«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Телеграмға түскен өтінімдердің көбісі тазалыққа қатысты

Телеграмға түскен өтінімдердің көбісі тазалыққа қатысты
Ашық дереккөз
Кешегі сенбіде Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілді.

Бұл күні облыстағы барлық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мәдениет, білім, спорт мекемелері, діни орындарда, сонымен бірге, кәсіпкерлік, туристік нысандар, ірі сауда орындары, дүкендер мен мейрамханалардың аумағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ бұл күні Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент саябағында 1000 гүл отырғызылып, Талас өзенінің бойы, «Бәйтерек» шағынауданында акция өткізілді.

«Бәйтерек» шағынауданында өткен акцияға жастармен бірге полиция қызметкерлері де өз үлестерін қосты. Мұндай акция облыстың барлық аудандарында, ауылдық округтерінде болып өтті. Облыс көлемінде іске асып жатқан көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалық айлығы аясында «TazaLike», «Таза аула», «Таза қала» «Үлгілі аула» конкурстары өткізілуде. Жамбыл облысында тұрғындардың тазалық жөнінде жергілікті атқарушы органдарға «Таза Қазақстан» акциясының ақпараттық сервисі арқылы телеграмм-ботпен өтінім беруге мүмкіндігі бар.

Телеграмм-бот ашылғалы бері жалпы 522 өтінім түскен, оның 91 пайызы орындалды. Кейбір өтінімдер жарнама бағытында болғандықтан кейін қайтарылған. Телеграмм-ботқа түскен өтінімдердің басым көпшілігі аумақтарды күл-қоқыстан тазалауға қатысты болса, бірнеше өтінім көшелерге асфальт төсеу, жолдарды тазалауға қатысты болды.

«Таза Қазақстан» – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған ұлттық жоба. Оның негізгі мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, халықты экологиялық мәдениетке тәрбиелеу. Жыл басынан бері акция аясында 350 шақырым каналдар мен арық жүйелері, 50 мың тұрғын үй аулалары мен 2,5 мың шақырым көшелер тазаланып, 5 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. 130 мыңға жуық ағаш отырғызылып, 2,5 мың ағаш бұталанды. 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумақтары тұрақты қоқыстардан тазалануда. Бұл жұмыстарға 180 бірлік техника жұмылдырылды», – деді Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Смат Сатымбеков.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жаңалықтар