«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тоқсан жыл татулықты Ту еткен ауыл

Тоқсан жыл татулықты Ту еткен ауыл
Автор
Кешегі қиын-қыстау кезеңде жомарттығы мен кең пейілін танытқан халықтың бірі – қазақтар. Өздері шиеттей бала-шағасымен отырса да, қазақ даласын паналап келген өзге ұлт өкілдеріне жарты нанын үзіп берді, үйінің төрін ұсынды. Мұндай пейіл ұлт өкілдерінің жергілікті халықты құрметтеуіне, достықтың қанат жаюына ықпал етті. Қазақ елінің қамқорлығын көрген ұлт өкілдерінің арасында күрділер де бар. Қазіргі таңда Талас ауданының таулы беткейінде Қасқабұлақ деген ауылдық округте түгел күрді ұлтының өкілдері қоныстанған. Олар аталған ауданда тұратын жергілікті ұлтпен бірлігі мен ынтымағы жарасып, тату ғұмыр кешуде.

Аталған ауылдық округтің 81 жастағы ақсақалы Исмайл Үсейіновтың айтуынша, күрділер тектілердің мекені Талас ауданына 1937 жылы қараша айында көшірілген. Әуелі аталған ауданға қарасты Ойық ауылдық округіне қоныстанған екен.

Алайда, қараша айынан соң сақал мұртын ақ қырау шалып, «кәрі құда» қыс келгенде күрді ағайындар ол жақтың қыс мезгіліндегі аязы мен боранын жерсінбей, біраз қиыншылыққа тап болады. Содан облыс пен аудан басшылығы «Бұлар тау халқы. Таулы жер қажет» деп шешіп, Қаратау қаласына 15 шақырым жердегі таулы болып келетін қазіргі мекенге қоныс аударған.

Осылайша, күрді ағайындар 87 жылдан бері Қасқабұлақта тұрып, тірліктерін дөңгелетіп, ғұмыр кешіп жатыр. Қасқабұлақ – әуелі ұзақ жыл «Қаратау» кеңшарының бөлімшесі болған. Күрді ағайындар кеңшардың жұмысына араласып, жергілікті халықпен бірге етене еңбек еткен. Міне, осы кезде Исмайл Жапарұлы мектеп директоры, ферма меңгерушісі, ауылдық кеңес төрағасы қызметтерін атқарған. Сол кездердегі ауданның бірінші басшыларымен тығыз байланыста болған. Әсіресе Рахыжан Ерсейітов те қолдау білдіргеннің бірі.

«Сізді мектеп директорынан босатқанымыз заңға сәйкес шығар, алайда жұмыссыз қалғаныңыз обал болды. Ферма меңгерушісі болыңыз», – депті сол кездегі аудан басшысы.

Содан ол ферманы қабылдап алып, 5 жылдың ішінде малдың басын өз төлінің есебінен екі есеге көбейтеді. Ал мектеп директоры кезінде 326 оқушымен негізгі мектепке орта мектеп статусын алып берген. Бұған сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы Жатай Жұмаділов те қарсылық танытпаған. «Өз алдына бөлімше болып отырған күрді ағайындарды қолдаймыз. Орта мектеп дәрежесіне лайықты» деп сөзге келмей, қолдаған екен. «Сол Рахыжан, Жатай – қандай биік тұлғалар еді.

Қазақ халқының ойлы, парасатты азаматтары етін. Білім саласында Шайбек Шоңов, Уәли Кенжебеков, Амангелді Ормантаев секілді мектеп басқарған азаматтармен тізе қосып еңбек еттік. Бәрі де керемет білімді, достыққа адал азаматтар болды. Тату-тәтті бірге қызмет еттік», – дейді ақсақал Исмайл Үсейінов.

Бағы жанған Қасқабұлақ

Қасқабұлақ 68 жыл бойы «Қаратау» кеңшарының бөлімшесі болып келген. Еңбеккеш халық бөлімше жұмысына да белсенділік танытыпты. 2005 жылы сол кездегі Талас ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің қолдауымен «Қасқабұлақ ауылдық округі» атауына ие болады. Сол кездегі күрді ағайындардың қуанышында шек болмаған. Кешеге дейін бөлімше болса, енді – ауылдық округ! 2005 жылы Қасқабұлақ ауылдық округінің алғашқы әкімі болып Жасым Садыков 3 жыл қызмет етсе, мұнан соң екі шылбыр, бір тізгінді Мұса Мұсаев қолына алған. Кейін 10 жыл бойы Сулхадин Мұстафаев басқарған. Ал 2020 жылдың мамыр айынан Жардис Үсейінов округ әкімі қызметін атқарып келеді.

Ауылдық округте 1132 тұрғын, 143 аула бар. 7 көшенің 4-іне асфальт төселген. Жаңа жөндеуден өткен клубы, мектебі, ауылдық кітапханасы, медициналық пункті, жаңадан салынған зәулім мешіт, жекеменшік балабақшасы бар. 14 шаруа қожалықта түйе малынан басқа түліктің бәрі өсіп жатыр. Әсіресе сиырдың басы көп. Әр үйге орта есеппен 6-7 сиырдан келеді. Бір байқағанымыз, күрді ағайындар өздері тұрып жатқан мемлекетті, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін ерекше қадірлейді.

Мәселен, ауылдық округте жеті көше бар. Көшелерге «Бейбітшілік», «Бәйтерек», «Астана», «Тәуелсіздік», «Жүсіп Баласағұн» атаулары берілген. Бұны қазақ еліне деген жоғары құрмет деп бағаладық. Осындай ізгі істерден достықтың іргесі нығая түсетіні анық.

Біз көшеден 7-сынып оқушылары Бори Надиров пен Ануар Дәурешовты кездестірдік. Олар да қазақ тілін жетік білетіндігімен қуантты.

Ана тілімізге құрметі айрықша

Бұл ауылдың қазақ тіліне, қазақ еліне құрметі мұнымен шектелмейді. Ауылдың білім ошағы – мектепте де болдық. Қасқабұлақ орта мектебінің қазақ тіліне қадам басқанына 5 жыл. Сол кезде бірінші сыныпқа барғандар қазақ тілін еркін меңгеріп, қазір 5-сыныпты бітірмекші. Бұйырса, алты жылдан кейін Қасқабұлақ орта мектебі таза қазақ тілінде бала оқытады.

Қазіргі таңда қазақ сыныптарына бірнеше қазақ мұғалімдер сабақ беруде. Оның ішінде бұрын тіл орталықтарында, аудандық білім бөлімінде еңбек еткен Алтын Әбдірахманова, Нұржанат Ормантаева қазір Қасқабұлақта күрді балаларына қазақ тілі мен әдебиетін жетік меңгерту жолында тер төгіп жүр. Нұржанаттың 20, Алтынның 14 жыл еңбек өтілі бар.

Тарих пәні мұғалімі Есім Үсенов те осы мектепте мұғалім. Ағылшын тілі пәнінің маманы Майра Нұржанова да өз ісінің озаты. Бір айта кетерлігі, мұнда тек қазақ тілінен қазақ мұғалімдер ғана сабақ бермейді. Күрді ұлтының өкілі Бастый Асанова 16 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиетін шәкірттерге үйретуден жалыққан емес. Мектептің ең көрнекті жеріне қазақтың үш тұлғасы – Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің суреттері ілінген.

«Бәріміздің де қазақ халқынан достарымыз көп. Біздің ауылдың 45 пайызы әуелден қазақшаны жақсы білетін. Ол жергілікті ұлтқа деген құрметіміз. Енді оқушыларымыз таза қазақ тілінде білім алып жатыр. Ал оның ішінде зеректері қазақ ақындарының өлеңдерін жаттап, байқауларға қатысып жүр. Мектепте патриоттық іс-шаралар өтіп тұрады. Біздің мектептен 5 ғылым докторы шыққан», – деді мектеп директоры Хамза Мұстафаев.

Ауылда жастарға тәрбие беретін, еңбек пен ізгіліктің бағасын білетін ақсақалдар аз емес. Бұрын мемлекеттік қызметте болған Сулхадин Мұстафаев, Махмуд Теміров, ауыл имамы Хеурза Надиров көпшілікті ізгі істерге жұмылдырудан жалыққан емес. Ал қыздарға оң тәрбие беруде «Алтын алқа» иегерлері Гозал Асанова, Бадиха Хамзақызы өзгелерге үлгі болып келеді.

«Қазақ жеріне келгенімізге 90 жылға жуықтады. Біз қазақ халқына қарыздармыз. Қазақтың әр анасынан тарайтын жылы шуақ, тағылым көп. Сондықтан барлығын құрмет тұтамын», – дейді 92 жастағы әжеміз Гозал Махамбетқызы.

Ауылдық округ әкімі Жардис Үсейіновтің де өз айтары бар.

«Мемлекеттік жұмыста тәжірибе жинаған кезде жергілікті ұлт өкілдерінің тәрбиесін көп көрдім. Кезінде аудандық ішкі саясат бөлімін басқарған Мырзахан Махамбетов менің ұстазым болды. Қазіргі таңда да аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков үнемі қолдау білдіріп отырады. Ауыл клубына 90 жаңа орындық алынды. Ауылға бұйырса алдағы жылдары көгілдір отын келеді деген үміттеміз. Қазіргі таңда сметалық құжаттарын әзірлеуге қаражат бөлініп отыр. Бұйырса, 2027 жылдары ауыл тұрғындары газ алауын тұтынуға қол жеткізетін болады», – дейді ол.

Бір сөзбен айтқанда, бірлігі жарасқан Қасқабұлақ ауылында көптеген мәселелер оң шешімін тапқан. 2020 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік үлгілі ауыл» атанған. Бұл ауылда алкоголь өнімдері мүлде сатылмайды. Нашақорлық, жемқорлық, бұзақылық тіркелмеген. Әр үйден кемі бір адам бюджеттен жалақы алатын жұмыста істейді.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы жоқ. Бұл дегеніңіз ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы деңгейде екенін сөзсіз аңғартады. Тау бөктеріндегі Қасқабұлақ ауылының жұмысы қарқынды. Олар қазақ халқына қарыздар екенін айтып, ел мен жердің амандығын тілеуде. Біз бұл ауылдан елдің бірлігі мен берекелі тірлігін көріп қайттық.

 

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар