
Биыл осы бірегей институттың 30 жылдығы жыл бойына мерекеленіп, тойланбақ. Қоғамда адами құндылықтарды, мейірімділікті, достықты, ризашылықты, азаматтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін ілгерілету арқылы қазақстандық бірегейлік пен халық бірлігін нығайту және дамытуға басты назар аударылып отыр. Құрылғанына 30 жыл толған конституциялық институт Тәуелсіздік жылдарындағы толағай табыстардың бастауынан табылып, ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқын берекелі еңбекпен ел ырысын арттыруға жұмылдырып келеді.
Бірлігі жарасқан, ымыралы күн кешкен, ежелден достықтың тұғырлы ордасы, бүгінде миллионнан астам тұрғынды бауырына басқан Жамбыл облысында 87 этнос өкілдері тұрады. Өңірлік Ассамблея тарихы Қазақстан халқы Ассамблеясының қалыпқа енуі бірнеше мәдени бірлестіктер құрылуынан басталды. Алғашқылар қатарында өз қызметін грек, өзбек, тәжік, ұйғыр, дүнген, кәріс, шешен ингуш, орыс, түрік және күрді орталықтары бастады. Облыстағы этно-мәдени бірлестіктердің қызметін үйлестіруді өңірлік Ассамблея хатшылығының меңгерушілері жүзеге асырды.
Ассамблеяның этносаралық және конфессияаралық бірлік пен келісімде өмір сүре білуді, ұлттық салт дәстүрлерді, ана тілдерін жаңғыртып, дамыта беруді этно-мәдени бірлестік пен хатшылық бірлесе ұтымды атқара білді. Ұйымшыл топтың бастамасымен 2005 жылы Таразда алғашқы рет Достық үйінің салтанатты ашылуы өтті. Ал, 2013 жылдың 26 желтоқсанында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды.
2014 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын салтанатпен атап өту аясында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені аумағында бірегейлі сәулет үлгісімен салынған ерекше ғимарат – Достық үйі пайдалануға берілді. Содан бері күмбезді шаңырақ өз жұмысын ойдағыдай атқарып келеді.
Бүгінде облыс орталығындағы Достық үйінде этно-мәдени бірлестіктердің әлеуетін дамыту арқылы этносаралық келісімді қолдау бағытында маңызды жұмыстар атқарылуда. Әр өңірдегі этностардың көптігі – сол облыстың этносаралық қатынасының ерекшелігі болып табылады. Ал аймақта Қазақстан халқы Ассамблеясы қанатының астына топтасқан 41 этно-мәдени бірлестік қоғамдағы сан қырлы мәселелерге үн қатып, бейбітшілік пен татулықтың орнауына үлес қосып келеді.
Облыстық Ассамблея жанында ғылыми-сараптамалық топ, «Ақсақалдар» және «Аналар кеңесі», этномедиация кабинеті, Журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, этнос жастарынан құралған «Достық» театры жұмыс істейді. Аймақтағы этносаралық ахуалды тұрақтандыру бойынша «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» үш ірі пилоттық жобалармен жұмыс жүргізілуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жобасы республикалық деңгейде кеңінен бағаланып отыр. Бұл жобаның ең басты мақсаты – облысты мекендейтін барлық этнос өкілдері арасындағы татулық пен берекелі бірлікке сызат түсірмей, оларды алаңдататын өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығару және оны тез арада шешуге негізделген. Екі жылдан бері этносаралық тәуекелдің алдын алу мақсатында облыстық «Достық керуені» жобасы іске асырылуда.
Былтырғы жылы этностар жиі орналасқан 5 ауданда ұйымдастырылып, Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің 12 отырысына 1200 тұрғын, ұлттық ойындар спартакиадасына 15 команда, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезеңіне 30 үміткер қатысты. Сонымен қатар, Ассамблея жастарына қатысты да былтырғы жылы облыстық іс-шараларға және республикалық «Менің елім, Менің Қазақстаным!» тимбилдингіне 200 жас тартылды. Бұған қоса, Сыр өңірінде өткен республикалық жастар форумына да біздің «Ассамблея жастары» республикалық және өңірлік қоғамдық бірлестігі жетекшісі Хамида Турдыева бастаған жастарымыз қатысып келді. Форум аясында Байқоңыр ғарыш айлағында экскурсия өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық таңбасы бейнеленген ту алғаш рет ғарышқа көтерілді.
Сондай-ақ, өңірлік жобалар аясында облыстық этно-мәдени бірлестіктер мен аудандық этностардың диалогына негізделген этностардың мәдениеті мен дәстүрі күндері және бүлдіршіндерге ойын алаңшалары ұйымдастырылды. Жалпы, жобалар аясында өткен 37 шараға 5000-нан аса адам қамтылды.
Сондай-ақ, «Достық керуені» жобасымен Түркістан облысына сапар ұйымдастырылып, ассамблея құрылымдарымен тәжірибе алмасып қайттық. Мемлекетіміздегі ұлттық саясат төңірегіндегі ұсыныстар мен ұсынымдарды қамтуда 1995 жылдан бастап елімізде дәстүрлі түрде ҚХА сессиялары өтіп келеді. Әрбір сессияда мемлекет өміріндегі өзекті мәселелер талқыланып, келелі шешімдер қабылданады. Былтырғы сессия шешімдерін іске асыру мақсатында 13 арнайы жоба бекітіліп, сол бойынша жұмыс атқарылуда.
«Біртұтас қоғам: келісім және сенім» республикалық пилоттық жобасы 2024 жылы облысымыздан бастау алды. Жобаның мақсаты – этноорталықтарды қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға тарту. Жоба аясында этно-мәдени бірлестік өкілдерінің, медиаторлардың қатысуымен 8 ауданда және Тараз қаласында, ХҚКО-да ашық есік күндері, тұрғындармен кездесулер түрінде 25 шара ұйымдастырылып, 1000-нан аса адам қамтылды. Сондай-ақ, сессия аясында Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының этномедиация саласындағы іс тәжірибесін республика көлемінде тарату тапсырмаларына сәйкес «Елдесу мен татуласу» жобасы аясында 2024 жылы Маңғыстау облысының делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында Жамбыл жеріне арнайы келіп, үздік жұмыстарымен танысты.
Бұған қоса, өңірлік Ассамблея мемлекеттік тілді меңгеруді ілгерілету, мәртебесін көтеру тәрізді маңызды салаға да атсалысуда. Қазақ тілін өздерінің екінші ана тілі санап, сөйлеуді мәртебе көретіндер қазақ тілді қоғамды қуантып қана қоймай, тіліміздің келешегі зор екенін айғақтай түседі. Бұл мақсатты елімізде мемлекеттік тілді дамытып, оны этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыруда «Мәміле», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» жобалары жүйелі жұмыс істеп, нәтижесін беруде.
Бүгінде өңірде мемлекеттік тілді еркін меңгеру арқылы қызметте жетістікке жеткен 71 спикер пулы қалыптастырылып, оның 15-і республикалық реестрге енгізіліп отыр. Көпмәдениетті ортаны дамыту тапсырмасы бойынша аймақтық ҚХА жанынан «Достық» театры құрылған болатын. Құрамында дүнген, өзбек, қарашай-балқар, орыс, неміс, түрік этностарының жастары бар. Жетекшісі – облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары Асқарбек Сейілханов. Жастар театры Ш.Мұртазаның «Интернат наны» және М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» қойылымын сахналады. «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты облыстық драма үйірмелері фестивалінде 1 орынды иеленді. Қазіргі күні Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арнап С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» қойылымын дайындауда.
Ұлттық құндылықтар ұлттың баға жетпес қазынасы екенін ескерсек, осы бағытта «Елтану» мәдени ағартушылық жобасы аясында Достық үйінде құнды жәдігерлердің бірі – алты қанатты киіз үй жарты моделі, яғни «Алтын шаңырақ» алаңшасы ашылды. Аталмыш жоба шеңберінде «Ұлттық киім құндылықтары – ұрпаққа мұра» және «Ұлттық бас киімдер әлемі» атты этнос өкілдерінің ұлттық киімдер экспозияциясы мен бас киімдер экспозициясы ашылып, өз жұмысын бастады.
Жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісім қағидаттарын орнықтыру арқылы қазақстандық қоғамның мәдени әралуандығын қамтамасыз ету, этнос өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастыру, этносаралық келісімнің қазақстандық моделін ілгерілету бағытында өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан былтырғы жылы барлығы 1219 іс-шара өткізіліп, оған 114 200 адам қамтылды. Оның ішінде «Рождество», «Масленица», «Пасха», «Песах», «Славян жазбасы мен мәдениеті күні», «Сабан той», «Сумаляк», этностардың тілі, мәдениет және салт-дәстүрі күндері, «Алғыс айту күні», «Наурыз», «Ұлттық домбыра күні», «Қазақстан халқының тілдері күні», ұлттық ойындар сайысы, «Өнерім саған, Қазақстан» этнофестивалі, бұдан өзге форумдар, көрмелер секілді іс шаралар өткізілді. Бейбітшілік пен бірліктің үздік үлгісін көрсеткен Қазақстан халқы қиналғанға қол ұшын созып, далаға дәуірлерден жеткен «тыныштық үнін» үзген емес. Қоғамда қайырымдылықты үйлестіру мәселесі де ассамблея атқаратын жұмыстардың бірі.
Өткен жылы өңірлік Ассамблея 294 миллион 170 мың теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. Осы жылдың І тоқсанында біздің тараптан «Ерікті донор», 1 наурыз – Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қайырымдылық керуені» акциясы, Наурызнама онкүндігі қарсаңында қайырымдылық шаралары ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Қордай аудандық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі 25 ақпанда депортация күні қарсаңында аз қамтылған 23 отбасына 575 мың теңгеге ет таратса, Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында «Жомарт жан» орталығымен бірлесе, өңірдегі этно-мәдени бірлестік өкілдері тарапынан аудан, ауылдарда және Тараз қаласында 810 отбасына 16 миллион 200 теңгеге азық-түлік қоржыны таратылды.
Наурыз мейрамының тұжырымдамасына сәйкес 15 наурыз –қайырымдылық күніне орай «Жомарт жан» орталығының «Сыбаға» қайырымдылық акциясы аясында Тараз қаласында аз қамтылған, көпбалалы 1 миллион 250 мың теңгеге 50 отбасына, облыстық дүнген этно мәдени бірлестігі 5 миллион теңгеге 280 отбасына, облыстық әзербайжан этно-мәдени бірлестігі 250 мың теңгеге 10 отбасына, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі Қордай ауданында 1 миллион 500 мың теңгеге 150 адамға, «Әулие-Ата» қазақ мәдени орталығы 10 отбасына 250 мың теңгеге азық түлік қоржындарын таратты. Шу аудандық этно-мәдени бірлестік өкілдері мүмкіндігі шектеулі 110 балаға қайырымдылық дастарқан жасады. Сонымен қатар, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері өмірлік қиын жағдайға тап болған, қамқорлықсыз қалған балаларды қолдау орталығына барып, «Айналайын» жобасы аясында қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, балаларға сыйлықтар ұсынды. Қасиетті Рамазан айында Тараз қаласында «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі 100 адамға 80 мың теңгеге құрма мен су, тәттілер сыйлады. Т.Рысқұлов аудандық шешен этно-мәдени бірлестігінің өкілі Сейт Хасан Ахаев иелік ететін «Ақтоған» ШҚ тұрақты түрде аудандық әлеуметтік сөрелерге макарон және ұн өнімдерін нарықтан 20-30 пайызға арзан бағамен сатылымға қойып, аудан, ауыл жұртшылығын қуантты.
Ассамблеяға жүктелген негізгі міндеттердің бірі – халық арасында мақсатты кездесулер өткізіп, мемлекеттік саясат пен қабылданған саяси шешімдерді түсіндіру және ілгерілету. Бұл бағытта облыстық ассамблея жанынан ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, оның мүшелері этнос өкілдері жинақы тұратын шағынаудандар мен тұрғын алаптарда кездесу өткізіп келеді. 30 жылдық мереке аясында ауқымды істер қолға алынуда.
Мереке аясындағы іс шаралар патриотизм, абырой, әділдік, құрмет, ізгілік, бауырмашылдық сынды асыл қасиеттерді дәріптейді. Бірлігі бекем, ынтымағы ырысты киелі Әулиеата тұрғындары бейбітшіліктің бесігі болған Қазақстанымыздың қуатын арттыруға, кемелденуіне еңбегін сарқа жұмсап, ел алғысына кенеле беретініне сенім мол.
Мүбәрак ЖИНАҚБАЕВА,
облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы
Ұқсас жаңалықтар
Доссор кентінде жаңа өрт сөндіру депосы ашылды
- 12 мамыр, 2025
Мемлекет басшысы «Отан Ана» монументіне гүл шоғын қойды
- 8 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді