
Жабайы қызғалдақтар өзінің нағыз туған өлкесінде, бүгінгі Қазақстан территориясында жоғарыда айтылған голландиялық тарихқа дейін бірнеше мыңжылдықтар бойы ең сүйікті және құрметті гүлдердің бірі болған. Оның құжаттық дәлелдемесі бізге «алтын қызғалдақ» құпиясын сыйлаған Жетісудағы көне Теңлік қорғанын қазу кезінде табылды. Гүлдеп тұрған қызғалдақты рельефті ою-өрнегі бар алтын пластина түріндегі таңдамалы асыл әшекейлерді Алматы қаласындағы археология институты музейінен көруге болады.
Әлем ғалымдары да бүгінгі қызғалдақтардың ата қонысы Қазақстан деп біледі. Сондықтан болар, соңғы жылдары осы уақытта өңірімізге арнайы келіп, дала қызғалдақтарын қызықтағысы келетін туристер қатары еселей түскен. Кеше Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті ғимаратында ұйымдастырылған «Қызғалдақ мұра» ғылыми конференциясына Германия, Украина, Қырғыз, Ресей, Иран және Голландия мемлекеттерінен келген, әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары, биоалуантүрлілікті зерттейтін эксперттер, ботаника, экология, жаратылыстану ғылымдарының мамандары, ҚР Ғылым академиясының ғалымдары, ЮНЕСКО өкілдері қатысты. Халықаралық маңызы жоғары конференцияны – аталған оқу орнының ректоры Махметғали Сарыбеков ашып, жүргізіп отырды.
– Бүгінгі ұйымдастырылып отырған ғылыми конференцияның мақсаты – облысымыздың экожүйесі мен мәдениетінде маңызды рөл атқаратын жабайы қызғалдақтарды бірегей мұра ретінде сақтау. Сондай-ақ оларды қорғау мәселелерін талқылап, қоршаған ортаға жауапкершілікті күшейту және экологиялық сауаттылықты арттыру. Конференцияда негізінен үш мәселе талқыланады. Біріншісі, таулы жерлердің ғажайып көркі мен тамылжыған табиғаты аясында өсіп тұрған жабайы қызғалдақтардың табиғи ландшафттарын сақтап қалу – бәріміздің ортақ міндетіміз. Екіншісі, облыстың туристік әлеуетін әлемге танымал ету, қызғалдақты өңірдің бренді ретінде қалыптастыру және сол арқылы өңірімізге келетін туристер санын ұлғайту. Үшіншісі, Қаратау тауларының бай табиғатын қорғауға және ондағы экологиялық тепе-теңдікті сақтап, әлемге оның теңдесі жоқ құндылықтарын танытуға мүмкіндік беретін Каратау геопаркін құруға ықпал ету, – деді жиын төрағасы.
Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев өз сөзінде қызғалдақтың әлемге тараған қасиетті мекені осы Жамбыл өңірі екенін, қызғалдақ табиғат сұлулығын ғана емес, қазақ мәдениетінің де бірегей ошағына айналғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында «Туризм өңірлердің дамуына серпін беретін сала болуы тиіс» деді. Сондай-ақ республикалық және халықаралық іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Қызғалдақ фестивалі – табиғат, мәдениет және туризм салалары тоғысқан бірегей іс-шара. Осындай іс-шаралар Қазақстанның жаңа бейнесін қалыптастырады және туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. 8 сәуірде өткен Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов әрбір өңірде жыл сайын қайталанып, дәстүрге айналатын, әрі жұртшылық асыға күтетін жергілікті ерекшелікке сәйкес келетін кем дегенде бір ауқымды іс-шара өткізуді ұсынған болатын. Осы бастамаға бірінші болып қолдау көрсетіп отырған Жамбыл облысының әкімдігі», – дей келіп, өңірде туризмді дамытуға және табиғатты қорғауға үлес қосқан барлық азаматтар мен еріктілерге алғысын білдірді.
Ал Алматыдағы және Қазақстан Республикасындағы ЮНЕСКО Өңірлік кеңсесінің жаратылыстану ғылымдары бөлімінің меңгерушісі Елена Осипова өңірімізде жиі кездесетін Регель қызғалдағының шығу тарихына тоқталды. Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін жергілікті өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болатынын айтты.
«Регель – Қазақстан қызғалдақтары ішінде бүкіл әлемге ең танымал және белгілі түрі. Оны кейде Грейг қызғалдағы деп те атайды. Бұлай деп Ресейдің бағбандар қауымы президенті – Самуил Алексеевич Грейгтің құрметіне аталған. Ол жазық жерлерде, тау бөктерінде және тауларда субальпілік белдеулердің төменгі шегіне дейін өседі. Елімізде Қызылорданың шөлді алқаптарынан Қаратау және Батыс Тянь-Шаньмен бірге солтүстік Шу-Іле тау сілемдеріне дейін, сонымен бірге, Алматы облысының шекарасына дейін таралған. Қызғалдақтың бұл түрі 1877 жылдың өзінде Голландияда бірінші кластық сұрып дипломын иеленген. Оны қызғалдақтардың патшасы деп есептейді. Оның негізгі ерекше белгілері – күшті биік сабағы, диаметрі 10-15 сантиметрге дейін жететін бокал тәрізді ірі гүлі мен қою қызыл тарғыл жапырақтары болып табылады. Гүлдің мөлдір, қанық бояуы әртүрлі формаларында алқызыл түстен қызыл, қызғылт сары, сап-сары, ақшыл сары және ашық түске дейін өзгереді» дей келіп, конференция қатысушыларына қызғалдақтың қазақ жерінде 35 түрінің өсетінін мақтанышпен жеткізді.
Бұдан кейін баяндама жасаған ғалымдар «Қазақстанның жабайы қызғалдақтары: сақтау және экотуризмді дамыту перспективалары» тақырыбы аясында сөз қозғады. Биология ғылымдарының докторы, Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Гүлнар Ситпаеваның «Қазақстан – қызғалдақтар елі» баяндамасы шетелдіктерді бірден баурап алса, жаратылыстану ғылымдарының магистрі Аягөз Төленованың облыстағы қызғалдақтарды қорғау туралы айтқан ұсыныстары көпшілік тарапынан қолдау тапты.
«Қазір Қазақстанда қызғалдақтың 35 түрі өседі. Оның 18 түрі Қызыл кітапқа енген. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда әлемнің экологиялық туристерін біздің қызғалдақтар қатты қызықтырып отыр. Олар табиғаттың бұл тамаша туындысын қызықтау үшін ерте көктемнен жаз ортасына дейін келіп, қызықтап қайтады. Жалпы Жамбыл өңірінде Регель (Грейг) қызғалдағымен қосқанда Қызыл кітапқа енген 17 түрі өседі. Оның барлығы да мемлекет қорғауына алынған», – деп атап өтті Аягөз Төленова.
Шетелдік ғалымдар да конференция барысында баяндама жасап, өз ойларымен бөлісті. Атап айтсақ, шетелдік ғалымдар Фритаг Хелмут, Марсели Пична және Александр Алехин Жамбыл өңірінде гүлдейтін дала қызғалдақтарына деген таңданыстарын жасырмады. Қазақстан қызғалдақтардың отаны деп баға берді.
Көктемдегі осы бір тамаша көріністі жылда келіп тамашалайтынын жеткізген олар, Қазақстан қызғалдағын жүрген жерінде насихаттап, жарнамалап жүргендерін де айтты. Конференция соңында қызғалдақтың тарихи отаны – облысымызға қарасты Қаратау алқабы екенін дәлелдейтін және елімізде қызғалдақтарға қамқоршылық жасайтын жауапты өңір ретінде Жамбыл облысы танылуы туралы резолюцияға құзыретті органдармен бірлесе қол қойылды. Ол алдағы уақытта Қаратау тауларының бай табиғатын қорғауға және ондағы экологиялық тепе-теңдікті сақтап, әлемге оның теңдесі жоқ құндылықтарын танытуға мүмкіндік беретін Қаратау геопаркін құруға ықпал ететін болады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Әп-әдемі саябақтың сәнін бұзып...
- Бүгін, 07:26
Әнұраным - айбыным, көк байрағым - байлығым!
- Бүгін, 07:20
Ақпарат
Таразда ауқымды Креаторлар форумы өтті
- 28 мамыр, 2025
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді