«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Мамандық таңдауға баулу бастауыш сыныпта басталуы керек»

«Мамандық таңдауға баулу бастауыш сыныпта басталуы керек»
Автор
Оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Мектеп бітіруші түлектер әлдеқайда мамандықтарын сайлап, ҰБТ-ға дайындықты бастап кеткен. Десек те, уақыт таяғанда таңдаған мамандығының дұрыстығына күмән келтіріп, таңдау пәнін ауыстырып жататын түлектер де аз емес. Өйткені бұл өмірде екі нәрседен қателеспеу керек деген ұғым бар. Бірі – өмірлік мамандығын, екінші – өмірлік серігін дұрыс таңдау әрбір азаматқа сын болса керек. Оған қоса цифрлық төңкерістің заманы басталып кетті. Жасанды интеллект, автоматтандырылған жүйелер, виртуалды әлем, әсіресе пандемиядан кейін қашықтан жұмыс істеу – осының бәрі күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналып үлгерді. Бұл өзгерістер тек технологияға ғана емес, сонымен қатар еңбек нарығына да үлкен әсер етуде. Нәтижесінде бұрын-соңды болмаған жаңа мамандықтардың пайда болуына куә болып отырмыз. World Economic Forum болжауынша, 2030 жылға дейін бұрынғы мамандықтардың 40 пайызы мүлде жойылады, орнына 186 жаңа мамандық дүниеге келеді. Өткен жылғы Давос экономикалық форумының баяндамасында қазір мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың 63 пайызы таяу болашақта бүгін заты түгілі, аты белгісіз мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндігі айтылған еді. Сондықтан бүгінгі мектеп түлектері үшін – мамандық таңдауда қателеспеу, «джекпот» жеңіп алумен пара-пар болып отыр. Қаламаған оқу-білімнен де, құлықсыз жасаған кәсіптен де дұрыс нәтиже шықпасы анық. «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» демекші, оның арты елімізде әр саланың дамуына тосқауыл болары белгілі. Осы ретте бүгінгі күні профориентолог мамандарының пайда болғаны қуантады. Профориентолог – баланың қабілеті мен білімін, мінез-құлқын анықтайтын әртүрлі тесттер арқылы оқушының қызығушылығы мен қажеттілігін ескере отырып, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға қол ұшын беретін маман иесі. Сондай мамандардың бірі – Сүлеймен Демирел университетінің extention директоры, грант эксперті, кәсіби профориентолог Омарбек Көшкімбайұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Омарбек Көшкімбайұлы, жоғары сынып оқушысы мамандық таңдауда нені ескеруі керек? Неге мән беруі тиіс?

– Жалпы мен мамандық таңдауды жоғары сыныптан емес, бастауыш кезеңнен баланың қызығушылығы мен қабілетіне қарай түрлі үйірмелерге беру арқылы дамытып, икеміне қарай болашақ мамандығына бейімдеу керек дер едім. «Менің атым Қожа» фильмінде «Бала деген қапшық емес, не болса соны салатын. Бала деген – шамшырақ, жаға білу керек» деген жақсы сөз бар. Шын мәнінде ата-ана баланың қарым қабілетін анықтауда уақыты мен қаржысын аямауы керек. Ал жоғары сыныпқа келіп, әлі де ойы сан-саққа жүгіріп, кім боларын білмей жүрген оқушыларға айтарым – ең алдымен өзін өзі танып, өзінің қабілеті мен қызығушылығына бет алуы керек. Сондай-ақ өз қалауларын еркін түрде айта білуі де маңызды.

– Омарбек Көшкімбайұлы, осы саланың кәсіби маманы ретінде, болашақта жойылатын мамандықтарды және керісінше алдағы уақытта көп сұранысқа ие болатын мамандықтарды атай аласыз ба?

– Қазіргі күні жойылатын мамандықтар тізімі көп жерде жазылып жүр. Мысалы, адам баласының тікелей әсерінсіз-ақ болатын роботтандырылған салалар көбінде жойылуы мүмкін. Бірақ қазіргі таңда белгілі бір мамандық жойылады екен деп емес, керісінше мамандықты біріктіретін Major minnor деген бағдарламалар бар. Бұл major дегеніміз ол негізгі сала, мысалы, қаржы саласы делік. Оған IT саласын біріктіруге болады. Немесе бүгінгі күні бізде заңгер мамандығы мен IT мамандығы бірігіп, заңгер IT мамандары шығып жатыр. Бұндай маман иелері Жапонияда біраздан бері бар. Оған сол елге іссапармен барғанда куә болғанмын. Жалпы әркім де өлмейтін, өшпейтін мамандықтар тізімін шығарып жатыр ғой. Бірақ менің ойымша, мәселе бір мамандық өлмейді екен деп, оған топырлап барудың орнына, баланың негізгі қабілетіне қарай major (негізгі) мамандығын анықтап, minnor ретінде заман талабына сай қосымша мамандық игерсе болады. Бүгінгі таңда сұраныс азайған мамандыққа есепші мамандықтарын жатқызар едім. Өйткені қазір бұрынғыдай ешкім ұзын-сонар кезекте тұрып жарық пен суға төлем жасамайды. Сондай-ақ болашақта аударма ісі мамандықтары өзекті болмай қалады. Яғни, тікелей жасанды интеллектінің көмегімен іске асатын мамандықтарға сұраныс азаяды. Елімізде және жалпы әлемде қатты сұранысқа ие, ешқашан өлмейтін-өшпейтін мамандықтарға мен, мұғалім мен дәрігерді жатқызар едім. Сондай-ақ қазіргі таңда IT саласы мен қызмет көрсету яғни HR-менеджер, менеджмент, туризм, журналистика сынды адамдармен қарым-қатынас жасайтын салаларды айтар едім. Одан кейін инженерлік саласы, оның ішінде ауылшаруашылық-инженериясы сұраныстағы мамандықтар болмақ.

– Омарбек Көшкімбайұлы, түлектердің мамандық таңдауда ата-анасының да әсері жоқ емес. Осы ретте жоғары сынып оқушыларының ата-анасына қандай ақыл кеңес айтар едіңіз?

– Ата-аналарға айтар ең басты ақыл кеңесім – 1990-2000 жылдардың ойымен қалмаңыздар, ояныңыздар дер едім. Оянған ата-ана ғана баламен бір толқында болып, баланың қызығушылығына бет бұрып, оны тани бастайды. Демек, баланы тану – басты шарт болып табылады. Баланы танымай, өз ойын, өзіне тиімді не өзіне ұнайтын мамандықты балаға тықпалау – дұрыс емес. Сондықтан тағы да ата-аналарға заман талабына сай балаларыңызды жан-жақты дамытып, олармен бір толқында болыңыздар дегім келеді. Салалық министрліктің ресми мәліметі бойынша, еліміздегі жоғары оқу түлектерінің 60 пайызы өз мамандықтары бойынша жұмыс істемейді екен. Ал түлектердің 87 пайызы өз мамандығын ата-анасының не ұстаздарының ықпалымен таңдаса, 75 пайыз түлектер қандай мамандық таңдайтынын білмейді де. Осы статистикаға сүйенсек, 90 пайыз түлектердің еңбек нарығында қандай мамандықтардың бар екендігін және олардың қайсысы сұранысқа ие екендігін білмеуі тіпті қынжылтады. Мемлекеттік тегін оқуға ілігу мақсатында құжатын гранты көп мамандыққа тапсыратындар да аз емес. Өйткені біздің менталитетте «әйтеуір бір дипломың болса өлмейсің» деген ескіліктің таптаурын пікірі де жоқ емес. Арамызда онсыз да өзі қаламаған немесе немқұрайлы қарайтын мамандықты оқып, 4 жыл уақытын зая кетіріп, диплом алып, соңында өзіне де, қоғамға да зиянын тигізіп жүрген сапасыз маман иелері аз емес. Өзінің қабілет-қарымы жететін, бастысы өзі қызығатын салада еңбек ететін маман ғана қоғамның дамуы мен елінің гүлденуіне үлес қоспақ. Сондықтан түлектердің мамандықты дұрыс таңдауы – еліміздің әр саласының қарыштап дамуына өз ықпалын тигізері анық. Цифрлық технологияның көз ілеспейтін жылдамдықта дамуы – жастардың бір емес, бірнеше мамандықты кәсіби деңгейде меңгеру керектігін меңзейді. Дәл осы жерде «екі қайықтың басын ұстаған суға кетеді» сөзі өз өзектілігін жойса керек. Өйткені жасанды интеллектінің еңбек нарығына қарыштап енуі – жастарымыздан бір емес, бірнеше мамандықты қатар меңгеруді талап етуде. Сондықтан мамандық таңдауда талапкердің де, ата-ананың да «жеті рет өлшеп, бір рет кескені» абзал. Аса жауапкершілікті талап ететін өмірдің осынау маңызды сәтінде биылғы талапкерлерге сәттілік серік болсын дегім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан Арна ЖҰМАТАЙ,

журналист.

Ұқсас жаңалықтар