
Биылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысымен облыс экономикасында барлық салаларда оң динамика қалыптасып отырғанымен, өңірлер бөлінісінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі Т.Рысқұлов ауданында – 16,9, Мойынқұмда – 0,8, ауыл шаруашылығы көлемі Қордайда – 23,1, инвестиция көлемі Мойынқұмда – 56,8, Қордайда 38,4 пайыздық тармақ, яғни межеден төмен деңгейде қалыптасты. Сол секілді жеке инвестиция Мойынқұм, Қордай аудандарында, Тараз қаласында, құрылыс көлемі Мойынқұм, Шу, Жамбыл, тұрғын үй көлемі Мойынқұм ауданында, бөлшек сауда Мойынқұм, Байзақ, Талас аудандарында төмен деңгейде қалыптасып отыр, – деді Сандуғаш Ермаханқызы.
Басқарма басшысының сөзінше, өңірдегі экономикалық өсім өнеркәсіп, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен тұрғын үй, сауда, көлік пен байланыс салаларындағы көрсеткіштер есебінен қамтамасыз етілген. Мәселен, жалпы өнеркәсіптің 64,5 пайызын құрайтын өңдеу өнеркәсібінде 186,3 миллиард теңгеге өнім өндіріліп, химия, тамақ, құрылыс индустриясы, мұнай өңдеу мен машина жасау салаларындағы өсім айтарлықтай артқан.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында жалпы 38,1 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Оның ішінде өсімдік шаруашылығында өнім көлемі 0,1 миллиард теңгені құраса, мал шаруашылығының өнімі 38 миллиард теңгеге жеткен.
Сонымен бірге құрылыс саласында 38,1 миллиард теңгеге жұмыстар жүргізіліп, есепті кезеңде 147,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Мемлекет басшысының экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасына сай есепті кезеңде аймақта белгіленген жоспар 123,9 миллиард теңге болса, орындалуы 120,5 миллиард теңге көлемінде қалыптасқан. Бұл жайында облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев айтты. Аспандияр Мұраталыұлының айтуынша, жалпы инвестициялық жобалар саны 83-тен асса, ал құрылысы жүріп жатқан жобалар саны 62-ке жеткен.
– Бүгінгі күні облыстық көрсеткішті бір айға ерте орындап келеміз. Бұл ретте перспективалық инвестициялық жобаларды да іске асыру көзделген. Қазір өңірде 40-қа жуық перспективалық жоба бар. Биыл жыл соңына дейін аталған жобаларға жер бөліп беру мәселесін шешу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні минералды тыңайтқыштар бағытында 105 мың, қант қызылшасы бойынша 42,8 мың тонна өнім артығымен өндіріліп келеді, – деген басқарма басшысы жыл соңына дейін барлық межені аудандармен бірлесіп толық орындайтынын жеткізді.
Өз кезегінде облыс әкімі инвестиция көлемінде өсім болғанымен, салаға нақты нәтиже беретін инвесторлар тарту ісі саябырсымауы керектігін атап өтті. Сонымен бірге әкімдік мәжілісінде облыста бюджеттің игерілу барысы қаралды. Ол жөнінде облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкектің баяндамасы тыңдалды. Батырхан Базарбайұлының айтуынша, есепті кезеңде облыс бюджетінің кірістері 160 миллиард теңгеге орындалған. Жиында бірқатар басқарма басшысы мен аудан әкімдері де баяндама жасап, өзекті мәселелер ортаға салынды.
Бұл ретте аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев денсаулық сақтау мен құқық қорғау салаларындағы демографиялық ахуал, жасөспірімдер қылмысындағы мәселелерге айрықша тоқталып, жауаптыларға қауіптің алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ өңір басшысы цифрлы технологияларды енгізуді жеделдетіп, облыста көлік логистика хабын құруды қолға алу қажеттігін жеткізді.
Облыс әкімі орын алған олқылықтар қалпына келтірілмесе, жауаптылар істі ширатпаса, тиісті шара қолданылатынын қатаң ескертті.
– Бірінші тоқсанның қорытындысымен облыстық экономикалық өсім баяндамашы айтқандай, 114,5 пайызды құрап отыр. Есепті кезеңде экономикалық өсімді 107 пайызға жеткізу межеленген болатын. Бұл бағытта белгіленген жоспарды артығымен орындағанымызбен, бірқатар мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізілмей отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс салаларына қатысты межелер орындалмаған. Осы бастан экономикалық өсімді қамтамасыз етудің қамын жасамасақ, жыл соңында тиісті көрсеткіштер орындалмай қалуы мүмкін. Облыста төрт жылдың ішінде іске асырылған 74 инвестициялық жоба, оған қоса аудандарда бірнеше ірі кәсіпорын бар. Аудан әкімдері сол кәсіпорындардың тыныс тіршілігін, қандай проблемаға тап болғанын білуі тиіс. Жобаларды толық жүзеге асыру үшін қажетті көмек көрсетіледі. Алдағы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қалыптасқан динамикаға орай жұмыстарыңызға баға берілетін болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Жиын соңында облыс әкімі Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес өңірлердегі атқарылған жұмыстың сапасы инвестиция тарту мен халықтың әл-ауқатына байланысты сараланатындығын алға тартып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану арқылы даму көрсеткішіне қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді