершілігін арттыру маңызды, – деген Дүйсенбек Тұрсынбайұлы тұрғындардан түсіп жатқан талап-тілектерді, ұсыныстарды сараптай келе, жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында, атқарылуы тиіс істерді атады.
Тараз станциясының орталық мойынтығында, Құмшағал, Мыңарал станцияларында жаяу жүргіншілердің теміржолдан өтуі үшін аспалы көпірлер салу мәселесі және Шу станциясының Тоғай өткелінің жанынан, Түрксіб станциясының солтүстік мойынтығы өткелі жанынан екі денгейдегі автокөлік өткелдерін салу өте маңызды. Осы орайда туындаған мәселелерді реттеуге бағытталған ұсыныстарды тиісті мемлекеттік құрылымдармен карастырып, шешу керегі айтылды.
Жиынға қатысушылар қаралған мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қажетті іс-шараларды уақытылы орындау және бақылау жұмыстары пысықталды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді