«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көкпар неге ережеге бағынбай барады?

Көкпар неге ережеге бағынбай барады?
Ашық дереккөз
Жақында Жуалы аудандық сотының шешімімен төрт көкпаршыға айыппұл салынды. Нақтырақ айтсақ, биылғы жылдың наурыз мерекесі қарсаңында Бауыржан Момышұлы елді мекенінің жанындағы алаңда өткен көкпарда серкеге таласқан жігіттер қызуқандылыққа салынып, бір-бірімен ерегісіп, боқтық сөздер айтып, тіпті жаға жыртысуға дейін барған көрінеді.

Сот отырысы кезінде көкпаршылар кінәларын толық мойындап, артық әрекеттеріне өкінетіндерін білдірді. Сот олардың әрқайсысына 78 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Жуалы ауданында осының алдында да қаңтар айында өткен көкпар да дәл осылай айқай-шумен аяқталған болатын.

Жалпы алғанда ауыл-аймақта өтетін көкпарлардың шектен шығып, жұрттың жүрегін ұшырып жатқаны бір бұл емес. Әлеуметтік желілерде мұндай видеолар өте көп. Мысалы, биылғы жылдың 22 наурызында Алматы облысында өткен көкпарда атқа мінгендер үлкен трассаға шығып кетіп, көлік қозғалысын тоқтатып тастағанын телеканалдар көрсетті. Тіпті жақында көкпар аттарының жеңіл көліктердің үстіне шығып кетіп, әйнегін талқандап, аттардың қанжоса болып жараланғанын әлеуметтік желілерден көріп, жағамызды ұстадық. Бірақ бұл видеолар қырғыз елінде орын алған екен.

Осыдан кейін ауыл-аймақта өтіп жатқан көкпарлардың да өз ережесі, тәртібі болуы керек қой деген ойдың туындайтыны рас. Әрине, ортасында төрешісі бар, бәрі тәртіпке бағынып, ережемен өтетін додаларда мұндай келеңсіздіктер орын алмайды. Сұмдықтың бәрі ауыл-аймақта өтіп жатқан көкпарларда орын алуда. Не төрешісін тыңдамайтын, не тәртіпке бағынбайтын, додаға түскен көкпаршыларының саны, шет-шегі жоқ, атқа мінгеннің бәрі серкеге жармасып, ақырында ешкімге бас бермейтін көкпардың шектен шығып, адам өміріне қауіп төндіріп жатқаны жасырын емес.

Әрине, көкпар – ұлттық ойын. Ұлттық ойынымызға ешкім тосқауыл бола алмайды. Ондай ниет те жоқ. Шамасы жеткендер отбасының, әулетінің қуанышына көкпар атап, бірнеше миллион теңгелеп салым тігіп, атын шығарып жатыр.

Бірақ ауыл-аймақтарда өтіп жатқан көкпарлар қашанғы айқай-шу, төбелес, жаға жыртысумен өтеді? Көкпар деген спорт, намыс, ептілік қана емес, ел мен елдің арасын біріктіруші күш болуы керек емес пе? Жалпы, ауылдарда өтіп жатқан көкпарларда тәртіп, ереже бар ма? Тәртіп орнату үшін не істеу керек? Біздің көкпарлар қашан қауіпсіз ойынға айналады? Бұл туралы осы доданың төңірегінде жүрген жандар не дейді екен?

АТ СПОРТЫ ЖАРАҚАТСЫЗ БОЛМАЙДЫ

Күліпбай РҮСТЕМҰЛЫ, көкпардан Қазақстан Республикасының спорт шебері:

– Көкпар деген қазақтың қанына сіңген өнер. Өзім де бала күнімнен атқа отырып, 17 жасымнан көкпар тарттым. Қырық жасымнан асқанша осы өнердің қызығына берілдім. Қай жерде көкпар бар десе, сол жерге жеткенше асығатынмын. Қырғыз елінің ауылдарына да, көршілес облыстарға да талай рет бардық. Көкпардың қызығына ештеңе тең келмейді. Жастық шақта тіпті бөлек қызық қой. Намыс пен күш таласқа түседі. Қазір 65 жастамын. Әлі де көкпар десе елеңдеп, арнайы барып, қызықтаймыз. Қазіргі көкпар өзгерген. Үлкен көкпарлардың төрешілері, өз ережесі бар. Сол ережеге бағынуға тиіссің. Бағынбасаң сары қағаз көрсетіп, тағы тәртіп бұзсаң қызыл қағаз беріп, ойыннан қуып шығады. Яғни, балағат сөз айтқанға, қамшы сілтегенге ауыр жаза бар. Ойынға кедергі келтіргендерді де тезге салатын тәртіпті қадағалаушы топтар бар.

Алайда ереже болсын-болмасын, көкпарда қол да сынып жатады, аяқ та зақымданып жатады. Себебі көкпар сызылып отыратын өнер емес. Мұнда намыс, жігер, күш сынға түсіп, өңкей білектілер тайталасып жатады. Қазіргі таңда Тараз қаласының маңайында және Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандарында өткен көкпарлар арнайы ережеге сай ұйымдастырылады.

Рас, салымға ірі көлемде ақша, дүние тігетіндер бар. Мен де 35 жыл тартқан өнерімнен ештеңемді аямай 7 миллион теңге тігіп, көкпар бердім. 10 15 миллион теңге тігіп те көкпар беретін азаматтар бар. Өткенде «Атшабар» алаңында өткен көкпарды Алматыдан келген бір үлкен кісі тамашалады.

Соңында толқып: «Мен қазақтың рухы қайда деп ойлаушы едім. Қазақтың рухы әлі бар екен. Қазақтың рухы, намысы көкпарда екен. Мен мынандай намыс пен рухты көріп қазақтың мәңгілік ел екеніне сендім» деп көзіне жас алды. Көкпар міне, осындай өнер. Ал орталықтан алыстау Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында өткен ас-жиында 25-30 адам тартатын көкпарлар әлі де беріліп жатқан болар. Олар көкпардың ережесінен де алыстау болуы мүмкін. Жалпы, көкпарларда адам жараланған, атқа зақым келген жағдайлар жиі кездеседі. Екпінін тежей алмай аттың машиналарға соқтығысқан жағдайлар да талай тіркелген. Мұндай көкпарлар тәртіпті, ережені қажет етеді. Жалпы кез келген қазақтың баласы көкпарға қызыққаны, атқа мінгені, көкпардың көк серкесін жұлқылап тартып өскені дұрыс. Бірақ ұлттық ойынның ережесі мен тәртібі сақталғаны жөн. Әр ойынға екі-үш төреші сайлануы керек. Сол төрешілер ойынды бақылап, тәртіп пен әділдікке жауап беруі тиіс. Әйтпесе, салым, көкпар екен деп бас салып күш көрсетіп, тәртіп бұза беруге болмайды. Жылдар жылжып, уақыт ілгерілеген сайын көкпар да дамып, тәртібі мен талабы қатая түседі. Мұны ауылдың көкпаршы жігіттері де тегіс түсінеді деп ойлаймын.

ЕРЕЖЕ БӘРІНЕ БІРДЕЙ БОЛУЫ ТИІС

Ақылбек СЕЙІТОВ, облыстық көкпар федерациясы ақсақалдар алқасының төрағасы, Қазақстан Республикасының спорт шебері:

– Көкпарды біз жеті атамыздан бері тартып келеміз. Сейіт атам мен Сияқұл әкемнің белгілі көкпаршы екенін жамбылдықтар жақсы біледі. Тіпті әкемнің көкпаршы және атбегі ретінде есімі қырғыз бен қазақ жеріне кең жайылған. Сияқұлдан тараған төрт ұл баланың төртеуі де көкпаршы болдық. Яғни, көкпар ойынына терімізді төгіп келе жатқан әулетпіз. Жасыратыны жоқ, біздің жас кезімізде көкпарда тәртіп жағы төмендеу еді. Талай рет басымыз жарылып, көзіміз шықты. Аяқ, қолымыз шығып, сынып жатты. Емделіп алып, қайтадан көкпар тарттық. Жалпы, көкпарда аттан құлап, жараланып жатсаң да аяушылық танытпайды. «Көкпар кетті, серке кетті, намыс қайда?» деп қамшылап, бір-бірін таптап кете жаздайды.

Нағыз қызба адамдардың өнері ғой. Бұрын, әрине, көкпарда адам жазым болған жағдай да тіркелді. Т.Рысқұлов ауданында көкпар үстінде мылтық атқан кездер де болған. Қазір көкпардың талабы мен тәртібі өзгерген. Арнайы бекітілген ережесі бар. Сол ереже бойынша 15 күн бұрын көкпардың өтетіні хабарланады. Үлкен көкпар өтетін орынға полиция мен «жедел жәрдем» қызметі міндетті түрде барады.

Бұл ретте ең алдымен азаматтардың денсаулығы бірінші орында тұрады. Қазір белгілі кәсіпкерлер де көкпарды қолдауға көшті. Көкпарға салатын мықты аттар көбейіп келеді. 10 миллион теңгеге көкпардың жақсы атын сатып алып, 15 миллион теңге салым тігіп көкпар беретіндер бар. Оның барлығы жақсы ғой. Әйтсе де осындай көлемде қаражат тігіліп жатқан іс-шараларға тәртіп міндетті түрде керек.

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы бекерге айтқан жоқ. Біздің әулеттің ат спортына, көкпарға құмар екенін айттым. Менің үйімде де 15 ат тұр. Жаратып көкпарға мінеміз. Балаларым мінеді. Жақсы атты баптап отыру әкемізден қалған қасиет.

КӨКПАР АРҚЫЛЫ БАЛАЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУГЕ БОЛАДЫ

Нұрдәулет МОМЫНОВ, көкпар спортынан Азия чемпионы, Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы:

Көкпарды бала күнімізде есек көкпардан бастадық. Одан соң тайға мініп тарттық. Содан үлкен аттарға тақымымыз тиді. Қанымызда бар нәрсе екен, соңына түсіп кеттік қой. Қазір ат спортын басқару жағында да тер төгіп жүрміз. Кеше ғана Астанаға кеңейтілген жиынға барып, Қазақстанның көкпар федерациясының президенттігіне белгілі азамат Айдарбек Қожаназаровтың сайланғанына куә болып, қолдау білдіріп қайттық. Қазіргі таңда көкпардың бекітілген ережесі бар. Сол ережемен жүрген көкпаршының ұтатын тұстары көп. Ол құжатта көкпаршылардың амандығы, қауіпсіздігі ерекше назарға алынған.

Қазіргі таңда 100 адамнан асатын көкпаршылар жиналатын үлкен іс-шаралар құқық қорғау саласының және медицина саласының өкілдерінсіз өтпейді. Себебі көкпар болған соң, аттың үстінде желігіп ауыр сөйлеп қоясың. Артынан сол ауыр сөз үшін өкінетін сәттерің де болады. Енді, жаңа ереже бойынша тәртіп бұзған көкпаршы сары, қызыл қағаздармен жазаланып, төрешілердің «қаһарына» ұшырайды.

Ауылда өтсін, қалада, далада өтсін, үлкен көкпардың баршасы назарға алынады. Алыстағы Мойынқұм, Шу жеріне де ереже бірдей, тәртіп тең. Қазір әлеуметтік желіден түрлі видеоны көріп жүрміз. Қырғыз елінің көкпарға мінген аттары машинаны талқандап жатыр. Біздер ондай жүгенсіздік пен тәртіпсіздікке бармаймыз. Көкпар ойыны тәртіппен өтіп тұратын болады. Мынандай бір қызық нәрсе бар – талай кісілерден балаларының бұзық екенін, ата анасын жүре тыңдайтыны туралы әңгімелер естідім. Сол кісілерге «Бұзық балаңызға тай алып беріп, мінгізіп қойыңыз, риза болады. Айтқандарыңызды істейді» деп кеңес бердім.

Осыдан соң балаларына тай сатып алып бергендер болды. Солар арада 5-6 ай өткенде маған келіп алғыс, рақметін айтты. «Балама тай сатып әперіп едім, күрт өзгерді. Тайына қарап, еркелетіп, қуанып жүр. Сабағы да жақсарды. Ең бастысы, ата-анаға көңіл бөліп, жұмсасаң жүгіріп тұр, ақыл айтсам тыңдайды. Сенің берген ақылың кәдеге асты», деп қуанышын жасырмады.

Атқа құштарлығының арқасында бір қазақ баласының тәртібі түзелгеніне мен де риза болдым. Тайға мініп өскен бала тағылымды, атқа мінген азамат ақылды болады. Ат адамның серігі болса, көкпар – қазақтың намысы. Көкпар – қазақтың рухы!

ҚАЗІРГІ КӨКПАРДАН ТАЗАЛЫҚ КЕТІП БАРАДЫ

Дәулетхан БӘЗІЛОВ, көкпаршы, Талас ауданы:

– Көкпар деген – тәрбие. Ат спорты баланы шыңдайды. Біз аттан түспеген батыр бабалардың ұрпағымыз. Біздің жігеріміз бен намысымыз аттың үстінде. Атқа мінген балаға құрмет жасауымыз керек. Мен Талас ауданы, Ойық ауылының тұрғынымын. Біз қазір тай бәйге, құнан бәйге ұйымдастырып жатырмыз. Балалар тай, құнанға мініп шабады. Мақсат – ұлттық спортты дамытуға тамшыдай үлес қосу. Кешегі асық, ләңгі ойындарын балаларға қайтадан қайтару керек. Асық ойнау – мергендік, ләңгі тебу – шеберлік. Ал енді көкпарға келейін. Көкпар деген – тазалық. Таза ойын. Намысың мен күшің жетті ме, іліп әкет. Салымыңды сал.

Дегенмен де бір мәселе бар, ағайын! Салымға тігілген ақша көбейген сайын, көкпардың да тазалығы кетіп барады. Бұрын түс қайта сағат 14-те көкпар басталса, кешкі сағат 19-ға дейін бар болғаны 7 салым ғана салынатын. Ол кезде шынайы ғой. Көкпаршылар шын тартысып, нағыз озғаны салады. Солай болатын.

Бүгінде салымға 600-700 мың теңге тігіледі. Ақша аламын деп жігіттер жанталасады. Содан қазір 3-4 сағаттың ішінде 25 салым салынып жатады. Себебі ақша араласып кетті. Сол салымның қомақты ақшасын ұту үшін көкпаршылар өзара келісіп те алады. «Сен мені бөгеме, мен салайын. Келесіні сен саласың» дегендей...

Яғни, бірімен бірі тартыспай, қайта бірін-бірі қолдап, кезек кезек салым салады. Бұрын қариялар мұндай жөнсіздікті айқайлап, тыйып тұратын. Тәртіп бұзған, көкпарды күшке салып дұрыс тартпаған жігіттерді қуып шығатын.

Қазір жөнін айтатын қарияны да кездестіре алмай жүрміз. Қалай айтсақ та, көкпарда тәртіп болғанын қалаймыз. Өткенде қырғыз ағайындардың көкпарда атпен машинаны талқандап, тәртіпсіздік жасағаны әлеуметтік желі арқылы барша жұртқа тарап кетті. Бұл дұрыс тәрбие емес. Көкпар ойыны таза, тәртіппен өтуі керек. Біздің ауылда да көкпарда аттан жығылу, адамның жазым болуы кездескен. Көкпардың тәртібі мен ережесі сондықтан керек. Көкпар қанша жерден намыстың ойыны болғанымен, қауіпсіз ойын болуы тиіс.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар