«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тұңғыш инклюзивті кітаптың тұсауы кесілді

Тұңғыш инклюзивті кітаптың тұсауы кесілді
Автор
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында биылғы «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында ашылған «Kitap Time» оқырман клубының кезекті жиынында инклюзивті кітаптың тұсауы кесілді. Инклюзивті 4 форматтық кітапты облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы алғашқылардың бірі болып шығарып отыр.

Тараз қаласындағы Deshti club house коворкинг орталығында өткен оқырмандар жиынында Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты талқыланды. Жазушының ғұмырына шолу жасалып, оқырмандар хикаяттан алған әсерімен бөлісті.

– Кітапхана – ата-бабамыздан қалған ойлы сөздер мен тағылымды тәрбиенің басын тоғыстырып, қазіргі заманғы өркениетпен әспеттейтін киелі рухани орда. Бұл клуб қазіргі жастардың интеллектуалды деңгейін өсіруге және білімге құштарлығын оятуға, өзін өзі дамытуға деген ұмтылысқа жетелейді. Еліміздің болашағы жарқын болу үшін, ең алдымен ұрпағымыз білімді, рухани деңгейі жоғары болуы қажет. Жалпы клубқа өлкеміздің қаламгерлерін, қоғам белсенділерін және жастарды тарту көзделген. «Kitap Time» оқырман клубының жиынында зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған брайль қаріпіндегі «Тазының өлімі» хикаятын әзірлеген кітапханашы Ербол Бегимов басқосуға келген дарынды балаларға арналған IT лицей-интернатының оқушыларына хикаятты жазып шығу барысындағы әсерімен бөлісті, – дейді аталған арнайы кітапхананың кітапханашысы Меруерт Сайлаухан.

Оқырмандардың жиынына қатысқан жасөспірімдер «Тазының өлімі» хикаяты туралы ойларын ортаға сала отырып, көркем әдебиет туралы да пікір алмасты. Бұл клубтың негізгі мақсаты да қазіргі әдеби үдеріске серпін беру, жастарға кітап арқылы ойлау, армандау көкжиегін дамыту, ғылым мен білімге деген қызығушылықтарын ояту болатын. Бір-бірінің әсерлі әңгімесін тыңдаған қатарластары өздері оқыған өзге әдеби туындылар туралы да пікірлерін айтысты.

Кітапхананы рухани құндылықтар сақталған интеллектуалды шығармашылық ортаға айналдыруды көздеген клуб өз жұмысын мақсатты жүргізіп келе жатқанына біз де көз жеткіздік. Бұл жұмыстың астарында жастардың кітап оқуға деген құштарлығын арттырумен кітапсүйер қауымның қатарын көбейте отырып, жасөспірімдердің бос уақыттарын мазмұнды өткізуге жаңашылдық іздеу мұраты да бар.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар