«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасаған ерлігін ешкімге тіс жарып айтпайтын

Жасаған ерлігін ешкімге тіс жарып айтпайтын
Ашық дереккөз
Мен Ақжар ауылының тумасымын, ауылымның көптеген тарихының куәсімін. 85 жастамын. Майдангердің перзентімін. Ұлы Отан соғысында шейіт болған отандастарымыздың рухы шат болғай!

Осы мақаланы жазу арқылы Ақжар ауылынан шыққан жауынгер Үмбетқұл Жиенбаев туралы айтуды өзіме парыз санадым. Үмбетқұл 1923 жылғы болатын. Әкесі қыл қобызда өте шебер ойнайтын тума талант иесі еді. Бірнеше күйдің авторы. Анасы Күнбала 12 құрсақ көтерген кісі. Алтын құрсақты ананың бір перзенті Үмбетқұл Жиенбаев бірінші Беларусь майданында ұрысқа қатысады. Осы бағыттағы Брест, Седлец, Любминді азат етеді. 1945 жылдың қаңтар-ақпан айларында Висла өзенінің бойында Висла – Одер операциясына қатысады. Екі жақтың да әскерлері сақадай сай болып, үлкен шайқас болады. Осы операция барысында ерен ерлік көрсеткені үшін Үмбетқұл Жиенбаев «Кеңес одағының батыры» атағына ұсынылады. Ол қандай ерлік екенін де таратып айтайық. Грайфенхаген қаласының оңтүстігіне таман Одер өзенінен жеделдетіп өту кезінде ефрейтор Жиенбаев үздіксіз жауған артилериялық және пуламеттік оқтың астында шапшаң қимылдап, алғы шепке бірінші болып шыққан.

Десанттық жаяу әскерін қару-жарақ, оқ дәрісімен бірге фашистер шоғыры орналасқан Вест-Одер өзенінің батыс жағалауынан өткізіп, көзсіз ерлікке барады. Өзі қасындағы ержүрек жауынгерлермен бірге жараланғанына қарамастан алға жылжып отырады. Осылайша, Кеңес әскерін өзенге тықсырып тастамақ болған жаудың сарбаздарына Жиенбаевтың аз ғана тобы қатты соққы беріп, тойтарған.

Кейінгі шайқаста Үмбетқұл Жиенбаев жараланады. Соған қарамастан 1 сардар мен 5 сарбазды Вест өзенінің шығыс жағына қауіпсіз жерге жеткізіп үлгереді. Жиенбаев бастаған сарбаздардың бұл ерлігі екі шақырымға созылған су кедергілерінен қарулы күштеріміздің жеделдетіп өтіп, алға жылжуына мүмкіндік береді. Осыншалық ерлікті бағалаған 239-ші инженерлік-саперлік батальон командирі, капитан Михаеев «Кеңес одағының батыры» атағына лайықты деп қолдау білдіріп, растаған. Алайда, өкінішке қарай сол кездегі солақай саясаттың кесірінен Үмбетқұл Жиенбаевқа «Кеңес одағының батыры» жоғары атағы берілмеді.

Тек «Қызыл жұлдыз» ордені омырауында жарқырады. Үмбетқұл Жиенбаев соғыс жылдарын жеңіспен аяқтап, елге оралды. Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) педагогикалық училищені 1950 жылы қызыл дипломмен бітіріп, 1955 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтын жаратылыстану және география пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша жақсы үлгеріммен аяқтаған. Әйгілі Мұхтар Әуезовтың, Мұхамеджан Қаратаевтың лекцияларын тыңдаған кісі. Мұнан соң өзі туып-өскен ауылының мектебінде мұғалім болып еңбек етті. Білімі теңіздей терең ұстаз болды. Ол кісі менің ұстазым.

Біздерді патриот болуға, ел мен жерді құрметтеуге тәрбиеледі. Сол 1955 жылдары көрнекі құралдарды Жиенбаев ағай ғана қолданатын. Ағайдың сабағы өте қызықты өтеді. Ол кісінің саған назар аударып, бір жылы сөз айтуының өзі үлкен қуаныш. Ұстазым Жиенбаев екеуміздің арамызда болған бір оқиғаны айтып өтейін. 6-сынып оқып жүрген кезім еді.

Бір күні сабақтың соңында:

– Бейсенов, сен сәл кідіре тұр, – деді.

– Ниязхан, Жаратушы саған өмір берсін, денсаулық берсін. Бұйырса 7 жылдықты, 10 жылдық мектепті бітіресің. Болашақта кім болғың келеді? Қандай мамандықты қалайсың? – деді.

Мен ойланбастан жауап бердім.

– Сіз секілді үлгілі мұғалім, ұлағатты ұстаз болғым келеді, ағай, – дедім.

Ағайым қасыма келіп, жүзіме ризашылықпен қарап:

– Бұл сенің соңғы шешімің бе?, – деді.

– Әрине, ағай!, – дедім.

– Мен бұл шешіміңе қарсы емеспін. Бірақ, ұстаз болу оңай шаруа емес. Ол үшін тиянақты терең білім, сапалы тәрбиеге, оның ішінде ұлттық тәрбиеге баса мән беру керек. Атамыз қазақ «Оқу инемен құдық қазғандай» деген, – деді.

Кейін мектеп бітірген кезімде де, жоғары оқу орнында білім алып жүргенімде де Үмбетқұл ұстазымның осынау сөздері есімнен шықпай, мені білім мен ізгі жолға жетелеп жүрді. Кейіннен ұстазым Жиенбаевтың жолын қуып мұғалім болдым. Біз де есейдік. Ұлы Отан соғысы туралы көптеген ақпараттардан хабардар болдық. Бірақ, Ақжар ауылынан шыққан батыр жауынгер Үмбетқұл Жиенбаевтың соғыс жылдарындағы ерлігін басқа ешбір жауынгер қайталай алған жоқ. Сонша жыл сабақ беріп жүріп, Үмбетқұл ағай майдандағы ерлігі туралы бір рет те тіс жарып айтқан емес. Не деген төзімді адам. Ағайдың алдынан білім алған ауыл балалары ішінде ғылым жолына түскендер аз емес.

Тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Шымырбай Нартбаев бастаған тізімді жалғастыра беруге болады. Батырдың екі қызы жоғары білім алып, білікті маманға айналды. Бірі әке жолын қуып, ұстаздықты таңдаса, екіншісі – дәрігер. Олардан немере, шөберелер бар. Енді менің бір ұсынысым бар.

Кезінде ерен ерлігімен лайықты болып тұрса да «Кеңес одағының батыры» атағын ала алмаған Үмбетқұл Жиенбаевқа Байзақ ауданы аумағынан, мүмкін болса Ақжар ауылынан бір көшенің атауы берілсе. Бұл Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай керемет оң шешім болар еді.

 

Ниязхан БЕЙСЕНОВ

 еңбек ардагері.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар