
Өткен жылы өзінің 35 жылдық мерейтойын атап өткен «Қазақстан» РТРК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының ұжымы, оның ішінде дизайнерлер күнделікті жұмыстардан бөлек, заман талабына сай бейімделіп, республикалық арналарда қолға алына бастаған жасанды интеллектпен жұмыс істеу бағытын қолға алған. Мемлекет Президенті де Ұлттық Құрылтайда осы салаға мән беру керектігін айтқан еді. Осыған байланысты «Jambyl» телеарнасы алғаш рет Жасанды интеллекттің көмегімен дайындаған аннимациялық қазақ ертегісі кішкентай тышқан мен алып арыстанның достығы туралы хикаяға құрылды.
.«Әрбір кадр – шығармашылық пен интеллекттің үндесуі. Әрбір көрініс – үміт пен сенімнің бейнесі», – дейді телеарна ұжымы
Енді арманды бейнелеу үшін тек қиял ғана емес, жаңа технология да бірге жұмыс істемек.
– Жасанды интеллектті телевизия саласына енгізу туралы шешімді біз осы жылы ғана қабылдадық. Наурыз айындағы Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер күні, Ұлыстың ұлы күні мерекелерінде телеарнаның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жасанды интеллект арқылы жасалған дүниелерді шығара бастадық. Көрермендер тарапынан өте жақсы қабылданды. Шығармашылық жалғыз адамның жұмысы емес, ол топтық жұмыс. Өйткені, оған мәтін әзірлеуде редакторлардың, дыбыстауда дыбыс режиссерлерінің еңбегі бар. Ал, жасанды интеллектті біздің ұжымда меңгерген өте мықты дизайнер маман, еңбек жолын осы «Jambyl» телеарнасында бастаған, келісімшартпен жұмыс істеп отырған Жарас Сейсебаев.
Оның көптеген жұмыстары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.
Жалпы, бұқаралық ақпарат саласының қызметкерлері ізденісті үзбеуі керек. Біздің ұжым да үнемі ізденіс үстінде көрерменге ой салатын дүниелерді дайындап, ұсынып жүр. Негізгі мақсатымыз да – осы, креативті индустрияны дамыту. Филиалмыз деп отыруға болмайды, қазіргі трендтен қалмау, көрерменнің сұранысына лайықты жұмыс істеу маңызды.
Осыған дейін біз аннимациялық туындылардың біразын жасағанбыз, мысалы «Тектұрмас» этно-мәдени орталығының тарихы туралы, өзіміздің ағамыз, белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловтың өнегелі өмірін жастарға насихаттау мақсатында аннимациялық роликтер әзірлеген болатынбыз. Графиканы, моушн дизанерлік жұмысты пайдалануда біраз іс атқарылып жатыр.
Дегенмен, жасанды интеллектті телеарнаның қай жұмысына пайдалансақ деген сұрақ туды. Міне, аннимациялық роликке қолданып, бастадық. Ал, идея қайдан туды дегенге келсек, әлеуметтік желілерде немесе телеарнада біз Тараздың тарихын өскелең ұрпаққа насихаттау үшін фотосуреттерді үйлестіріп, жасанды интеллектті пайдаланып ертегі жасап шыққанбыз. Ол әлеуметтік желіде мыңдаған қаралым жинады, көптеген адам бөлісті.
Бұл кішкентай бүлдіршіндеріміздің арасында осы дүниеге сұраныстың барын көрсетті. Шығармашылық топпен ақылдаса отырып, қазақтың ертегілерін аннимациялық жолмен жасауға тоқталдық. Әрі балабақшаларда «Әжемнің ертегісі» жобасы қолға алынып жатыр ғой, оны тек ауызша тыңдамай, балаларымыз әлеуметтік желі, телеарна арқылы бейнелі түрде көрсе, әлдеқайда сіңімдірек болар деген оймен тоғысты. Осындай жобамыз барын облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары Серік Сәлемовке барып, айтқанмын, ол кісі қолдады. Жергілікті атқарушы органның ұсынысымызды қолдауына рахмет айтамын, – деген Гүлбаршын Қайратқызы жасанды интеллектпен мультфильм жасау мұнымен тоқтап қалмайтынын да айтты.
Алдағы уақытта телеарна ұжымы «Қазақстан» РТРК» акционерлік қоғамының, жергілікті биліктің қолдауымен сериялық мультфильм дайындауды да ойластырып отыр. Ал, қазіргі уақытта кішкентай көрермендерге ұсынылған алғашқы ертегіні әзірлеуде дыбыстау қиынға соғыпты.
Оған Мәдениет саласының үздігі Асқарбек Сейілхан, «Атамекен бизнес» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Нұрлан Асқар көмектескен. «Jambyl» телеарнасының ұжымы осы азаматтарға алғысын айтуда.
Айта кетейік, «Jambyl» телеарнасында бүгінде 67 адам еңбек етеді. Тұрақты түрде 33 хабар көрерменге жол тартса, оның 70 пайыздан астамы өзіндік өнім болып табылады. Телеарна аптасына бес рет түрлі форматта тікелей эфирлер ұйымдастырса, күнделікті «Айқын Ақпарат» жаңалықтар бағдарламасы 3 рет тікелей эфирден көрсетіледі. Міне енді, жасанды интеллекттің көмегімен әзірленген аннимациялық туындылармен телеарна өнімінің қатары артып отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді