«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерлан Жүніс – «Алаш» сыйлығының иегері

Ерлан Жүніс – «Алаш» сыйлығының иегері
Автор
Әулиеатаның мақтанышы, талантты ақын Ерлан Жүністі көпшілікке таныстырып жатудың өзі артық. Оның қаламынан туған «Киелі түндердің дұғасы», «Егіз кітап», «Хауас», «Үміт жырлары» жыр жинақтары қалың оқырманның жастанып жатып оқитын алтын қазынасына айналып кеткен. 2006 жылы шығармашыл жастардың халықаралық «Шабыт» фестивалінде бас жүлде алған Ерлан Президент кубогының және Президенттік стипендияның иегері атанды. «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты бүгінде республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы.

Жақында Алматыдан қуанышты хабар жетті. Қазақстан Жазушылар одағының екі күнге созылған әдеби жыл қорытындысы аясында Ерлан Жүніс халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Маңызы жоғары сыйлықты жерлесімізге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов табыстады.

Сонымен қатар, ақын Ерлан Жүністі осынау жоғары жетістігімен алғашқылардың бірі болып Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев арнайы жеделхат жолдап, құттықтады.

«Құрметті Ерлан Жүніс! Сізді әдебиет саласындағы биік марапат – Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл сыйлық – Сіздің шығармашылығыңызға берілген жоғары баға ғана емес, сонымен қатар көп жылғы еңбегіңіздің, төл әдебиетімізге деген шексіз сүйіспеншілігіңіздің жемісі деп білемін. Сіздің поэзияңыз – сөз өнерінің көкжиегін кеңейткен, руханиятқа жаңа тыныс әкелген жарқын құбылыс. Заманның үнімен үндесе жазған жалынды жырларыңыздан шынайылық пен тереңдік, адамдық болмыстың айқын лебі есіп тұрады.

Алдағы уақытта да поэзия әлемінде еркін қалықтап, шабытыңыз шарықтап, жазарыңыз таусылмасын! Жаңа шығармашылық белестер мен зор табыстар тілеймін!» деп жазылған құттықтау жеделхатта. Біз де ақын Ерлан Жүністі жоғары марапатымен құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз.

Ақынның бұл марапаты – Әулиеата топырағының жарқын жетістігі екені анық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар