«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әріптесіміз әдеби байқаудың жеңімпазы атанды

Әріптесіміз әдеби байқаудың жеңімпазы атанды
Автор
«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығы ұйымдастырған «Шынның жүзі – Шераға» облыстық әдеби байқауының жеңімпаздары анықталды. Қазақ әдебиетінің абызы, көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармаларын насихаттауға арналған байқауға облыс аумағынан 16-25 жас аралығындағы жас қаламгерлер шығармаларын ұсынып, өзара бақ сынасты.

Әдеби байқау ережесіне сәйкес үміткерлер екі номинация бойыша бақ сынады. Бірінші номинацияда – Шерхан Мұртазаға арналған немесе оның шығармалары төңірегінде жазылған үздік мақала, эсселер ұсынылса, екінші номинацияда Халық жазушысына арналған поэзиялық шығармалар қабылданды. Үміткерлердің туындыларына ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бекет Момынқұл, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің журналистика және филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев, облыстық «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт, Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының бөлім меңгерушісі Асылжан Шәйділдаев, сондай-ақ осы орталықтың «Шерхантану» бөлімінің меңгерушісі Мадияр Ералыұлы сынды қазылар алқасы төрелік етіп, әділ бағасын берді.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік мақала, эссе» аталымы бойынша облыстық «Aq jol» газетінің аға тілшісі Нұрболат Аманбек үздік деп танылып, бірінші орынды иеленді. Екінші орын Меркі ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы №20 мектептің 10-сынып оқушысы Ұлдана Махтабайға бұйырса, үшінші орынды Жамбыл ауданы, Ащыбұлақ ауылындағы Қ.Сартаев атындағы орта мектептің 10-сынып оқушысы Маржан Садубай жеңіп алды. Екінші аталым, яғни поэзия жанры бойынша М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 4-курс студенті Аят Бәтей топ жарып, бірінші орынды иеленді.

Екінші орынға Жуалы ауданынан Санжар Даярбек, ал үшінші орынға Байзақ ауданы, Н.Киікбаев атындағы мектеп гимназиясының 10-сынып оқушысы Айжан Жиенғали лайық деп танылды. Марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға арнайы Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтары табысталды. Сондай-ақ, байқауға белсене қатысқан жастар мен олардың жетекшілеріне ынталандыру сыйлықтары мен жаңа кітаптар табыс етілді.

Салтанатты іс-шарада сөз алған қазылар алқасының төрағасы Бекет Момынқұл әдеби байқаудың жас ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы зор екендігіне тоқталды.

– «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында, өнер мен сөз құдіретін, поэзия мен прозаның құндылығын түсінетін жас шығармашылық өкілдерінің арасында ұйымдастырылған «Шынның жүзі – Шераға» облыстық әдеби байқауының мазмұны мен маңызы, берер рухани азығы мол. Осындай әдеби байқаулар арқылы біз ойы ұшқыр, қаламы жүйрік жас талант иелерін танып біле аламыз. Сондықтан да берері мол мұндай әдеби дүниелерді ұйымдастырып, қазақтың мақтанышына айналған Шерағаның шығармаларын насихаттап жүрген «Руханият және тарихтану» орталығына алғысымызды білдіреміз», – деді Бекет Момынқұл.

Айта кетейік, аталған әдеби байқауға 50-ге жуық үміткер өз шығармалары мен еңбектерін ұсынған болатын. Олардың жартысы – мектеп оқушылары мен студенттер болса, қалғандары – әдебиет, өнер және білім салаларында еңбек етіп жүрген жас ұстаздар.

Рухани құндылықтарды насихаттап, жастарды әдебиетке баулуға бағытталған «Шынның жүзі – Шераға» байқауы алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізіліп, кең ауқымды әдеби жобаға айналмақ.

 

«Aq jol»-Aqparat

Ұқсас жаңалықтар