
Бала кезден кең далаға бауыр басып өскен Пернебай Дүйсенбиннің, сезімтал да зерек жетілуіне жусан иісі бірден бір себепкер. Ол жастайынан сан түрлі туған жер бояуынан сыр ұқты. Қалам құдіреті сыншыл, жыршыл жүрекке киелі ұғымдай көрінетін. Қоршаған ортаның құпия құбылыстарынан өзінше ой түйіп, оны қағазға түсіру қаншалықты қызық болса, соншалықты қиын екенін аңғарған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» және облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бас тамасымен «Әулиеата кітап оқитын өңір» жобасы аясында аудандық мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен ауданның Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Дарабоз» сыйлығының екі дүркін иегері, халықаралық, республикалық әдеби конкурстардың сегіз дүркін жеңімпазы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Пернебай Дүйсенбиннің өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында «Өмірімнің бәрі ізденуден тұрады» атты кеші өтті.
Іс-шараға келуші көрермендер аудандық орталық кітапхананың ұйымдастырған «Пернебай Дүйсенбиннің дара жолы» кітап көрмесі және «Қарлығаш көңіл қаламгер» инсталляциясымен танысты. Шараның шымылдығын «Сарысу» халық театры П.Дүйсенбиннің «Ән салшы, Әке» повесінен театрландырылған қойылыммен ашып, қатысушыларға рухани азық сыйлады. Қойылым барысында әртістер өз рөлдерін бар ықыластарымен сомдап, көрермен қошеметі мен автордың алғысына бөленді. Повест негізінен ҰОС жылдарындағы тылда еңбек еткен жас балалардың басынан өткен оқиғаларын көрсетеді. Басты рөлдегі Нұртас есімді бала өзінің достарымен бірге шөп ору маусымында неше түрлі қызықты кезеңдерді бастан өткеріп, майдан даласында жүрген әкелерін сағынысып еске алады.
Салтанатты кеште аудан әкімі Сәкен Мамытов:
«Жазушы Пернебай Дүйсенбин – есімі көпшілікке жақсы таныс қаламгер, белгілі балалар жазушысы. Жазушының балалар әдебиетіне қосқан еңбектері мен сырлы шығармалары, тарихи, танымдық кітаптары оқырмандар сүйіп оқитын шоқтығы биік туындылар», – деп жазушының әдебиет саласына орасан үлес қосқанын тілге тиек етіп, отбасына амандық, деніне саулық, шығармашылығына зор табыс тіледі.
Кітапхана қызметкерлері «Танымы бөлек талант» атты жазушының суретшілік өнеріне, «Балалар әлемінің бағбаны» балалар әдебиеті, «Жүрегімде ғасырлардың салмағы» шығармашылығын насихаттау айдары мен «Сан қырлы қалам иесі» тарихи, деректік, шежірелік, әдеби туындыларына шолу жасады.
Сондай-ақ кітапхана оқырманы Қайрат Өмірзақ «Жұлдыздар неге жылайды?» повесінен монологін оқыса, аудандық мәдениет үйінің әншілері Раушан Қадырбекова «Ел аман болсын», Ахат Кенжебаев «Бұлбұлым» әндерін орындап, кештің көркін кіргізіп, көрермендерді өнерімен баурады. Сонымен қатар қаламгердің шәкірттері Қали Сәрсенбай, Сәуле Жанпейісова, Болатбек Төлепберген, Ардақ Исатаева қаламгерге видео-құттықтау жолдады.
Кеш соңында жазушы Пернебай Дүйсенбин іс-шараға қолдау білдірген аудан басшыларына және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған аудандық кітапхана мен мәдениет үйіне алғысын білдіріп, кітап оқудың адамға пайдасы туралы кеңінен баяндады.
«Aq jol»-Aqparat.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді