
Ауылға кіреберістегі өзен үстінен өтетін көпірге алдымен көзіміз түсті. Оның тозғанын ескерген ауылдың түлектері жаңарту жұмысын жүргізіп жатыр екен. Ауыл әкімі Бақытбек Аблазимовтың айтуынша, ауыл мектебін бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер көпірді жаңартып ғана қоймай, түнгі жарық шамдармен ауылдың аты жазылған баннерді де безендірмекші.
– Ауыл мектебін бітіргендеріне биыл 20 жыл толатын түлектеріміз әрқайсысы әр жақта жүрсе де туған ауылдың мүддесіне жұмылып, өздері бастама көтеріп, көпірді жөндеп беруді қолға алды. Негізі ауылымыздың 70 жылдығын, биыл 9 мамыр – Жеңіс күнінде өткізгелі отырмыз. Себебі Ұлы Жеңістің 80 жылдығын да ауылымыздың мерейтойымен қатар атап, мәдени-көпшілік іс шара ұйымдастырмақшымыз. Бұған мемлекет тарапынан ешқандай қаржы бөлінбейді, барлығын ауыл тұрғындары ауызбіршілікпен өздері ұйымдастыруда. Тұрғындар жиналыс жасап, ардагерлер мен қоғамдық кеңес ортақ есепшот тағайындады. Осы ауылда туып-өскен және қызмет еткен жан-жақтағы адамдарды арнайы шақырып жатырмыз. Осы ауылдың түлегі, бұрын аудан әкімі болған Асқар Қырықбаев орталық саябағымыздан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне ескерткіш салдырып жатыр. Қорағаты ауылынан соғысқа 56 азамат қатысқан, солардың бәрінің аты жөндері ескерткіш тақтаға жазылды. Бұл саябақты да бос жатқан жерден бұрындары 1965 жылғы ауыл түлектері салған болатын. Енді Асқар Санатұлы ескерткішпен қоса ішіне тақтатас төсеп, орындықтар орнатып, туя ағаштарын отырғызып, абаттандырады. Осы ескерткіш те 9 мамырда ашылады, бірақ саябақтың қоршауын күзде жаңартпақшы. Округке қарасты Аққайнар, Тойқұдық, Мамыртөбе елді мекендеріне 130 миллион теңгеге су тазартқыш КБН жүйесі жүргізіліп, сол арқылы тұрғындар таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Сонымен қатар осы елді мекендердегі электр жүйесі түгелдей ауыстырылып, бұрынғы қарағай бағаналар заманауи бетон түрімен және өздігінен жүретін оқшауланған сыммен жаңаланып жатыр. Яғни, енді жел тұрып, қолайсыз табиғи құбылыстар орын алса да электр жарығы сөнбейді. Бұл ауылдардың тұрғындары ғаламтор желісінің жоқтығына да шағымданатын. Біз өз тарапымыздан облысқа хат жазып, қазір мамандар келіп, аталған елді мекендерге ғаламтор желісін тартатын құрылғыларды орнататын жерлерді белгілеп беріп кетті. Әкімдік тарапынан жер дайындалып жатыр. Бұйыртса, биыл бұл мәселе де оң шешімін табады. Ал Қорағаты станциясынан өткен жылдың аяғында 15 келушіге арналған фельдшерлік амбулаториялық пункт жаңадан салынып, ашылды. Бір дәрігер, бір медбикесі бар фельдшерлік амбулаториялық пункт заманауи құрал жабдықтармен қамтамасыз етілген. Белгілі уақытында ауданнан дәрігерлер келіп, тұрғындарды денсаулығына байланысты қабылдап тұрады, – дейді Бақытбек Жақсымбетұлы.
Қорағаты округінің электр желілері толықтай жаңартылып, әр елді мекенді қамтитын 3 трансформатор орнатылып, сымдары мен бағаналары жаңартылыпты. Жалпы округ бойынша 1596 адам тұрады, 93 мың гектар жері бар. Мамыртөбе ауылының астындағы Шілік су қоймасындағы 5 миллион куб су игеріліп, жылда 97-100 гектарға қант қызылшасы және басқа да дақылдар егіледі.
– Аудан орталығынан Қорағаты ауылына 150 теңге жолақысымен қоғамдық көлік жүргізілді. Бұл – ауыл тұрғындарының талап-тілегі болатын. Тағы бір тұрғындар игілігі үшін жүзеге асқан іс – жаңа мешіттің бой көтергені. Осыдан 5-6 жыл бұрын ауылымыздан шыққан кәсіпкер азамат орталық мешіт салуды бастаған еді. Белгілі себептерге байланысты құрылыс кішкене уақытқа тоқтап қалған тұғын. Сол істі кәсіпкер Нұржан Әлімқұлов жалғастыруды ұсынып, маған келіп, ауыл ақсақалдарымен ақылдаса келе, істі бастаған кәсіпкерден рұқсат сұрап, жалғастырды. Нұржан Аманұлы да біздің ауылдың тумасы, қазіргі күні Қарағанды қаласында кәсіпкерлікпен айналысады. Өткен жылы жамағатқа есігін ашқан жаңа мешітіміз 120 адамға арналған, – деген Қорағаты ауылының әкімі Бақытбек Аблазимов өзге де жүйелі жүзеге асырылып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
Бүгінде ауылда ауыз су, жол мәселелерінің шешілуімен қатар, түнгі жарықтандырылуы да толықтай жүргізілген. Ауыл мектебіне станциядан күнделікті келіп оқитын және интернатта жатып оқитын үш елді мекеннің балалары үшін жаңа автобус та берілген. Қазіргі уақытта қорағатылықтар ауылдың 70 жылдығы мен Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қызу дайындық үстінде. Бұл жай той емес, ортақ мүддеге жұмылған тұрғындардың бірлігі мен ынтымағының көрінісі болса керек.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Электр энергиясын ысырап етпеудің жолы қайсы?
- 26 сәуір, 2025
Жел стансаларының болашағы жарқын
- 24 сәуір, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді