«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Балық пен көкөніс өсіруге арналған

Балық пен көкөніс өсіруге арналған
Автор
Ғасырлық тарихы бар Құлан агротехникалық жоғары колледжі – еліміздегі ең алғашқы кәсіптік білім ордасы. Бастапқыда Орынбор қаласынан өлкелік ветеринарлық және зоотехникалық техникумды ашу мәселесі Қазақ АССР-ның Егіншілік халық комиссариаты коллегиясының 1923 жылғы 18 шілдедегі отырысында қаралады. Сол отырыста техникум ашу шешімі қабылданып, оқу орны жас маман даярлауды бастайды.

Кейін 1926 жылдың 24 маусымындағы Қазақ АССР ның Халық комиссарлар кеңесі отырысының шешімімен техникум Орынбор қаласынан Алматы қаласына көшіріледі. Ал, Әулиеата, яғни Жамбыл қаласына 1930 жылы ауыстырылып, Әулиеата ветеринарлық-зоотехникалық техникумы деп аталған. Осыдан соң да бірнеше рет көшіріліп келген техникум 1963 жылдың 23 сәуірінде Қазақ ССР-ның Ауылшаруашылығы министрлігінің №93 Бұйрығымен Луговой ауылына, қазіргі Т.Рысқұлов ауданының орталығы Құлан ауылына көшіріледі. Сол уақыттан бері колледж ауылшаруашылығының бірнеше мамандарын кәсіби оқытып, дайындап келеді. 2020 жылы жоғары колледж статусын иеленген оқу орны «Құлан агротехникалық жоғары колледжі» деп атауын өзгертті.

Осындай бірнеше тарихи өзгерістерді өткерген оқу орны 100 жылдықты шаруашылық пен білімге қажетті мәселелерді талқылайтын ғылыми конференциямен атап өтті. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылып, «Ауыл шаруашылығының тұрақты даму факторы ретінде аграрлық ғылым мен кәсіптік білімнің сабақтастығы» тақырыбымен өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға Қырғыз бен Өзбекстан Республикаларынан, еліміздің таңдаулы жоғары және орта оқу орындарынан ғалымдар, колледждің ардагер мұғалімдері мен әр жылдардағы түлектері қатысты. Облыстық білім басқармасы мен облыстық жергілікті білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымымен бірлесе ұйымдастырылған конференция агротехникалық білім мазмұнын жаңартуда ауыл шаруашылығының тұрақты даму факторы ретінде аграрлық ғылым мен кәсіптік білімнің сабақтастығын ұштастыруды мақсат етті.

Халықаралық ғылыми тәжірибелік конференция аясында колледжде балық және көкөніс өсіруге арналған акважылыжай және ветеринария ғылымдарының кандидаты Бармақ Орынбаев атындағы кабинет, колледждің ғасырлық тарихына арналған мұражай салтанатты түрде ашылды. Ауыл шаруашылығын дамытудағы мәселелерді көтерген бірнеше баяндамалар оқылып, сала мамандарын жаңа заман сұранысына лайықты етіп даярлау жолдары талқыланды. К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті жанындағы Султан Ибраимов атындағы агротехникалық колледжінің директоры Тұрсынбек Курманкулов, Ташкент мемлекеттік аграрлық университеті жанындағы Зангиатин агротехнологиялық техникум директоры Магфура Муратова, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінен келген Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Сәрсенбай Абдрахманов, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС-нің бас директоры, ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор, әл Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мархабат Қасенов, «MVA Group ғылыми зерттеу өндірістік орталығы» ЖШС нің бас директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Айдар Намет, «Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми зерттеу институты» ЖШС-нің бас директоры Аслан Керімбаев, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінен келген Ветеринария ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжасар Сидихов, «MBA GROUP» ЖШС ғылыми зерттеу және өндіру институтының өкілі, ветеринарлық ғылымдар кандидаты, профессор, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхит Орынбаев баяндамаларын ұсынды.

Конференция шеңберінде колледж «MVA Group ғылыми зерттеу өндірістік орталығы» ЖШС-мен, «Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринариялық институты» ЖШС мен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық және өзара іс қимылды ұйымдастыру туралы шартқа тұрды. К.И.Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университеті жанындағы Султан Ибраимов атындағы агротехникалық колледжі, Ташкент мемлекеттік аграрлық университет жанындағы Зангиатин агротехнологиялық техникумымен Халықаралық ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды. Конференция қорытындысы шығарылып, баяндамашылар облыс әкімдігі білім басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Іс-шараға қатысқан колледж ардагерлеріне, қонақтарына, түлектеріне, педагогтеріне «Құлан агротехникалық жоғары колледжіне 100 жыл» медальдері табысталды.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА.

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар