«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мәуелі мемлекетіміздің мызғымас тұғыры

Мәуелі мемлекетіміздің мызғымас тұғыры
Автор
Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Елдігіміздің мызғымас тұғыры һәм мемлекетіміздің басты құндылығы – бірлік, татулық және ынтымақ екені сөзсіз. Қуанарлығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы міне, осы идеологияны зор сеніммен жүйелі жүзеге асырып келеді. Жуырда Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тұрақтылық пен келісім барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәні екенін, бірлік пен теңдік ел саясатының бұлжымас бағдары болып қала беретінін баса айтты.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – егемендік тарихындағы айтулы оқиға. Бұл мерейтой әр азаматтың бақ-берекесін арттыру жолында ұлтымызды ұйыстыратын маңызды белеске айналады деп сенемін. Жұртымыз үшін ең үлкен марапат – елдің тыныштығы. Шын мәнінде, қоғамда татулық болмаса, басқа жұмыстың бәрі бекер болмақ.

Береке бірлігімізді сақтай алмасақ, қастерлі Тәуелсіздігіміздің баянды болуы да екіталай. Еліміздегі тұрақтылықты нығайту үшін Ассамблея мүшелері табанды еңбек етіп келеді, – деп тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген құрылымның жұмысына оң баға берді.

Айта кету керек, 1991 жылы кеңес өкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Қазақстан алдында ең әуелі өз даму жолын адаспай табу мәселесі тұрғаны белгілі. Ол үшін, ең алдымен, егеменді мемлекет ретіндегі іргелі принциптер мен баға жетпес құндылықтарды анықтау қажет болды. Соның ішінде ұлт бірлігі – өзекті мәселелердің біріне айналды.

Мемлекетіміз егемендіктің алғашқы жылдарындағы сансыз экономикалық және әлеуметтік дағдарыстарға төтеп бере отырып, қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа, бірлік пен келісімге айрықша көңіл бөлуді мықтап қолға алды.

Нәтижесінде, 1995 жылы дәл осы парадигманы қалыптастыруға ықпал ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Сол кезеңнен бері түрлі этностар арасындағы үйлесімді қарым-қатынастарды сақтауға бағытталған саясатты жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі ретінде құрылған институт қазақстандықтардың біртұтас ұлт болып азаматтық топтасуында маңызды рөл атқаруда.

Расында, республиканың көп ұлтты халқының біртұтас саяси ұлтқа айналуы сол кезден басталды. Ал 2000 жылы Ассамблеяның мәртебесін көтеру мақсатында этносаралық қатынастарды дамыту және нығайту жөніндегі қызметті ведомствоаралық үйлестіру және ұлттық саясат мәселелері бойынша заң жобаларына қоғамдық-құқықтық сараптама жүргізу тапсырылды. Сөйтіп, 2005 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімшесі болып бекітілді. Ал елімізде соңғы жылдары атқарылған ауқымды өзгерістердің арқасында Ассамблея қызметі жасампаздықтың жаңа сипатына көтерілді.

Қазіргі таңда Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайды. Бұл қадам заңнамалық деңгейде барлық этностың мүддесін қорғау мүмкіндігін едәуір арттырды. Оған қоса, Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылды. Бұл топ қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысады. Қазір мемлекеттік органдар түгел Ассамблея жұмысына атсалысады. Президент айтқандай, бұл істен министрліктерден, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттардан бастап ауыл әкімдіктеріне дейін шет қалмайды.

Бүгінде Ассамблеяның институционалдық әлеуеті нығайып, ұйым жетекшілері мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілетуге белсене араласуда. Мұны бір жағынан ҚХА-ның 30 жылда өткен трансформациясының басты жетістігі деуге болады.

Осыны негізге алған Мемлекет басшысы:

«Ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, одан әрі насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз» деп атап өтті.

Сондай-ақ Президент былтырғы 33 сессияда Үкіметке мерейлі белесті атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Осылайша, Үкіметтің қаулысымен былтырғы жылы «Бірлік пен келісімнің 30 жылы» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.

Жалпы, тұрақтылық пен бейбітшіліктің жаршысына айналған ұйымның мерейлі белесін мерекелеу аясында 200-ден аса іс-шара ұйымдастырылады деп күтілуде. Бірақ бүтін ел үшін маңызды датаны атап өтуде ысырапшылдық пен артық шығынға жол берілмек емес.

Керісінше, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға және мәдениетті дамытуға ықпал ететін жобаларға ерекше мән беріледі. Ең бастысы, Қазақстан халқының бірлігі мен мемлекетіміздің тұрақты дамуы жолындағы жүйелі жұмыстар жалғасын тауып, үш онжылдықтағы толағай табысымыз арта түспек!

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар