Шағын ғана Шахан ауылында туылып, алты алаштың аяулы ақынына айналған Әзімбек Жанқұлиев – әдебиет әлемінде өзіндік із қалдырған азамат. Ауған асып, Отан қорғаған жауынгер ақынның есімі еленіп, соңғы жылдары ақын атындағы іс-шаралар көптеп ұйымдастырыла бастады. Ағасы
Алтынбек Жанқұлиев, белгілі айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевтің ағасы:Алтынбек бастап, аудан тұрғындары қоштап, көше де берілді. Иә, айтыс әлемінде өзіндік мақамымен, болмысымен, үнімен ерекше із қалдырған ақын есімі ел жадынан өшпек емес. 30 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Тараз қаласындағы Бокс сарайында Ә.Жанқұлиев атындағы жасөспірімдер арасындағы кикбоксингтен республикалық турнир өтеді. Осы орайда редакциямызға атбасын бұрған Әзімбек ақынның ағасы Алтынбек Жанқұлиев өзі оқыған мектептің аты Әзімбек есімімен аталса деген ойын да білдірді.
– Алтынбек аға, аяулы айтыскер ақын Әзімбек Жанқұлиевтің бауыры ретінде ақын хақында ел аралап, деректер жинап жүргеніңізден хабардармыз. Естелік жинағын шығарғаныңыз да мәлім. Одан бөлек бүгінгі таңда ақынның өзі білім алған Шахан ауылы, Тегістік бөлімшесіндегі орта мектептің атын Әзімбектің атымен аталуын сұрап, шапқылап жүргеніңіз тағы бар. Нәтижесі қандай? – Алаштың аяулы ақынына айналған Әзімбек бауырым 2003 жылы 41 жасында дүние салған соң, біраз уақыт еңсеміз түсіп кетті. Араға төрт жыл салып, бауырымның сыныптасы Досжан Әміров арнайы келіп, тың бастама көтеріп, сол кездегі аудан әкімі Абдалы Нұралиевтің қолдауымен аудандық ақындар айтысын, жыр мүшәйрасын өткізді. Аты аталған азаматтардың абзал ісі мені жігерлендірді, күш берді. Содан бергі аралықта бауырымның рухы риза болсын деп шапқылап жүрмін. Сол кезде ауданды басқарған Абдалы Нұралиевтің қабылдауында болдым. Ол кісіден аудан орталығы Сарыкемер ауылынан бір көшенің атын беруді сұрадым. «Әзімбек – құрметке лайық азамат. Ойыңыздың жүзеге асуы үшін ауыл азаматтарынан, ауған соғысының ардагерлерінен қатынас хат керек. Мен бұл бастамаңызды қолдаймын. Аяқсыз қалмауын қолға алсаңыз болды» деп аудан басшысы мені қанаттандырды. Содан не керек, алып-ұшып Алматыға барып, қандыкөйлек жолдасы Бақытбек Смағұлға (Парламент Мәжілісінің депутаты) жолықтым. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаевқа да хабарластық. Хат әзірленген соң сол кездегі облыс әкімі Бөрібай Жексембинге, аудан әкіміне өз қолыммен тапсырдым. Заң бойынша қайтыс болғанына не бес жыл, не он жыл толуы керек екен. Кейіннен ауданның тізгінін әдебиетке, өнерге жанашыр азамат Батырбек Құлекеев ұстады. Сол 2010 жылы Әзімбекке арналған облыстық ақындар айтысы өткізіліп, көше де берілді. Өткен жылы сәуір айында сол кезде облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып отырған Дүйсенәлі Бықыбаев бауырымыз екеуміз облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің қабылдауында болдық. Мүмкіндікті пайдаланып, маусым айында өтетін айтыс республикалық деңгейде ұйымдастырылса, Тараз шаһарында Әзімбек атындағы ақындар мектебі ашылса, өзі оқыған мектепке есімі берілсе деген өз ұсынысымды да айттым. Облыс әкімінің бірінші орынбасары тиісті қызметкерлерге тапсырма беретінін жеткізіп, қуантты. Содан маусым айында айтыс та өтті, мүшәйра да ұйымдастырылды. Бұл тұрғыда аудан әкімі Мұратхан Шүкеев, облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевқа, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сәкен Сыздықов сынды азаматтарға алғысым шексіз. – Сонымен мектеп атын беру мәселесі не болды? – Таяуда Шахан ауылы, Чапаев орта мектебінде осы мәселеге қатысты жиын болып өтті. Мектеп директоры Елемес Есімов бастаған педагогикалық ұжым қолдау көрсетті. Жиын барысында әзірленген құжаттар, таспаға түсірілген диск ауыл әкімі Айдос Әміровке табысталды. Аталмыш жиында ақсақалдар да, өзгелер де ұсынысты қолдайтындарын білдіріп, өз ойларын ортаға салды. Енді бұл мәселе аудандық, облыстық ономастикалық комиссиялардың қарауынан өтеді. Сол сүзгілерден өткен соң, республикалық ономастикалық комиссияға жіберілмек. Бұйыртса, нәтиже де болып қалар. – Әзімбек ақынның өмірінен сыр шертетін естелік жинақтың шыққанын білеміз. Жалпы таралымы, таралуы қалай болып жатыр? – Ол кітап мың данамен басылып шықты. Әзімбек бауырым туралы естеліктер, өлеңдері бәрі сонда топтастырылған. Кітап қаладағы жоғары оқу орындарына, мектептерге, Байзақ ауданындағы мектептерге таратылды. Жекелеген азаматтар мен ағайындарға да үлестірілді. – «Ғалымның хаты, ақынның аты өлмейтіні» әлімсақтан аян. Осы тұрғыда Әзімбек Жанқұлиев атындағы кикбоксингтен республикалық дода өтеді деп естіп едік... – Бұл – осымен үшінші рет өткелі отырған дәстүрлі турнир. Доданың өтуі Ауған соғысының ардагері Керім Ізбасаровтың бастамасымен қолға алынған болатын. Айтулы жарыстың өтуіне ықпал жасап отырған азаматтардың бәріне де дән ризамын. – Екі жылдан соң Әзімбек Жанқұлиев 55 жасқа толады. Айтулы дата атаусыз қалмайтын шығар... – Ол мәселе де ойда жүр. Ауданда, облыста Әзімбекті насихаттайтын шаралар өткізіліп жатыр. Ендігі арманым – өзі оқыған Алматыда, ару қалада еске алу кешін өткізу. Сөйтіп, өзімен үзеңгілес айтыс ақындарының басын қоссам деймін. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді