
Патриоттық тәрбиені мақсат еткен іс-шара алдымен мектеп жанындағы «Жас патриоттар» аллеясының ашылу салтанатымен басталды. Аллеяның ашылуында сөз сөйлеген мектеп директоры Құралай Үкібаева мектеп оқушылары Қазақстан Республикасының ұлттық ұланы «Жас бүркіт» әскери-патриоттық қозғалысының қатарына қосылғанын айтты. Игі істің басында жастарға ауылдық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, ардагер-ұстаз Мейрамбек Мамасеріков бата беріп, елдің амандығын, мемлекетіміздің өркендеуіне тілектестігін жеткізді. Аллеяның ашылу лентасын Amanat партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ерғали Әбуғали мен ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қайрат Тасболатов қиды.
Жиынға қатысушылар аллеямен танысып, жаңа істің ізгіліктерге бастамашы болуын тіледі. Салтанатты шара акцияның практикалық бөлімімен жалғасын тапты. Онда «Жас сақшы» әскери-патриоттық қозғалысының оқу сыныбының саптық дефиле элементтерінің көрінісі көрсетілді. Сонымен қатар, «Жас бүркіт» ұлттық ұлан әскери-патриоттық қозғалысының мүшелері салтанатты шерумен өтіп, қоян-қолтық күрес көріністері қойылды.
Патриоттық тақырыптағы екпінді әуенмен сап түзеген жастардың шапшаң әрі шебер қимылдары көрген жанды жігерлендіріп, жүректерде отаншылдық рухты оятты. Жиынға қатысушылардың шабыттанғаны қол соғып, құрмет көрсеткендерінен байқалды. Ал, жиынның негізгі бөлімінде «Жас бүркіт» тик-ток хаусы ашылды. Ашылу лентасы қиылып, қатысушылар ішке енгеннен кейін, жаңа бастаманың жұмысымен таныс болды. Мектептің мәжіліс залында жалғасқан шарада Құралай Сқаққызы баяндама жасап, мектепте жастардың сезімі мен танымында патриоттық құндылықтарды, көзқарас пен сенімді ұялату мақсатында ауқымды шаралар атқарылып жатқанына тоқталды. Жас патриоттар академиясынан жақсы нәтижелер күтетінін жеткізді.
– Қазіргі таңда заманауи жағдайда өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбиені насихаттау арқылы патриоттық тәрбиелеудің бірыңғай жүйесі қалыптасып келеді. Жас патриоттар академиясының ашылуы да осының бір парасы. Amanat партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанаты да туған елді сүйіп, оның мүддесі үшін аянбай еңбек етіп, қажет кезде ерлік көрсетуге шақыратын бірқатар іс-шараларды ұйымдастырып жүр. Отансүйгіштік қасиет қоршаған ортасына деген қамқорлықтан басталады. Елжандылық тек соғыста көрсетілмейді, табиғатты күтіп, айналаға тазалық жұмыстарын жүргізіп, жасы үлкенге құрмет көрсетіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу да Отан алдындағы перзенттік парызды өтеудің бір түрі. Бала кезден осындай істерге араласқан жасөспірім ер жеткенде Отанының тыныштығын күзетудегі әскери борышын өтеуге де ықыласты болады деп білемін, – дейді Amanat партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының атқарушы хатшысы Ерғали Әбуғали.
Жиын барысында 5513 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, подполковник Бауыржан Қансеитов, Генерал-майор, Ауған соғысының ардагері Әлімжан Ерниязов, Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы бойынша Кеңес төрағасы, полковник Равиль Тартыков, Жамбыл облысының Қазақстан халықтар ассамблеясының медиаторы, Жамбыл облысының әкімдігі білім басқармасы жанындағы білім беру ұйымдарының медиаторлар кеңесінің төрағасы Ғайни Көшекбаева сөз алып, академияның алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, Жамбыл облысы интернационалист жауынгерлер одағы қоғамдық бірлестігінің орынбасары Марат Төртбаев мектеп директоры Құралай Үкібаеваға «Қазақстан патриоты» төсбелгісін тақты. Әскери-патриоттық акциясы аясында өткізілген іс-шара Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» белгісінің иегері, облыстық білім бөлімінің өкілі Гүлзира Лесбайқызының қорытынды сөзімен аяқталды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді