«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараздық полицей қарт кейуананы өрттен аман алып қалды

Тараздық полицей қарт кейуананы өрттен аман алып қалды
Ақ жол
Тараз қаласының полиция қызметкері тілсіз жау шарпыған жеке тұрғын үйден қарт кейуананы аман алып қалды, деп хабарлайды aqjolgazet.kz

2025 жылдың 1 мамыр күні, сағат 11.30 шамасында ҚР ІІМ Жамбыл облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының аға сержанты Бейбіт Ақылбай түнгі кезекшіліктен қайтып келе жатып, Желтоқсан көшесі бойындағы жеке тұрғын үйден өрт шығып жатқанын байқайды.

Тәртіп сақшысы бірден үйдің ауласына кіріп, жанұшыра көмек сұраған әйел кісіні көреді. Ол өрт сөндіру қызметінің бірыңғай байланыс нөміріне хабарласқанын айтып, алайда жанып жатқан үй ішінде аяқалысы қиын қарт кісі қалғанын жеткізді.

Бейбіт Базарқұлұлы ә дегеннен үй терезесінің темір қоршауын бұзып кіріп, шалажансар иістен улануға шақ қалған қарт кейуананы қауіпсіз жерге алып шыққан. Осылайша ол өрт сөндіру қызметі келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп, егде жастағы әжені аман алып қалады. Өрттен зардап шеккен тұрғындарды жедел жәрдем мамандарына табыстап, олардың өміріне еш қауіп төніп тұрмағанына көз жеткізіп, үйіне қайтады.  

Көзсіз ерлік танытқан құзырлы орган қызметкерінің әрекетін көзбен көрген куәгерлер, аптал азаматтың дереу қабылдаған шешіміне тәнті болып, ризашылығын білдіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Алғыс арқалаған бейнеролик аз уақыттың ішінде мыңдаған қаралым жинап, ізгі ілтипат пен ақжарма пікірлер жинауда.

Айта кетейік, өткен аптада Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Ұлы Дала» шағынауданында орын алған көпқабатты тұрғын үйдегі өрт кезінде батылдығымен көзге түсіп, жанашыр үлкендермен бірге балаларды құтқаруға атсалысқан тараздық мектеп оқушысы Қыдырәлі Қыздарбекпен кездесіп, алғыс хат пен сый-сияпат табыстаған болатын.

Ұқсас жаңалықтар