
«HR FORUM & JOB FAIR: Жас мамандарға жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өткен форум екі күнге жалғасты. Университет түлектері мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтып, жас мамандарды еңбек нарығына бағыттауды, аймақтық кадр саясатын жетілдіруге үлес қосуды мақсат еткен форумда ашық сұхбат жүргізілді. Педагогикалық және өндірістік бағыттағы сала мамандары, мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері мен жұмыс берушілер студенттермен және түлектермен ашық пікірлесіп, еңбек нарығындағы нақты сұраныстар мен кәсіби бағдар мәселелерін талқылады. Мақсаты биік іс-шараның салтанатты ашылуында университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков сөз сөйлеп, форум жұмысының нәтижелі боларына сенім білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі форум – университет пен жұмыс беруші арасындағы байланысты нығайтып ғана қоймай, жастардың кәсіби болашағына бағыт бағдар беретін маңызды алаң. Біздің түлектер – ел болашағына жауапты буын. Бұл шара – жас түлектер мен студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер алаңы болып, өздері таңдап, білім алған мамандық бойынша жұмыс табуларына бағыт көрсетеді. Форум аясында түрлі саладағы жұмыс берушілермен тікелей байланыс орнатылады. Жас мамандар бос жұмыс орындары мен тағылымдамалар туралы ақпарат алды. HR саласындағы үздік мамандардың тәжірибесімен танысып, олардың кеңесін тыңдайды. Университет түлектері үшін мансап жолындағы алғашқы қадам осындай маңызды кездесулерден басталады деп білемін, – деді Мағметғали Нұрғалиұлы.
Алғашқы күні педагогикалық бағыт бойынша өтіп, оған аймақтық білім беру саласының жетекшілері мен тәжірибелі мамандар қатысты. Облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ләззат Кзылкулова жас мамандарды қолдау — аймақтың басты басымдығы екенін атап өтті.
– Бұл форум – жас мамандармен тікелей тілдесіп, олардың көзқарасын, сұранысын естуге мүмкіндік беретін ашық алаң. Жас педагог – білім сапасының тірегі. Сондықтан, біз әрбір жас маманға нақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір білім беру мекемелерінде жас мамандарға тәжірибелі мұғалімдер бағыт-бағдар көрсетіп, білгенімен бөлісіп отырады. Бұл байырдан қалыптасқан үрдіс, әлі үзілген жоқ, – деді Ләззат Әбілдақызы.
Университеттен педагог мамандығын алып шыққан түлектерді мектептерге бағыттау, тәжірибеден өткізу, бірлескен жобалар ұйымдастыру мақсатында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті мен облыс әкімдігінің білім басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Еңбек мобильдігі орталығының Тараз қаласы бойынша Мансаптық орталық филиалының уақытша жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы Динара Баянова, «Отбасы банк» акционерлік қоғамының облыстық филиалының бас кеңесшісі Ардақ Абдибаева, подполковник, ҚР ҰҚК ШҚ Жамбыл облысы бойынша департаментінің тәрбиелік, идеологиялық және кадрлық жұмыстары басқармасының бастығы Жанат Андасбаев та өз салалары бойынша жас мамандарға көрсетілер қамқорлық туралы мәлімдеді. Осы кездесуде жұмыс берушілер білім беру жүйесіндегі кадр тапшылығы, ауыл мектептеріне маман тарту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы және білім сапасына қойылатын жаңа талаптар жөнінде сөз қозғады. Студенттермен бетпе-бет сұхбаттасу алаңында тәжірибелі педагогтер мен басқарма өкілдері жас мамандарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалармен де таныстырды. Форумға бүгінде жемісті еңбек етіп жүрген университет түлектері де келді. Солардың бірі – облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары, ақын Медеу Мырзатай.
– Менің жолым осы университет қабырғасынан басталды. Жас маманға ең керегі – сенім мен мүмкіндік. Бүгінгі форум – дәл сол екі ұғымды біріктіріп отыр, – деген Медеу Мырзатай ізінен ерген іні-қарындастарына мотивациялық ой тастады.
Содан соң оқу орнының үздік студенттері – Президент стипендиясының иегері Ердәулет Әбдіхалық пен Шерхан грантының иегері Данабек Мұратов өз жетістіктерімен бөлісіп, қатарластарын келешекке сеніммен қадам басып, білім іздеуде еңбектенуден жалықпауға шақырды. Форумның алғашқы күніндегі жұмысы меймандарға Алғыс хаттар табыстаумен қорытындыланды. Педагогикалық кадр саясаты, кәсіби бағдар және еңбек нарығымен байланысты тақырыптар кеңінен талқыланған бұл күн университеттің соңғы курсын оқып жүрген болашақ мамандар үшін маңызды тәжірибе мен нақты бағдар бергені анық. Форумның екінші күні техникалық және өндірістік бағыт бойынша өз жұмысын жүргізіп, Жамбыл облысы бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев, «Қазфосфат» ЖШС бас директорының кеңесшісі Батырбек Құлекеев, «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамының Тараз филиалының директоры Бекдауыл Иптильдаев сөз сөйледі. Баяндамалар өндірістік сектордағы кадр саясаты, HR менеджмент және еңбек нарығындағы заманауи трендтер, түлектерге арналған тағылымдамалар мен бос жұмыс орындары жөнінде өрбіді. Айта кетейік, екі күндік форум аясында 30-дан астам мекеме мен кәсіпорын өкілдері қатысып, нақты жұмыс орындарын ұсынды. Жүзден астам студент пен түлек кәсіби бағдар мен кеңес алды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді