Оқушы от жалынның ортасынан қос сәбиді аман алып шықты
- author «Ақ жол»
- 24 сәуір, 2025
- 254

– Қыдырәлі бүгінгі күннің батыры, ел мақтанышы! Оның адамгершілік пен табандылыққа негізделген бұл әрекеті замандастарына ғана емес, тұтас қоғамға үлгі. Ел үмітін арқалаған жас өрендердің арасында дәл осындай ерлікке барған оқушылардың болуы – біздің болашағымыз жарқын, ел іргесінің берік екенін дәлелдейді, – деді облыс басшысы. Біз осы оқиғаға байланысты ерлік жасаған мектеп оқушысының үйінде болып, Қыдырәлі Қыздарбекпен және ата-анасымен тілдестік. Мән-жайды толық білдік. Оқиға өткен жұма күні болған. Қыдырәлі Ерболұлы ерлік жасаймын деп мүлдем ойламаған. Түс мезгілінде сыныптас ұлдармен бірге сабақтан қайтып келе жатқан. Бір кезде «Ұлы дала» шағынауданындағы көпқабатты пәтердің бірінен өрт шығып жатқанын байқайды. Сол сәтте-ақ Қыдырәлі Қыздарбек өртеніп жатқан көпқабатты үйге жан ұшыра жүгіреді. «Өрт болып жатқан пәтерге ұмтылдым, үшінші қабатқа жеткенде тынысым тарылды. Сонда да жемпіріммен бетімді бүркеп, алға жылжыдым. Өрт шыққан пәтердің есігі ашық екен. Ішінен сәби жатқан бесікті сыртқа алып шығып бара жатқанда тағы да баланың жылаған дауысы естілді. Бесікті сыртқа шығарып, қайтадан кіріп, шамамен 3 жасар баланы да сыртқа алып шықтым. Үшінші рет тағы да кірдім. Осы кезде балалардың анасын екі кісі сүйеп, сыртқа шығарып бара жатты. Ол кісі ұйықтап қалған болса керек пәтерде. Осы уақытта өрт сөндіретін машина, арнайы мамандар да келді. Арнайы қызмет мамандары келген соң, бәрінің сәтті боларына көзім жетіп, мен үйіме қайттым. Осы оқиғаның әлеуметтік желіде кеңінен тарауына мектептегі мұғалімім, сынып жетекшім Индира Уәлиханқызы үлкен еңбек сіңірді», – деді ол.
Бір айта кетерлігі, Қыдырәлі Ерболұлының текті жерден шыққандығын әңгіме арасында білдік. Жамбыл жұртшылығы ұзақ жыл өңіріміздің ауыл шаруашылығы саласын басқарған, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірқатар ауданда аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Төребай Ақжолұлы Ақбозовты өте жақсы таниды. Оның әкесі Ақжол ақсақал өз заманында мешіт салдырған, иманды кісі болған. Кіші баласының есімін Мешітбай деп атауы да көпке үлгі. Сол Ақжолдан Бертай, Төребай, Мешітбай деген үш ұл тарайды. Бертай Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр кісі болған екен. Мешіт салдырған Ақжол атаның шөпшегі, майдангер Бертайдың шөбересі – бүгінгі ержүрек бала Қыдырәлі. Ержүрек оқушының әкесін де сөзге тарттық.
«Өзім Қызылорда жақта ауысыммен жұмыс істеймін. «Камаз» көлігін жүргіземін. Демалысқа келген уақытта балаларымның қасындамын. Оларға үлкен кісіге сәлемдесіп жүріңдер, адамға жанашыр болыңдар деп айтып отырамыз. Бірақ баламның осындай қадамға барғанын естіп, бір жағынан мақтансам, екінші жағынан сәл ойланып қалдым. Ерлік жасаған жақсы. Бірақ сол сәтте менің баламның өміріне де қауіп төнді ғой. Жұбайымның есімі – Маржан. Сауда саласында еңбек етеді. Алланың берген 5 ұл-қызы бар. Үлкен қызым Сания тұрмыста, ол қыздан екі немереміз бар. Үлкен ұлым Дінмұхамед Тараз қаласы №64 мектепте математика пәнінің мұғалімі, отбасылы. Мұхамед деген ұлы бар. Ақберен деген ортаншы балам әскерден келді. Ұлдың кішісі – Қыдырәлі. Ол бокс спортымен біраз жыл айналысқан. Ең кенжеміз – Аяна. Аяна Тараз қаласындағы №54 орта мектептің 7-сыныбында оқиды. Ол каратэ спортымен шұғылданады. Оқушылар арасында өз салмағында Әлем чемпионы. Халықаралық жарыстарда алған жүлделері көп. Перзенттің жетістікке жетуі, елдің мақтаныш тұтуы – ата-ана үшін шексіз қуаныш», – дейді ержүрек ұлдың әкесі Ербол Бертаев.
Қыдырәлі Қыздарбек Тараз қаласындағы №54 орта мектептің 10-сынып оқушысы. Аталған мектеп те Қыдырәлімен мақтанады. Мектеп директоры Сандуғаш Битөреевамен де сөйлестік.
«Кез келген мектеп біліммен қатар жақсы тәрбие де береді. Қыдырәлі Қыздарбектің бұл ісі – үлкен ерлік. Үйінен алған, мектептен алған тәрбиесінің жемісі. Мектепте үлкен жиын өткізіп, ержүрек шәкіртімізді марапаттадық. Артынан еріп келе жатқан іні қарындастарына үлгі еттік», – дейді мектеп басшысы.
Біз аталған шаңырақтан береке мен үлгі, өнеге, тұнық тәрбиені аңғардық. Былай қарағанда аса ірі оқиға болып көрінбеуі де мүмкін. Бірақ өртеніп жатқан 5-қабаттағы пәтерге жандәрмен кіріп, екі сәбиді өлімнен арашалап қалу – нағыз ерлік. Оқушының бұл шешіміне жастай спортпен айналысқаны, жылдам, шапшаң қимылдай алатыны, сенімділігі әсер еткені анық. Алла қаласа, Қыдырәлі құтқарған екі сәби өсіп-өнеді. Олар да ағаларына алғыстарын айтар. Қыдырәлі екі сәбиді ғана емес, бір әулетті қатерден қорғап қалды. Оның бұл ерлігі жоғары марапатқа лайық.
Есет ДОСАЛЫ
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Күн көсем ескерткішінің егесі кім?
- 3 мамыр, 2025
Ербол Қарашөкеев азаматтарды қабылдады
- 3 мамыр, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді